Қасиетті Шағбан айы басталды

Қасиетті Шағбан айы басталды

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Шағбан − қасиетті үш айлардың бірі. Режеп айының соңын ала келетін ол алдағы Рамазан айын да сүйіншілейді. Қамари ай санауы бойынша сегізінші айға жатады.

Шағбан айы көне арабтар арасында Азил деп аталған. Кейіннен «Ұлық ай», «Кереметтер айы», «Көпшілік айы» деп те білінген. Өйткені, жергілікті жұрттың бұл айда бау-бақшаларына барып, арнайы ас піскенше сейілдеп, қыдырыстайтын әдеттері болған.

Ардақты Мұхаммед Пайғамбарымыз (с.а.с.) Режептен кейінгі кезекте Шағбан айына өте-мөте көңіл бөлген. «Аллаһ тағалам, Режеп пен Шағбан айларын берекелі қыла гөр. Бізді Рамазанға аман-есен жеткіз» деген дұғасын жиі айтатын (Мүснәд, 1, 259).

Бұл айдағы сауабы көп құлшылықтың бірі − ауыз бекітіп, нәпіл ораза ұстау. Өйткені, Айша анамыз (р.а.): «Пайғамбарымыз (Рамазаннан тыс) басқа айларға қарағанда Шағбан айында көп ораза ұстап былай дейтін: «Сауапты амалдардан шамаларың жететінін жасаңдар. Өйткені, сендер жалықпасаңдар болғаны Алла сендерге ешқашан жалыққандай сыңай танытпайды. Алла Тағала қабыл алатын ең жақсы амал − аз болса да үзбей істелген іс» деп еске алған (Мүслим, Сиям, 177).

Ардақты Пайғамбарымыздың (с.а.с.) сахабаларымен болған мына бір әңгімесі де Шағбан айында ауыз бекітудің аса маңызды екендігін көрсетуде.  

Бірде жанындағы бір сахабадан: «Сен осы (Шағбан) айда ораза тұттың ба?» деп сұрайды. Әлгі сахаба: «Жоқ тұтпадым» дейді. Сонда Пайғамбарымыздан «Ендеше, рамазаннан кейінгі уақытта осы айда тұтпаған оразаңның орнына екі күн ораза ұста» деген жауап естиді.  

Тағы бір хадисте мынандай дерек кездеседі. Бір жолы Үсәма ибн Зәйд (р.а.): «Уа, Расулалла, сіздің осы Шағбан айында көп ораза ұстағаныңызды байқадым, неліктен?» деп сұрайды. Сонда Пайғамбарымыз (с.а.с.) оған былай деп түсіндірген: «Адамдардың көбі Режеп пен Рамазанның арасындағы бұл Шағбан айын ғапылдықпен құр өткізіп алады. Бұл ай пенделердің жасаған істері Аллаһ Тағалаға жеткізілетін ай. Сондықтан, мен жасаған амалдарымның аузым берік жағдайда Раббыма жеткізілгенін қалаймын» (Нәсәи, Саум, 70.). Хадисте, сірә, алда Рамазан айы бар ғой деп құлшылықты сол айға ысыратын ғапылдық меңзелсе керек.

Хадистерге жүгінсек, Пайғамбарымыз (с.а.у) Шағбан айында парыз намаздарымен қатар нәпіл ғибадаттарын көбейтіп, Алланың көркем есімдерін мадақтап, зікір етіп, шүкіршілігін арттырып, кедей-кепшікке садақа берген.

Сахабалар да бұл айда құлшылыққа жаңаша құлшыныспен кірісетін. Нәпіл құлшылықтарына көңіл бөліп, жалбарына кешірім тілеп, жоқ-жітікке қарасатын. Жетім, жесір, жалғызілікті кісілерге көмектесіп, қарттардың көңілін аулайтын.

Шағбан айы Ислам тарихында маңызды оқиғалардың орын алуымен де ерекшеленеді. Атап айтқанда, хижреттің екінші жылы, Шағбан айының орталарында түскен аяттарда мұсылмандар құбыласы өзгерген. Бұрынғы Ақса мешітіне емес, ендігі жерде  Меккедегі қасиетті Қағбаға бет қарататын болған. Ал тағы бір аяттарда Рамазан айындағы ораза парыз етілген. 

Жыл сайын әлем мұсылмандары Шағбан айының он бесінші түнін ерекше қуанышпен қарсы алады. Өйткені, ол қасиетті Бараат түні болып табылады.

Алла Тағала баршамызға Шағбан айының берекесіне кенеліп, құлшылықтарымыз арқылы тақуалыққа бір табан жақындай түсуді нәсіп етсін!

asyldin.kz

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: