«Балам үйленген соң өзгеріп кетті. Әйелінің айтқанынан шықпайтын болды. Маған тіпті көңіл бөлуді де қойды» деп өз баласына ренжіп жатқан аналарымызды жиі естиміз.
Ер азаматтың өміріндегі ең жақын екі әйелдің – анасы мен жарының түсініспей, екі күннің бірінде қырғи-қабақ болып жүргендері…
Бірі – өзін өмірге әкелген, ақ сүтін беріп өсірген, осы күнге жеткізген аяулы анасы болса, екіншісі – Құдай қосқан қосағы, сүйікті жары, жаны мен тәнінің рахаты, өмірлік серігі… Екеуі де қымбат… Екеуін де жақсы көреді…
Не істеуге болады?
Міне, ер адамның иманы, ақылы мен сабыры сыналатын бір тұс осы болса керек.
Мәселенің шешім табуы үшеуіне де тікелей байланысты: анасы-баласы-келіні.
Анасы баласының енді екеу болғанын түсінсе, келіні өзіне жау емес, керісінше, өзінің де, баласының да жағдайын жасап отыратын жанашыры, қызының орнын басатын келіні әрі қызы, сол әулеттің ұрпағын жалғастыратын адам ретінде қабылдаса…
Ер адам екеуін де бөліп-жармай теңдей көру керектігін, алайда ана деген қалай болғанда да жоғары тұратынын, әрі ананың қас-қабағына қарап, өзін қалай өсірсе, қартайған шағында оған да солай мейірімділікпен қарау міндеті екендігін, әйеліне де соны ұғындыра білсе…
Ал әйел күйеуінің анасы өзінің де анасы екендігін, ананың баласына деген махаббатын дұрыс түсінсе, «менің жағдайымды жаса» дегеннен гөрі, «үлкендердің көңіліне қарайық, олар жас бала сияқтанып қалады ғой, ата-ана разы болмаса Алла да бізге разы болмайды» деп отырса, реніш те, түсініспеушілік те, отбасындағы жанжал да, қарттар үйіне өткізілген ата-ана да, шаңырақтың шайқалуы да, көздері жәутеңдеп балалар да жетім қалмас еді…
P.S. Осы тұста Т. Нұрмағанбетовтің «Келін» әңгімесіндегі мына бір үзінді еріксіз ойыңа оралады:
«…Сатушы Шәйім деген сөзге үйірлеу, қылжақбас кісі еді. Той кезінде бір топ адамның көзінше Тоқтасқа: «Әй, шыныңды айтшы, келіншегіңді жақсы көресің бе, әлде апанды жақсы көресің бе?» деп жаудай састырған. Сасатын да жөні жоқ еді, әйтеуір дегбірі қашып Тоқтас: «апа-а» деп апалақтай берді де, «Нұршат-т!» деп қалғаны. «Нұршат!» деген сөздің аузынан қалай шығып кеткенін де байқамады. Нұршатты жақсы көргендігі ме, әлде апасын ғана айтса, Нұршат өкпелейтіндей сезілді ме…
Жұрт ду күлді. Және жай күле ме, базбіреулері әр нәрсені айтып Тоқтасты мазақ еткендей болды. Баласының балалығына апасы да қызарақтап: «Есі жоқ-ау, екеуін де жақсы көремін демейсің бе?» деп бұған болысып жатыр…»
asylsoz.kz