Біздің жоспарларымыз бен тілектеріміз неліктен орындалмайды?

Біздің жоспарларымыз бен тілектеріміз неліктен орындалмайды?

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Біздің сүйікті Пайғамбарымыз (ﷺ) мүміндерге: «Ләззаттарды жоқ қылатын өлімді көп еске алыңдар!» - деп айтқан (Тирмизи және басқалар).

Сол себепті адам баласы өз өмірін ой тізбегінен өткізіп, жасаған, жасап жүрген амалдары Алла разылығын алуға лайық па деп бір сәтке болсын ойлануы керек. Немесе бойымыздағы жаман әдеттер мен әлдебір күнәлардан тезірек құтылудың жолын ойластыру керекпіз. Бірде тақуа халиф Омар ибн әл-Хаттаб (р.а.) мүміндерге мынадай бір тамаша кеңес берген:

«Ақиретте есепке алынбай тұрып, өздеріңе есеп беріңдер және Қиямет күні амалдарың таразыланбай тұрып, амалдарыңды өздерің таразылаңдар» (Ибн Касир, Муснад әл-Фарук, 2 т., 618 б.).

1. Алла алдындағы міндеттеріңізді орыңдауды бастаңыз

Алла қаласа, келесі жылдың басы Алла Тағала алдындағы діни міндеттеріңізді орындап бастаудың жақсы бастамасы болмақ, әрине, сіз оларды әлі орындап бастамаған болсаңыз. Егер сіз намаз оқуды бастамасаңыз немесе күнделікті оқылатын бес уақыт намаздың бәрін толықтай орындай алмай жүрсеңіз, онда жаңа жылда бұл мәселені тиянақты түрде қолға алуға бел буыңыз.

Егер сіздің қаза намаздарыңыз немесе қаза оразаңыз болса, олардың қазасын келесі жылы өтеуге тырысыңыз. Егер сіз зекетіңізді әлі бермесеңіз, оны беріп бастаңыз; егер қажылыққа баруды көздеген болсаңыз, қажылықтың өтелуін қазірден бастап жоспарлаңыз.

Ең бастысы, осы айтылғандардың бәрін орындау үшін жүрегіңізде нақты бір ниет болып әрі алдыңызға қойған мақсатыңызға жеткізер жоспар құрып қойыңыз. Мысалы үшін, зекетіңізді төлеуге немесе қажылық парызыңызды өтеуге қаражат жинауды бастаңыз, намаздарыңызды қаза етпейтіндей өз күніңізді тиянақты түрде жоспарлап жүріңіз және де парыз намаздарыңыздан кейін кем дегенде бір қаза намазыңызды оқып отырыңыз, егер қаза болған намаздарыңыз бар болса.

2. Тәубеге келіңіз Алла Тағала тәубені қабыл алады

Жоғарыда біз Алла алдындағы міндеттерімізді еске салып өттік. Енді өзіміздің басқа адамдармен қарым-қатынасымыз туралы айтудың реті келді. Осы өтіп бара жатқан жылдың соңғы күндерінде – адамдармен Алла Тағала қалағандай қарым-қатынаста бола алдық па, жоқ па деген сауалға жауап беріп көрейікші.

Өзімізге етене жақын – ата-аналарымызбен, жұбайларымызбен, балаларымызбен, аға-іні, апай-қарындастарымызбен болатын қарым-қатынасты алып қарайықшы. Біз оларға лайықты түрде көңіл бөле алдық па? Үйлеріне бара алдық па? Олардың тұрмыс-тіршілігіне көңіл қоя алдық па? Қолымыздан келгенше оларға қол ұшымызды бере алдық па? Оларға дөрекі сөйлеп, ашу-ызамызды олардан алып, олардың мұқтаждықтарына көз жұма қарамадық па? Туыстық қарым-қатынасты үзбеу – біздің дініміздегі ең маңызды амал:

«Алла Тағала былай айтқан: «Мен – Қайырымдымын, Мен туыстық қатынасты жаратып, оған Өз есімімнен есім бердім. Кімде-кім туыстық қатынасты үзбесе, Мен сонымен байланыста боламын, ал кімде-кім туыстық қатынасты үзсе, Мен онымен байланысымды үземін» (Табарани).

