Жұмыста отырып жуырда жұмыстан шығып кеткен бір қызметкер туралы ойға шомдым. Ол бізбен бірге көптен қызметтес болып келген, оның мықты білімі әрі осы салада мол тәжірибесі бар болатын. Ең бастысы, әлгі қызметкердің отбасы бар болатын… Енді қандай өкінішті болса да, ол адам өзінің ашуына ие бола алмағандықтан жұмыссыз қалғанын үй-ішіне келіп айтуы керек қой!
Біздің біліуімізше, оның отбасының жиып-тергені көп емес, ал жиған-тергенінің бәрін колледжде оқитын ұлының аяғына тұруына көмектесіп, оған жақын болу үшін көшіп келуге жұмсаған болатын.
Әлгі адам қызмет жолын енді бастаған кезінде мінезі өт керемет еді, үнемі күлімсіреп жүретін, алайда үнемі үстеме жұмыс алып отыруы оған ауыр салмақ салды да ол қатты ашуланшақ адамға айналып кеткенін өзі де білмей қалды. Оның басына жақсы ойлар келуден қалды, үнемі наразылық танытып, әр нәрсеге разы болмай жүретін болды. Бірақ оның ашуға ширыққаны сондай кеңседе басқа бір қызметкерді итеріп қалады деген ой ешкімге де келмеген еді!
Оның өз көңіл-күйін бақылауда ұстай алмауы, теріс эмоциялардың бұрқ етіп сыртқа шығуына әкеліп соқты, ал мұның соңы оның жұмыссыз қалуына, беделінің түсуіне әрі отбасы тұрақтылығының шайқалуына келіп тірелді.
Осыған ұқсас көптеген оқиғаларды көре отырып, біздің сүйікті Пайғамбарымыздың (ﷺ) маңызды кеңестерін еске алмауға болмайды.
Әбу Хурайра (р.а.) бір адамның Пайғамбарымызға (ﷺ) келіп: «Маған кеңес бер», - деп айтқанын келтірген. Сонда Пайғамбарымыз (ﷺ) оған: «Ашуланба!», - деген. Әлгі адам өз өтінішін бірнеше рет қайталағанда Пайғамбарымыз (ﷺ): «Ашуланба!», - деп айтқан.
Құран мен сүннетке сай ашуды қалай жүгендеуге болады?
Құран мен сүннетте өз кемшіліктерін қалай анықтап, олардан қалай құтылудың көптеген жолдарын табуға болады. Міне, солардың бірнешеуі:
1. Көмек сұрап үнемі Аллаға сиыну әрі дұға жасау
Күнделікті бес уақыт намаз мүмінді әрбір істе Алладан көмек сұрауға үйретеді. Әр намазда біз былай айтамыз: «Саған ғана құлшылық қыламыз, әрі Сенен ғана жәрдем тілейміз!» (1:5).
Сондай-ақ, Құранда Алла былай айтқан: «Раббыларың: «Маған жалбарыңдар! Тілектеріңді қабылдаймын...» (40:60).
Сонымен қатар, Пайғамбарымыздың (ﷺ) мынадай көркем дұғасы бар: «Уа, Алла, Сенің тылсымды білетін іліміңе әрі жаратқандарыңның үстінен жүргізетін билігіңе сиынамын. Маған өмірдің қайырлы екенін білсең маған өмір сыйла, егер Сен мен үшін өлімнің қайырлы екенін білсең, онда менің жанымды ал. Уа, Алла, Сенен ашық әрі жасырын түрде тақуалық сұраймын, сондай-ақ, ашу мен ризашылықта Сенен хақ сөзді сұраймын, кедейлік пен байлықта Сенен ұстамдылық сұраймын, Сенен үзілмейтін қайыр мен таусылмайтын көз рақатын сұраймын. Есептен соң Сенің ризашылығыңды, өлімнен соң қайырлы өмірді тілеймін. Уа, Алла, Сенің Жүзіңді көруді нәсіп ете гөр, Сенімен кездесуім зиянсыз әрі адастыруға жетелейтін бүліксіз болғанын қалаймын. Уа, Алла, бізді иманмен безендір әрі бізді тура жолды көрсететіндердің және тура жолда жүретіндердің қатарынан ете гөр. Барлық мақтау бүкіл әлемнің Раббы Аллаға тән» (Сунан ан-Насаи).
2. Қарғыс айтылған шайтаннан Аллаға сиыну
Құранда: «Ал енді сені шайтаннан бір түлен түртсе, сонда Аллаға сиын. Өйткені, Ол әр нәрсені толық естуші, білуші» (41:36), - деген аят бар.
