Бүгін, ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша өкілдігі облыстық орталық «Һибатулла Тарази» мешітінде қажылыққа баратын жамбылдықтардың діни білімін арттырып, қажылық амалдарының қалай орындалатынын үйрететін дәріс оқылып, семинар өтті.
Семинарды «Һибатулла Тарази» мешітінің наиб имамы, «Тауаф Travel» қажылық компаниясының облысымыздағы өкілі Ержан Аманбаев және «Айсұлу ана» мешітінің бас имамы Қанат Қуанышбеков жүргізді.
Қажылық парызын өтеуді ойлаған мұсылмандардың қасиеті мекен Мекке мен Мәдине қалаларына аттанар күні жақын қалды. Осыған орай, бүгінгі семинарда қажылықтың қадір-қасиеті туралы толық түсіндіріп, осы құлшылық барысында орындалатын діни рәсімдерге қатысты ақпараттар берілді. Сонымен қатар, отандық қажылық компаниясы ұсынатын қызметтерге тоқталып, осынау ұлы сапардың маңыздылығы түсіндірілді.
«Біз жыл сайын облысымыздағы қажыларды ұлы сапарға аттандырар алдында екі апта бойы дәріс оқып, діни білімін арттырып отыруды қолға аламыз. Биыл да сол дәстүрді қолға алдық», - дейді орталық мешіттің наиб имамы Ержан Аманбаев.
«Һибатулла Тарази» мешітінің Баспасөз қызметі