Сондай-ақ, біз көршілерімізбен, әріптестерімізбен, сыныптастарымызбен жақсы қарым-қатынаста болуымыз керек. Осы адамдардың алдында біз өз міндеттерімізді лайықты түрде өтей алып жүрміз бе? Мысалы үшін, көршілеріміздің мазасын алмадық па? Олармен себепсіз жанжалдастық па? Қызметтестеріміздің хал-ахуалына көңіл қойдық па? Оларға жылы шырай танытып, өзімізді сыпайы ұстай алып жүрміз бе?

Алла Тағала бізге аманат етіп тапсырған – денсаулық пен уақыт сияқты нығметтер алдындағы міндеттерімізді лайықты түрде өтей алып жүрміз бе? Күн тәртібін сақтап, спортпен айналысып, пайдалы ас ішіп, зияны бар әрі харам тағамдарды жемеуге тырысып жүрміз бе?

Бос уақытыңызды бағалай алып жүрсіз бе? Әлеуметтік желілерге басыңызбен кіріп алып немесе теледидардың алдына отырып алып түкке тұрғысыз кинолар мен бағдарламаларды көруге бос уақытыңызды зая кетіріп жүрген жоқпысыз? Адамзат баласының уақыты шектеулі ғана екенін есіңізден шығармаңыз. Алла нәсіп еткен бос уақытыңызды туған-туыстармен араласуға арнап немесе әлдебір пайдалы істерді орындауға бағыттағаныңыз анағұрлым абзал болар еді. Босқа өткен уақытыңызды кері қайтара алмайсыз, осыны ұмытпаңыз.

Егер өміріңізде дұрыс жасалмаған дүниелер орын алған болса, Алладан шынайы түрде кешірім сұрап, тәубеңізге келіңіз. Және де өзіңіз ренжітіп алған адамдарыңыздын да көңілін тауып, кешірім сұрауға тырысыңыз. Алла Тағала кез-келген пендесінің лайықты түрде жасалған тәубесін қабыл алады.

Пайғамбарымыз (ﷺ) былай айтқан:

«Уа, адамдар, Алла алдында тәубеге келіңдер, күніне мен де Алладан 100 мәрте кешірім сұраймын» (Мүслим).

Алла Тағала өткен күнәларымыздың қандай болғанына қарамастан біздің тәубемізді қабыл алады. Алла барлық күнәні кешіреді, Ол Рақымды әрі Жарылқаушы. Алла Тағала Қасиетті Құранда былай айтқан:

«(Мұхаммед Ғ.С.): “Әй өздеріне зиян қылған құлдарым! Алланың рахметінен күдер үзбеңдер. Алла біртұтас күнәларды жарылқайды. Өйткені Ол тым жарылқаушы, төтенше мейірімді” де (39:53).

Алайда біздің тәубеміздің қабыл болуы үшін нақты шарттардың бар екенін естен шығармауымыз керек:

1. Адам жасаған күнәсі үшін шынайы түрде тәубеге келуі керек;

2. Тек қана күнәдан ғана бойды аулақ салмай, сондай-ақ, сол күнәға әкеліп соғатын барлық дүниеден бас тарту үшін нақты ниет болуы керек. Мысалы үшін, бір адам әлдебір компанияда жүріп ішімдік ішетін болса, онда ол сондай адамдар жиналатын орыннан аулақ жүруі тиіс;

3. Бұдан былай күнә жасамайтындай нақты шешім қабылдау керек, сондай-ақ, өткен күнәларды алмастыру үшін  жақсы амалдар жасауда аянбай күш-жігер жұмсау қажет;

4. Жоғарыда келтірілгендердің бәрі Алла құқығының бұзылуына қатысты болса, енді адам құқығының бұзылуына тоқталып өтейік. Егер әлдебір адам өзге жан иесін ренжітіп алса, сол ренжіткен адамнының көңілін табу үшін қолынан келгеннің бәрін жасап бағуға тырысуы керек. Ренжіткен адамынан кешірім сұрап, орынсыз қолды болған мүлігін қайтарып беруі керек немесе оның орнын басқа нәрсемен өтеуі тиіс, әйтпегенде Алла Тағала пендесінің тәубесін қабыл етпейді.

