Құран Кәрім – асыл дініміздің қайнар көзі. Алла тағала Құранды Өзінің разылығына сай өмір сүруіміз үшін нұсқаулық ретінде түсірді. «Ант етейік, Біз Құранды түсіну үшін жеңіл қылдық. Түсініп, ғибрат алушы бар ма?» (Қамар, 17) дей отырып, оның аяттары жайлы ойлануға, мағынасын түсініп, тағылым алуға шақырады.
Ұлы Раббымыз Құран сөздерінің тіләуатын, жатталуын, мағынасының түсінілуін және үйренілуін жеңіл қылған. Сондықтан Құран Кәрімді түсіну және аяттарының мағынасына терең ой жүгірту тек ғалымдарға ғана тән нәрсе емес. Сондай-ақ, Жаратушы ие Құранды белгілі бір қауымға ғана емес, адамзат баласының игілігі үшін түсірді.
Сахаба Ибн Аббас (Алла оған разы болсын) Құранды түсінудің төрт қыры бар екенін айтқан. Біріншісі: араб тілінің заңдылықтарына байланысты түсінілетін қыры. Екіншісі:жалпыға бірдей ұғынықты түсінігі. Үшіншісі: ғалымдар ғана ұғына алатын түсінік. Төртіншісі: Алладан басқа ешкім біле алмайтын ұғымдар (Табари).
Ардақты сахабаның бұл сөзінен Құран Кәрімді көпшіліктің түсінуіне мүмкіндігінің барын ұғынамыз. Мысалы, қасиетті Құранда мағынасы ашық түрде айтылған үкімдер мен бұрынғы өткен қауымдар туралы баяндалған хабарларды, әсерлі уағыз-насихаттарды, Алланың аса құдіреттілігін, жалғыз ғана Жаратушы екенін, барлық нәрсені, тіпті құлдарының көкейіндегілерді білетіндігін, өлгеннен кейін қайта тірілуді, ақырет, жәннат және тозақтың бар екендігін т.с.с. иләһи хабарларды Құран Кәрімді оқыған кез-келген адамның түсіне алары хақ.
Мұнымен қоса, Құранда мағынасын тек ғалымдар ғана түсіне алатын терең сырлы, мазмұны күрделі аяттардың да кездесетіні жасырын емес. Мысалы, тілтану ғалымдары араб тіліндегі «иғраб», «бәлағат» сынды ілімдерге сүйене отырып, басқалардың түсіне алмайтын нәрселерін түсіне алады. Сол сияқты, «усулул-фиқһ» саласы мамандары Құранның сырлы мағынасына көз жіберіп, адал-арамға қатысты үкімдерді жарыққа шығарады.
Бұл, әрине, кез келгеннің қолынан келмейді. Өйткені, Құранды оқушы діни білімінің аздығы себепті оның мағынасына ой жүгірткенде қателесуі де әбден мүмкін. Кейде адамның Құран меңзеген мағынадан мүлдем басқа бір мағынаны түсінуі де ғажап емес. Бұл – тіпті ардақты сахабалардың басында да болған жағдай. Абдулла бин Масғуд (р.а.) былай дейді: «Иман келтіріп, имандарын зұлымдықпен араластырмағандар» деген аят түскен кезде біз: «Уа Расулалла! Қайсымыз зұлымдық (күнә) жасамайды дейсіз?!», – дедік. Сонда Алланың елшісі: «Ол (зұлымдық сөзі) сендер түсінгендей (кез келген күнәні) мағынаны білдірмейді. Оның мағынасы – имандарын шірікпен, Аллаға серік қосумен араластырмағандар. Сендер Құранда Лұқманның өз ұлына: «Әй ұлым! Аллаға серік қоспа. Расында, серік қосу – үлкен зұлымдық», – деп айтқанын естімедіңдер ме?!», – деп жауап береді (Бұхари, Мүслим). Сахаба Абдулла ибн Масғуд (р.а.) аяттағы зұлымдық сөзін кез келген күнә деп түсініп қалған еді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) оған ол сөзден кез келген бір күнәнің емес, тек шірік мағынасының ғана меңзелгендігін түсіндіреді.
Ал, Хазіреті Айша анамыз бір хадисінде былай дейді: Бірде Алланың елшісі «Қиямет күні кімде-кім есепке тартылса, ол азап шегеді» деп айтты. Мен Алла тағала «Келешекте, жеңіл есепке тартылады» (Иншиқақ, 8) демей ме?» дедім. Сонда пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Ол (аятта меңзелген мағына) есепке тартылу емес, құлдарға істеген амалдарының көрсетіліп шығуы ғана. Ал кім де-кім егер бүге-шүгесіне дейін есепке тартылса, ол нағыз азап шегеді» деп жауап береді (Бұхари, Мүслим). Айша анамыз «жеңіл есепке тартылады» деген аяттың сыртқы мағынасына сүйеніп, есепке тартылудың жеңіл түрі де болады деп түсінген болатын. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) болса, аят мағынасын мүмин пенденің дүниеде істеген күнәларын Алланың жасырып, кешіргендігін көріп-білуі үшін өзіне амалдары көрсетіледі деп түсіндірген (Фатхул-Бари) еді.
Құран ілімдері жазылған еңбектерде ғалымдар Құран Кәрімді түсіну мен тәпсірлеудің ережелерін баяндап кеткен. Бұл – Құранды түсінудің негізі десек те болады. Ол бес негізден тұрады:
Біріншіден,Құранды Құранмен тәпсірлеу. Ол іштей үшке бөлінеді: 1) Мағынасын түсінбек болған аятты алдыңғы, кейінгі (сияқ-сибақ) аяттармен байланыстыра отырып түсіну; 2) Қандай да бір аяттың толық мағынасын басқа сүрелердегі тақырыптас аяттардан іздеу. Себебі, бір сүреде қысқаша берілген аяттар келесі бір сүреде кеңінен баяндалады. 3) Бір тақырыпқа қатысты әр сүредегі аяттарды топтастырып, бір бүтін негізінде қарастыру.
