Алла Тағала Қасиетті Құранда былай айтқан: «Негізінде Алла (Т.) Сен олардың ішінде болғанда, оларға азап етпес әрі олар жарылқау тілегенде де Алла, оларды азап қылмайды» (8:33).
Бұл аяттың бас жағында Алла Елшісінің (ﷺ) Меккеде болғандығы айтылса, ал екінші бөлігінде Пайғамбарымыз (ﷺ) бен басқа да иман келтіргендер Мединеге қоныс аударған соң Меккеде қалған мүміндер азапқа ұшырамайтындығы айтылған.
Ал келесі аят мұны дәлелдей түседі:
«Олар сондай кәпірлер, сендерді Месжіт Харамнан және тостырылған құрбандықты орнына барудан тыйды. Бірақ егер Меккедегі сендер білмеген, мүмін ерлер мен мүмін әйелдерді сендер жаныштап, білместіктен обалына қалмайтын болсаңдар еді. (Соғысқа жол қойылар еді). Алла кімді қаласа, мәрхаметіне бөлеу үшін (осылай істеді). Мүбада мүміндер бөлінген болса еді, олардан қарсы келгендерді күйзелтуші азаппен қинар едік» (48:25).
Мұсылмандар Меккеден көшіп кеткен соң мына бір аят түсірілген: «Олар мүміндерді Месжіт Харамнан тыйып жатса, Алла оларды неге азаптамасын...» (8:34).
Аталмыш аяттар Алла Елшісінің (ﷺ) ұлылық дәрежесін дәлелдейтін аяттар болып табылады.
Мүміндер Мекке қаласынан көшіп кеткенде, Алла Тағала меккеліктерді азапқа ұшыратады, мұсылмандар оларға шабуыл жасап, жеңіске жетеді, олардың мал-мүлкін, жері мен үйлерін өз қолдарына алады.
Жоғарыда айтылған аяттың өзге де түсіндірмелері бар.
Әбу Мұса әкесі Алла Елшісінің (ﷺ) былай айтқанын келтірген: «Алла Тағала менің үмбетіме қатысты маған екі кепілдік берген. Біріншісі аят: «Негізінде Алла (Т.) Сен олардың ішінде болғанда, оларға азап етпес әрі олар жарылқау тілегенде де Алла, оларды азап қылмайды» (8:33) және екіншісі хадис: «Мен бақилық болғанда сендерге «истиғфар» қалдырып кетемін».
Бұл хадистің мағынасы мына бір аяттың мағынасына сай келеді: «(Мұхаммед Ғ.С.) Біз сені бүкіл әлемге рахмет етіп қана жібердік» (21:107).
Алла Елшісі (ﷺ) былай айтқан: «Мен сахабаларыма кепілмін». Бұл кепілдік жаңа енгізілімдер, келіспеушілік пен бүліктерге қарсы айтылғандығы келтірілген.
Ғалымдардың бір бөлігі былай айтқан: «Алла Елшісі (ﷺ) көзі тірісінде ең ұлы кепілдік болған және бұл кепілдік сүннетпен бірге ғұмыр жасайды, алайда сүннет қалай жоғалса, солай бәле мен бақытсыздықты күт».
asyldin.kz