Егер аталмыш шарттар орындалатын болса, онда Алланың қалауымен адамның күнәлары кешіріліп, жақсы амалдармен аустырылады. Пайғамбарымыз (ﷺ) былай айтқан:

«Кімде-кім жасаған күнәсі үшін шынайы түрде тәубесіне келсе, сол еш күнә жасамағандай күйде болады».

Енді тақырыбымыздың жоспар бөлігін айқынырақ ашуға тырысып көрейік. Біздің жоспарларымыздың жүзеге аспай, тек жоспар түрінде қала беретіні неліктен?

Адамдардың басым көпшілігінің былай айтып жататынын көп естиміз: «Мен жыл сайын алдыма түрлі-түрлі міндеттер қоямын, дұрыс та салауатты өмір салтын сүруді жоспарлаймын, басқа адамдарды ренжітпеуге, намазды бастауға, жаман әдттерімнен құтылуға тырысамын, бірақ жылжып жылдың соңы да келді, ал мен болсам алдыма қойған мақсаттарыма әлі де жете алмай жүрмін...».

Мұндай сәтсіздікке не себеп? Қане, бұл жөнінде психологтердің не айтатынын көрейік:

1.  Перфекционист болмаңыз, алдыңызға нақты мақсаттар қоя біліңіз. Адамдарға әлсіздік тән, сол себепті әркімнің қателесуге құқы бар.

Мысалы үшін, егер сіз жаңа жылдан бастап намазға жығыламын деп шешіп, алайда күнделікті бес уақыт намазды лайықты түрде оқи алмағандықтан бұл мақсаттан мүлде бас тарту дұрыс емес. Уайымдамаңыз, қайтадан бәрін басынан бастап көріңіз.

Бұл темекі тартуды тастау немесе спирттік ішімдіктен бас тарту, туыстармен қарым-қатынасты жақсарту немесе достармен татуласу ниетіне де байланысты. Егер бірінші реттен ештеме шықпаса, сіз қолыңызды бір сілтеп, қайтадан ескі әдетіңізге басып кете барасыз, бірақ салыңыз суға кетпесін, өзіңізді өзгертуден ешқашан бас тартпаңыз.

Алла Тағала қайырымды әрі төмендегі хадисте айтылғандай Ол адамның кез-келген күш-жігеріне қолдау көрсетіп отырады: «Егер Менің құлым Маған бір қарыс жақындаса, Мен оған шынтақтай жақындаймын, егер ол Маған шынтақтай жақындаса, Мен оған сажын жақындаймын, ал егер ол Маған  қарай адымдаса, Мен оған қарай жүгіремін (Ахмад, әл-Бұхари, Мүслим).

2. Алдыңызға негізгі, маңызды мақсат қойғанда, сол мақсатқа жетудің аралық қадамдарын да ойластырып қойыңыз.

Мысалы үшін, үнемі таң намазын қаза етпей оқуға бел будыңыз делік. Бұл үшін не істеу керек? Қоңыраулы сағатыңызды таң намазының уақытына қою жеткіліксіз, сіз теледидардың немесе компьютердің алдында телміріп ұзақ уақыт отырып алмай, таңертең таң намазына тұруға күш-қуат жинау үшін ертерек жатқаныңыз абзал.

Есгер арықтауға бел бусаңыз, онда өзіңізге мәзір дайындап алыңыз – күнделікті ішіп-жейтініңізді ойластырыңыз, ұннан жасалған өнімдер мен тәтті-жұмсақтардан бойыңызды аулақ ұстаңыз, жақындарыңызға сізді қадағалауын тапсырып қойыңыз, олар сіздің түпкі мақсатыңыздың не екенін үнемі ескертіп  отырсын.

3. Ойыңызға алған ісіңізді жүзеге асыруды кейінге қалдыра бермеңіз. Өміріңізді өзгертуге кедергі келтіретін жалқаулық пен ықылассыздықты еш ақтаушы болмаңыз. Егер сіз арықтағыңыз келсе, дұрыс тамақтануды шкафта тәтті бәліштер бітіп, тоңазытқышта балмұздақтар таусылғанда бастамай, тап қазірден бастаңыз.

