Сүйікті Пайғамбарымыз (ﷺ):
««Лә иләһа илләллаһ» сөзін қайталап, иманды жаңартып отырыңдар», - деген. (Муснад, II/359; ат-Тагриб у а’т- Тахриб, II/415).
Иман – бізді Алла Тағаламен байланыстырып тұратын Жаратушының бізге берген ең үздік сыйы. Иман – жүректен шығатын Аллаға деген құштарлық, өйткені иман да, ең шынайы сезім де, сүйіспеншілік те жүректе туындап, жүрекке ұялайды. Сенімсіздік, мойындамау, асылық – мұның бәрі бізді хақ жолдан тайдырып, көзге көрінбес Алла мен пендесінің арасындағы нәзік байланысты үзіп тастайды.
Қасиетті Құранда былай айтылған:
«Әй мүміндер! Аллаға, Пайғамбарына және оған түсірген Құранға сондай-ақ одан бұрыңғы түсірген кітапқа иман келтіріңдер. Ал кім Аллаға, періштелеріне, кітаптарына, елшілеріне және ақырет күніне қарсы шықса, сонда тым ұзақ адасты» (4:136).
Сондай-ақ, Алла Тағала былай айтқан:
«Бәдәуилер: “Иман келтірдік” деді. (Мұхаммед Ғ.С.) оларға: “Сендер иман келтірмедіңдер. Алайда: “Мұсылман болдық” деңдер. Өйткені, иман жүректеріңе кірмеді. Егер Аллаға, Пайғамбарға бағынсаңдар, амалдарыңнан еш нәрсе кемітпейді. Шүбәсыз Алла, аса жарылқаушы, тым мейірімді” де» (49:14).
Ендеше, шынайы иман – өз болмысымыздың мәнін түсіну - бірден бола қалатын дүние емес. Ол үшін адам тырысып, күш-жігер танытуы тиіс. Ең маңыздысы, осы қасиеттерді өз бойына сіңіріп, сақтап қалуда. Үнемі өзгеріп тұратын, аумалы-төкпелі заманда өмір сүріп жатқанымыз құпия емес. Ал адам баласы үнемі нәпсі мен құштарлықтың ықпалында және шайтанның айдауында жүретіні де өтірік емес. Осының бәрі біздің Алла Тағаламен байланысымызды қиындатып жібереді.
Ал «Лә иләһа илләллаһ» сөзі Алла Тағаламен байланысымызға қолдау көрсетіп, иманымызды нығайтып, әлсіздікпен және бұл дүниеге қызығушылығымызбен күресте бізді күшті болуға итермелеп, бізге көмектесіп отырады. Осылайша, кез-келген жағдайда Алла Тағалаға иман келтіру арқылы мүмін адам Оның панасында бола алады.
Сіздің жүрегіңіздегі иман – Алла Тағаланың берген ең құнды әрі маңызды сыйлығы екенін ұмытпаңыз, сондай-ақ, Ол сізге ең жақсы нәрсені нәсіп етіп, сізге тек игілік тілейтінінің белгісі. Сізді өмір жолында кездесетін қиыншылықтар қорқытпасын, өйткені Алла Тағала: «Егер Менің құлым Маған қарай жақындаса, Мен оған қарай жүгіремін», - деп айтты емес пе?..
Алла Тағала күллі үмбетіміздің жолын жеңіл етсін. Әмин!
asyldin.kz