Екіншіден, Құранды сүннетпен тәпсірлеу. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мүбәрәк өмірі – Қасиетті Құранның жанды тәпсірі. Алла Тағала: «Біз саған Құранды адамдарға түсірілгенді баяндап, түсіндіруің үшін түсірдік» (Нахл, 44) деп бұйырады. Сондай-ақ, Имам Шафиғи бұл жайында: «Расулулланың берген үкімдері – оның Құраннан түсінгендері. Себебі, Алла Тағала былай дейді: «Адамдардың арасында Алланың өзіңе көрсеткені бойынша үкім етуің үшін саған расымен кітапты түсірдік» (Ниса, 105), деп айтқан.
Үшіншіден,Құранды сахабалардың сөздерімен тәпсірлеу. Сахабалар Құран түскен алтын ғасырдың нағыз куәгерлері болғандықтан, Құран Кәрім аяттарының кім хақында, не турасында түскенін өте жақсы білген. Сондай-ақ, олар – өзгелерде жоқ толық әрі дұрыс таным мен салиқалы түсінік иелері. Айталық, ардақты сахаба Ибн Масғуд былай дейді: «Алланың атымен ант етейін, Құранда түскен барлық аяттың кімдер жайында және қайда түскенін жақсы білемін. Егер Алланың кітабын менен жақсы білетін біреуді білсем, міндетті түрде оған барар едім». Сондай-ақ «Біз он аят үйренсек, олардың мағынасын толық түсініп, амалға асырмайынша, басқа аятқа өтпейтін едік», –деген (Ибн Кәсир).
Төртіншіден, Әсбабу нузул, яғни аяттардың түсу себебін білу. Әсбабу нузул – Құранды дұрыс түсінудің бірден-бір жолы. Себебі, аяттардың қандай мәселеге байланысты, кім жайында, қай қауым өкілдеріне қатысты түскенін білу аса маңызды.
Бірде Букайр атты кісі Нафиғтан келіп, Ибн Омардың Харижиттер туралы қандай ойда болғанын сұрайды. Нафиғ: «Ибн Омар Харижиттерді Алланың жаратқандарының ішіндегі ең жаманы деп есептейтін. Себебі, олар кәпірлер хақында түскен аяттарды мүминдерге қатысты етті» деп жауап береді.
Бесіншіден, араб тілін жетік білу. Құран араб тілінде түскендіктен, оны сол дәрежеде түсіну үшін араб тілін, араб тілінің заңдылықтарын, әсіресе, Құран түскен дәуірдегі араб халқының сөйлеу ерекшеліктерімен қоса, тілдік заңдылықтарын жақсы білу қажет.
Айта кететін тағы бір мәселе – Құран аяттарының мағынасы жайлы ойланғанда, маңызды нәрселерге көңіл аударып, пайдасы жоқ нәрселермен шұғылданбаған жөн. Мысалы, Кәһф сүресін оқығанда қиссада баяндалған «иттің түсі қандай болған екен, үңгірге жасырынғандардың саны нешеу екен, ол үңгір қай жерде екен?» деген сияқты бос ойға түспеген абзал. Керісінше, қиссада нағыз айтылмақ болған Алланың шексіз құдіреті, мүмин құлдарын қорғап, сақтайтындығы, өлілерді қайта тірілтетіндігі сияқты ғибрат аларлық әрі маңызды тұстары жайында ойланған жөн.
Құран аяттарының мағынасы жайында сөз ету Алланың атынан сөйлеу болып табылады. Олай болса, сенімді тәпсір кітаптарына көз жүгіртпейінше, Құран аяттарынан өз бетіңше мағына шығару дұрыс емес. Хазреті Ибн Аббас пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Кімде-кім Құран жайлы ілімсіз сөйлейтін болса, өзіне тозақтан орнын дайындасын» (Тирмизи) деп ескерткенін жеткізген. Ардақты сахаба Әбу Бәкір (Алла оған разы болсын): «Құран хақында ілімсіз сөйлейтін болсам, жер мені қалай көтермек, аспан маған қалай пана болмақ?» дей келе, Құран аяттарына ілімсіз түсінік беруден аса сақтану керектігіне баса назар аударады. Бірақ, әлбетте бұдан Құран кәрімді қанша оқысаң да, түсіне алмайсың деген ұғым тумаса керек. Қасиетті кітап сөзін шала ұғып, шалағайлыққа бармаудың алдын алу үшін айтылып отырған әңгіме.
Қадірменді, мұсылман бауырлар! «Бұл қазаққа Ислам, иман керек, кісі өлгенде немесе түс көргенде» демекші, Құран қабырғаға іліп қоятын немесе мешітте сақтайтын мұражай экспонаты емес. Ол – адамзаттың жаратылысы, біздің тағдырымыз жайлы жазылған кітап. Олай болса, таным-тағдырымызды тану үшін тәуіп түгелдемей, одан ғибрат алайық. Алланың ұлылығын сезініп, иманымызды күшейтейік. Түсінбеген тұсымызды тәпсірден қарайық немесе ілімді кісілерден сұрап білейік. Алла тағала бізді ешқашан қасиетті Құраннан айырмасын!
Ерғали АЛПЫСБАЕВ,
Мармара университетінің PhDдокторанты