Егер темекі шегуді тастағыңыз келсе, жалғыз ауыр болмасын, достарыммен бірге бастаймын деп сылтауратпай, Алла қаласа, өзіңізді ертеңнен бастап қолға алып, ертеңнен бастап темекіңізді тастауға тырысыңыз. Егер күніне бес уақыт Алла разылығы үшін намаз оқимын десеңіз, онда келер демалысыңызды, зейнетке шығуыңызды немесе кәрілікті күтпеңіз. Зейнетке шығу тұрмақ, ертең ұйқыдан оянамыз ба, жоқ па – оны Бір Алла ғана біледі, сол себепті Алла Тағаланың бізге бұйырғандарын орындауға, ал тыйғандарынан тыйылуға тырысайық та асығайық.

4. Жоспарларыңыз туралы айтпаңыз, тек соларды жүзеге асыруды ақырындап бастай беріңіз. Кейде адам өз жоспарлары туралы ұзақ уақыт бойы жариялап жүріп, әлеуметтік желілерге хабарламалар жаза отырып, достары мен таныстарына баяндай жүріп, нәтижесінде, әсіресе, оны бәрі қолпаштап, мақтап жатса оған өзінің діттеген арманына қол жеткізгендей болып көрініп кетеді, бірақ біздің мақтауымыз да, қолпаштауымыз да әлгі адамның жобалы мақсатына жеткіздірмей тастайды. Сол себепті аз сөйлеп, көп іс тындырайық, ағайын.

5. Дұрыс уәждемені үнемі есіңізде ұстаңыз. Кей кезде адамдардың өмірін өзгертулеріне күш-қуаттары жетпей жатады. Неліктен? Өйткені оларда табандылық пен дұрыс икемделу жоқ. Неліктен мен темекі шегуді тастауым керек? Темекі – менің денсаулығыма зиян, менің тістерім бұзылады, аузымнан жаман иіс шығып тұрады, маңайымдағыларға жағымсыз және, ең бастысы, Алла Тағала бұл қылығыма, бұл амалыма разы емес. Міне, дұрыс уәждеме деген осы...

Неліктен мен дөрекі және бейпіл сөйлеуімді қоюым керек? Бұл жақсы емес, мұсылманға лайықты нәрсе емес. Егер адам - неліктен мен бұларды жасамауым керек деген сауалдың жауаптарын ішінен жиі қайталап жүретін болса – оның өз мақсаттарына қол жеткізуіне жеңіл болады.

6. Сәнге байланысты немесе қоршаған орта шырмауынан шыға алмайтын мақсаттардан бойыңызды аулақ ұстап, алдыңызға тек маңызды мақсат-мұраттарды қоя біліңіз. Шүбәсіз, бұл мақсаттарыңыз сіздің сырт келбетіңізді жақсартуға әлде материалдық салаңызды көркейтуге қатысты емес, діни міндеттерді орындауға, жаман әдеттерден құтылуға бағытталған болуы тиіс.

Мысалы үшін, бір адам ерекше мол жалақы төлейтін жұмысқа тұрғысы келеді, сөзсіз, ол өзіне қымбат көлік, зәулім үй, сансыз сәнді киімдер мен гаджеттер сатып алғысы келеді. Ал негізінде: «Осы дүниенің бәрі менің жеке басыма керек пе?» - деп біраз ойланып көрсек ше? Әлде таныс-достарыңыздан қалыспай осы мүмкіндіктердің бәріне қол жеткізіп, әлеуметтік желілерде мақтанғыңыз келе ме?  Өзіңіздің нақты қажеттіліктеріңізді сізге таңылған және сырттан келген «мұқтаждықтардан» ажырата біліңіз.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, өтіп бара жатқан жылдың соңы – бұл өткен өміріңізге көз жүгіртіп, талдау жасауға, алдыңызға нақты бір мақсаттар қоюға, біліп-білмей істеген қателік-кемшілік, күнәңіз үшін тәубеңізге келуге, осылайша, жаман амалдарыңызды қайталамауға тырысуға, сондай-ақ, айналаңыздағы адамдармен жақсы қарым-қатынас орнатуға және Алла Тағала разылығына бір табан болса жақындауға таптырмас мүмкіндік болып табылады.

asyldin.kz

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: