Күн көзі күлімдесе ойын баласының ойынға құлшынысы артатыны белгілі. Əсіресе, ауыл балалары көшеде доп ойнап, асық атып, бір жадырап қалады. Бірақ қаланың баласы секілді арнайы ойын алаңының қызығын көре алмайтыны кімнің болсын көңілін түсіреді. Осы жайын бір сəтке ойланған Шу аудандық "Төле би" мешітіне қарасты Амангелді мешітінің молдасы Ə.Абдрайымов пен "Бірлік ауылдық мешітінің" молдасы М.Жұматаев аты аталған ауылдық мешіттердің алаңына балаларға қуаныш сыйлау мақсатында батут қойдырды.
Осы жерде ойын көрігін қыздырған балдырғандар кеш батқанша асық атып, доп теуіп жарысты, жəне балалар үшін ең бақытты сəт балмұздақ пен тəтті сусындарға, үрленген түрлі түсті шарларға қарық болды.