"Бес нәрсе келмей тұрып, бес нәрсені бағалаңдар..."

"Бес нәрсе келмей тұрып, бес нәрсені бағалаңдар..."

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Алла Елшісі (ﷺ) былай айтқан: «Бес нәрсе келмей тұрып, бес нәрсені бағалаңдар: кәрілік жетпей тұрып жастықты; ауырмай тұрып денсаулықты; кедейлікке ұшырамай тұрып байлықты; бос болмай тұрып бос уақытты; ажал келмей тұрып өмірді» (Тирмизи).

Қамсыз балалық шағымызға немесе студенттік өмірімізге қайтып оралуымызды қанша мәрте армандадық емес пе? Дегенмен, сол кездерде біз өзге дүниелер жөнінде армандағанымыз жалған емес қой. Дәлірегін айтсақ, ұшы-қиыры жоқ осынау оқу жылдары бітіп, қашан ғана мектеп қабырғасынан алыстап кетер екенбіз немесе институтта оқып жүріп, тезірек жоғары оқуды бітіріп, өз мамандығымыз бойынша ділдей бір кәсіпті игерсек, жеке тұлға ретінде қалыптасып, содан кейін үйленіп, отбасын құрып, ата-ана атансақ деген армандарымыз болды емес пе? Негізінде, «Қолда барда алтынның қадірі жоқ» дегендей, адам табиғаты осындай - әлдебір кезеңді басымыздан өткеріп алып, сол кезеңге қарай ұмтылғымыз келіп жатады.

Қолымыздан келмейтін, өзіміз өзгертуге шамамыз жетпейтін істерге көңіл-күйімізді, зейінімізді шоғырлау – депрессияға түсудің бірден-бір жолы. Көбіне біз өткеніміздегі сәтсіздіктерімізді ойлап өкініп, бармақтарымызды тістеп жатамыз. Сондай-ақ, келешегіміз туралы да қам жеп, уайымға батып жататынымыз өтірік емес. Өткен мен келешектің көлеңкелерімен жүріп, біз тап қазір болып жатқан дүниелерге көңіл аударуды қоямыз, Алла Тағаланың бізге нәсіп етіп жатқан қайыр-берекесін бағалауды естен шығрамыз.

Жоғарыда келтірілген хадисте Алла Елшісі (ﷺ) тап қазіргі сәттің құндылығына біздің зейінімізді аудартады. Мұсылман ғалымдары «тап қазіргі сәт» туралы былай жазған болатын: “Сіз көңіл-күйіңізді өткен мен келешектің арасындағы тап қазіргі сәтке бөлуіңіз керек. Егер сіз оны жіберіп алсаңыз, онда сіз құтылу мүмкіндігінен айырылып, бақытты болуды жіберіп аласыз”.

Табысқа қол жеткізіп, бақытты болуға мүмкіндік жасайтын қазіргі сәттегі өмірмен не болып жатыр? Психологтердің айтуынша, депрессияның бір ерекше белгісі бар, ол – келешекке деген үрей және жағымсыз тәжірибеге зейін аударту. Ал Алла Тағаланың бізге берген бағасыз сыйы – қазіргі сәт – текке кетіп жатады немесе тиісінше бағаланбай қалып қояды.

Алла Елшісі (ﷺ) Алла Тағаланың былай айтқанын келтірген: “Менің пендем Мен туралы қалай ойласа, Мен сондай боламын” (Бұхари, Мүслим). Пайғамбарымыз (ﷺ) тағы да былай айтқан: “Ешкім де Алла туралы жақсы ойда болмай - өлмесін” (Мүслим).

Үнемі өткеніміз туралы саруайымға салынып жүріп, біз Алла Тағаланың мейірімі мен кешірімін жеткілікті түрде бағалай алмай қаламыз. Жаман нәтижеге дайындала жүріп, бізді Жаратқан Иеміздің нені қаласа соны жарата алатын Құдіреті мен Күші туралы ұмытып кетеміз.

Шүбәсіз, келешек туралы алаңдауымыз да, өткенімізді де сағына еске алуымыз да орынды дүниелер, әсіресе, жаңа өмір кезеңдері сөз болып отырғанда, мысалы үшін, жаңа жұмыс, балалардың дүниеге келуі, неке, университет бітіру және т.б.

Біз үрей мен толқудың үстінде боламыз. Ыңғайлы орынды қалдырып, жаңа дүние табалдырығын аттау алдындағы сезінетін толқынысқа берілеміз, дегенмен, адамның ой-өрісі, ойлау қабілеті қазіргі сәтке, біздің мақсат-мүдделерімізге байланысты бола бермейді.

Заманауи психологтердің айтуына қарағанда, адам баласы сергек жүрген уақытының шамамен 47% қазіргі кездегі міндеттерінен бөлек дүниелерді ойлаумен өткізеді екен. Негізінде, әрбір жан баласы – тап қазіргі сәт – біздің барымыз да жоғымыз да екенін жете түсінуі тиіс.

Мұны түсінудің бірнеше артықшылықтары бар:

* Жақсы амалдарды кешеуілдетпей жасап отыру, өйткені пешенемізге жазылған уақыттың қаншасы өтіп, қаншасы қалғанын білмейміз ғой.

* Жасаған күнәлар үшін тәубеге келіп, оларды жақсы амалдармен алмастырып, күнәні өткенде қалдыру.

* Келешекте бәрі өздігінен жасала қалатындай көрмей, қазіргі таңда бар күш-жігерді жұмсау қажет.

* Өмірімізде болып жатқан жақсы-жаман дүниелерге өзге біреулерді айыптамай-ақ, толық жауапкершілікті өз мойнымызға алу.

* Өткенді ойлап қайғырудан еш пайда болмайтынын жете түсіну керек, өйткені өткенді өзгертуге біздің мүмкіндігіміз жоқ.

* Өзіміздің тайм-менеджмент дағдыларын жетілдіру.

* Айналамызды қоршаған сұлулыққа тамсанып, осыны сезіне білгеніміз үшін Алла Тағалаға шүкір айту.

 

asyldin.kz

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: