Мұсылман қауымы сағына күткен қасиетті Рамазан айы да басталды. Бұл айда Алла разылығынан үміт еткен мұсылман қауымы бүгін құлшылық ордаларына жиналып, тарауих намаздары да басталып кетті. Сауабы сансыз қасиетті айды мейлінше пайдалы өткізуді жоспарлаған еліміздің барлық мешіттері бұл күнге дайындықтарын ерте бастан пысықтап, қапысыз қамданып та қойған болатын. Жамағат жағы да қасиетті аймен қауышар сәтке ерекше дайындықпен, айрықша ықыласпен аяқ басып, кеш түсісімен Алланың үйіне қарай ағыла бастады.
Жамағаттың осындай ыстық ықыласы мен ынтасы облыстық орталық «Һибатулла Тарази» мешітінде де айрықша байқалды. Құптан намазының азаны шақырылмай жатып мешіт іші жамағатқа лық толып, бір-бірін Рамазанның басталуымен құттықтаған тілектер тиегі ағытылды.
Мешіттің бас имамы Данияр қажы Әлимұхамедұлы намазға жиналған жамағатты қасиетті айдың басталуымен құттықтап, тағылымды уағыз айтып, Рамазан айының қадір-қасиеті жайында мағлұмат беріп өтті.
«Һибатулла Тарази» мешітінің Баспасөз қызметі