Алла Елшісі (ﷺ): «Құранды дауысыңмен көріктендір», - деген.
Пайғамбарымыз (ﷺ) тағы да былай айтқан: «Бұл дүниеге деген шамадан тыс сүйіспеншіліктен жанды тот басып кетеді. Темірді тот жейтіндей, жасалған күнәлардан жанды да тот бүлдіреді». «Уа, Алла Елшісі! Жаннан бұл тотты қалай кетіруге болады?». Сонда Алла Елшісі (ﷺ) былай жауап берген екен: «Оны жиі өлімді еске алу және Құран оқумен кетіруге болады. Кімде-кім Құранды мұсхафсыз оқыса, сол мың сауап алады. Ал кімде-кім мусхафтан оқыса, екі мың сауап алады».
Сахабалар: «Уа, Алла Елшісі! Қай сүре аса маңызды?» - деп сұрағанда Пайғамбарымыз (ﷺ): «Ихлас» - деп жауап берген.
Сахабалар Пайғамбарымыздан (ﷺ): «Қай аят аса маңызды?» - деп сұрағанда, «Аят әл-Күрси», - деген.
Сахабалар: «Қай аяттарды оқығанды ұнатасыз?» - деп сұрағанда Алла Елшісі (ﷺ): «Бақара» сүресінің соңғы аяттарын жақсы көремін, өйткені олар мейірім қазынасынан», - деген.
Пайғамбарымыз (ﷺ): «Әр нәрсенің өз жемісі болады. Құранның жемісі – «Қадр» сүресі», - деп айтқан.
Сондай-ақ: «Алланың ұлы есімі - әл-Азим екі аяттың біріне жасырылған. Біріншісі: «Тәңірлерің бір-ақ Тәңір. Одан басқа eшбip Тәңip жоқ. Ол, аса қамқор, ерекше мейірімді» (2:163).
Ал келесісі – «Әли Имран» сүресінің бастапқы аяттары: «Әлиф Ләм Мим. Алладан басқа ешбір тәңір жоқ. Ол тірі, толық меңгеруші» (3:1-2).
Алла Елшісі (ﷺ): «Сендердің күніне мың аяттан оқып тұруға әлдерің жете ме?» - деп сұрайды. Адамдар: «Уа, Алла Елшісі! Бұған кімнің әлі жетеді?» - деп сұраққа сұрақпен жауап береді. Сонда Пайғамбарымыз (ﷺ): «Кімде-кім күніне «Тәкәсур» сүресін оқыса, сол мың аят оқығандай сауап алады», - деп жауап берген екен.
Сондай-ақ, Алла Елшісі (ﷺ) былай деген: «Әр нәрсенің жүрегі болады. Өз кезегінде Құранның жүрегі – «Йасин» сүресі. Кімде-кім «Йасин» сүресін оқыса, Алла Тағала оған Құранды жиырма рет оқығандай сауап береді. Егер кімде-кім оны өлім аузында жатқан науқасқа оқитын болса, Алла Тағала «Йасин» сүресінің оқылған әрбір әрпі үшін мың періштені жібереді.
Олар бір қатарға тұрып, ол үшін салауат айтып, Алладан оны кешіріп, оған жарылқау беруін тілеп тұратын болады. Оның денесін жуғанда, періштелер қасында болып, жаназа намазына қатысады. Олар оның денесін қабірге түсіреді. Кімде-кім өлім аузында жатып осы сүрені оқитын болса, Жұмақ қарауылшысы оған жұмақтық шараптан әкеліп, оның шөлін баспайынша, Ажал періштесі әлгі адамның жанын алмайтын болады».
"Әнуарул-ашиқын" кітабынан
asyldin.kz