«Саудам жақсы жүруі үшін не істеуім керек?», «Оның арнайы дұғалары бар ма?» дейтін сұрақтың кез келген адамды ойландыратыны анық. Тіпті, көпшілік қауымның арасынан «бір дұғаны төрт параққа жазып, дүкеннің төрт бұрышына адам көрместей етіп жасырып қою керек» дейтін пікірлерді де естіп жатамыз. Осы іс қаншалықты дұрыс? Саудамыз жүруі үшін не істеуіміз керек?
Бірде Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Мәдина халқының сауда-саттығына береке тілеп:
اللَّهُمَّ بَارِكْ لَهُمْ فِي مِكْيَالِهِمْ ، وَبَارِكْ لَهُمْ فِي صَاعِهِمْ ، وَمُدِّهِمْ يَعْنِي أَهْلَ الْمَدِينَةِ
«Аллаһуммә, бәрик ләһум фи Микялиһим. Уә бәрик ләһум фи Саъиһим уә муддиһим»
(Иә, Алла! Олардың тартқан таразысына, ондағы өлшеп сатқан заттарына береке бер) - деп дұға жасаған. (Бұхари)
Демек, сіз біреудің саудасының жүруін қаласаңыз, ол үшін осы дұғаны айтуыңызға болады. Ал өзіңіздің саудаңыз үшін дұға тілегіңіз келсе, «Аллаһуммә, бәрик ли фи Микялии. Уә бәрик ли фи Саъии уә муддии» - дейсіз.
Хадистен байқағанымыздай, Алладан береке сұрау дұғасы ауызша айтылады, оны дүкеннің төрт бұрышына жасырудың ешқандай қажеті жоқ екен. Бұған қоса, саудама береке кірсін десеңіз, шыншылдықты, таразыда жемей, адал болуды және садақа беруді әдетіңізге айналдырыңыз. Себебі, Алла Тағала Құранда: «Алла өсімді жойып, берген садақаларыңды өсіреді (берекелі етеді)», - деген. («Бақара» сүресі, 276-аят)