Алла Тағала Өзінің жаратқан құлдарын жақсы көрсе, неге оларға жаза уәде етіп, азапталумен қорқытады?
Қасиетті Құран мен Сүннетте адамдарды ойландыру үшін дәлелдердің ақыл-ой, логикалық, тарихи, моральдық, субъективтік, объективтік және өзге де түрлері келтірілген. Құран мен Сүннет алдымен бізді ойлануға мәжбүрлеп, содан кейін ғана Тозақты есімізге түсіреді.
Бізді Жұмаққа жетелейтін құрал болып табылатын иман мен құлшылық көркем түрде түсіндіріледі. Ал күпірлік пен құлшылық етпеу көріксіз әрі иррационалды түрде көрсетіледі, алайда осыған қарамастан иман келтірмегендер сол қалпы күпіршілікте қала береді. Және де дәл осы жерде бізге нәсіп етілген толықтай ықтияр мен ақыл-ой бостандығын көре аламыз.
Кімде-кім өзінің ықтияры мен ақыл-парасатын толықтай игере алса, сол иман келтіреді, ал кімде-кім ақыл-парасатын басқара алмаса, онда ол – иман келтірмейді. Ойланып, ой түбіне жете алатын адам иман келтіреді, ал ойланауға қабілеті жетпейтін адам – иман келтірмейді. Өзін қарапайым ұстайтын жан иман келтірсе, тәкаппар адам - иман келтірмейді. Істің байыбына жетіп, дұрыс шешім қабылдайтын адам иман келтіреді, ал істің мән-жайын жете түсінбей, шала-пұла шешім шығаратындар – иман келтірмейді. Алла Тағала Өзінің жаратқан пендесіне бостандық берді әрі бостандықпен бірге иман әлеуетін нәсіп етті. Осы әлеуетті пайдаланатындар иман келтіреді де, ал пайдаланбайтындар – иман келтірмейді.
Жаратылған жаратылыстың бәрінен Өзінің ұлылығы мен мінсіздігін көрсететін Алла Тағалаға сансыз шүкірлер болсын! Қателік, қателесу — өзіне нәсіп етілген ақыл-ой, санасын дұрыс пайдалана алмайтын, лайықты түрде өмір сүре алмайтын, өзінің келешегі туралы ойланбайтын адамның пешенесіне жазылған...
Адамдардың өздері ойлап тапқан ең қарапайым жүйенің өзінде «сый» және «жаза» деген ұғымдар бар әрі бұл ұғымдар күнделікті тірлікте қолданылатын жайт. Ынталандыру мен көтермелеуден басқа ескертулер мен ықпалшаралар бар. Егер осы ұғымдар адамдардың қарапайым жүйелерінде орын алып жатса, онда он сегіз мың ғаламды жаратқан Алла Тағала бұларды неге қолдана алмайды?..
«Жаза» деген сөзден қорқатынымыз өтірік емес әрі осы сөзді естігенде біздің бойымызды үйіріп әкететін үрейімізді Алладан қорқуға емес, Тозақ отынан қорқуда қолдануымыз керек. Тек сонда ғана біз діттеген мақсатымызға жетеміз. Саналы түрде өмір сүретін жандар – Жұмақтың барлық кереметтерін көреміз деген үмітпен өмір сүреді. Ал адам баласын менсінбей, бойын тәкаппарлыққа алдырған, шүкірсіз жандарға Тозақтың әрі ондағы ауыр азаптардың барын естеріне түсіріп отыруға тура келеді.
Алла Тағала бізді жақсы көреді. Тек Өзінің сүйіспеншілігіне жауап бермей, қарсы болғандарға ғана ескертіп отырады. Оның ескертулері – сүйіспеншіліктің жеке танылуы, өйткені Ол Өз құлдарының ақиқат жолдан ауытқуын қаламайды. Сол себепті де Алла Тағала біздің бойымызға біраз қорқыныш ұялатып, жаза туралы ескертіп отыруына тура келеді.
Алла Тағаланың бізге берген шексіз нығметтеріне қарамастан адам баласы наразылық танытуын жалғастыра беретін болса, онда Ол оны жазалау арқылы тәрбиелейтін болады. Ал егер адам иман келтірмеген түрде бақилық болып, Алла алдына күпірлік еткен кейпінде баратын болса, онда ол Тозаққа мәңгіге тоғытылатын болады. Және де бұл Алла тарапынан жасалған әділдік болып танылады, өйткені бұл жөнінде Қасиетті Құран аяттарында былай келтірілген:
«Бұл қолекі істегендеріңнің сазайы. Шәксіз Алла, құлдарына зұлымдық қылушы емес» (3:182).
«…Сондай-ақ Алла оларға зұлымдық қылмады. Бірақ олар, өздеріне зұлымдық қылған еді» (16:33).
«(Мұхаммед Ғ.С.) Раббың халқы түзу болған кенттерді орынсыз жоқ етпейді» (11:117).
asyldin.kz