Бұл жөнінде Сүлеймен ибн Сард жеткізген хадисте былай келтірілген: «Екі ер адам бір-бірімен ұрсыса жөнелгенде біреуінің беті қызарып, мойнындағы көктамыры білеуленіп шыға келгенде мен Пайғамбарымыздың (ﷺ) қасында отырған едім. Сонда Пайғамбарымыз (ﷺ): «Асылында, бұл қалыптан құтқаратын бір сөзді білемін: Шайтаннан Аллаға сиынамын (Аузу билляхи мина ш-шайтани р-раджим)» (Бұхари, Мүслим), - деген.
3. Қалыпты өзгерту
Әбу Зарр Алла Елшісінің (ﷺ) былай айтқанын келтірген: «Тұрып тұрған біреу ашуланар болса, отырсын. Егер сонда да оның ашуы тарқамаса, онда ол жатсын» (Әбу Дәудтің Сунаны).
4. Үнсіздік
Алла Елшісі (ﷺ) былай айтқан: «Кімде-кім Аллаға және Қиямет күніне иман келтірсе, тек жақсы сөз айтсын немесе үндемесін» (Бұхари, Мүслим).
Ашуды ауыздықтаудың қадамдық тәсілдемесі
Эмоция мен ойлар мінез-құлықпен байланысты, бұл дегеніміз, егер адам мақсатты түрде өз ойларына ықпал ете алса, онда ол эмоциясы мен сезімін де билей алады. Және бұл адамның мінез-құлқын жақсы жаққа қарай өзгертеді.
Жұмыста ашуды жүгендеудің келесі қадамдық тәсілдемесін қолданып көруге болады:
1. Ашу шақыратын триггерлерді немесе факторларды анықтау.
2. Эмоцияға талдау жасау, эмоциялық реакцияны тудыратын оқиғаны анықтау.
3. Эмоциялық шиеленісушіліктен құтылуға көмектесетін оң дағдыларға ие болу.
4. Ашу реакциясын төмендететін ескертпелі шараларды қолдану.
Жұмыста ашуды басудың бірінші қадамы — жеке психологиялық триггерлерді анықтау. Бір адамның қытығына тиетін нәрсені, екінші адам көзіне де алмайды. Өз триггерін анықтап алған адам өзін қолында ұстайтын болады. Сезімдерінің себебіне талдау жасап, оларға қалай әсер ету жағын анықтайтын болады.
Жұмыс орнындағы эмоциялық триггерлер:
- Жете бағаланбау сезімі.
- Қызметкерлер жағынан жағымсыздық сезіну.
- Үлгере алмау себепті үнемі қысымды сезіну.
Ал жұмыс кезінде ашуға берілмес үшін үнемі дұға жасап жүру керек әрі ашу енді бастала бастағанда терең-терең демалып, біраз өз-өзін тыныштыққа шақырған абзал.
Ашу басталған кезде жасалатын оң амалдар:
- Ашу кезінде Алладан көмек сұрап, жан-тәніңізбен Оған сыйыныңыз, бірақ автоматты түрде зікір айта жөнелмеңіз.
- Ептеп мұрныңызбен ауа жұтып, аузыңыздан дем шығарыңыз. Өз дем алуыңызды бақылаңыз. Жүрек соғуыңыз қалпына келмегенше, біреумен тілдесудің қажеті жоқ.
- Өзгелерден оңашаланып, зікір айтыңыз, сондай-ақ, дұға жасаңыз.
- Құран оқыңыз немесе тыңдаңыз.
- Қалпыңызды өзгертіңіз, егер тұрып тұрсаңыз — отырыңыз немесе жатыңыз.
- Дәрет алыңыз.
Алдын-алу тәсілдері
Ашуға бой алдырмай, өзіңізді қолыңызда ұстай алатын жан болсаңыз – өте жақсы, бірақ ашудың алдын-алу тәсілдерін білгеніңіз аса маңызды. Егер сіз ашуға бой алдырғыш болсаңыз, мұндай тәсілдер сіздің өміріңіздің бір бөлігіне айналғаны дұрыс.
Негізгі тәсілдер мыналар:
- Құранды оқып, ойлануға үнемі уақыт табыңыз. Алла Тағала былай айтқан: «Сондай иман келтіргендер, Алланы еске алу арқылы көңілдері жай тапқандар. Естеріңде болсын, Алланы еске алумен жүректер орнығады» (13:28).
- Алла Елшісінің (ﷺ) өмірбаянын оқып-біліңіз, өз эмоцияңызды уысыңызда ұстап үйреніңіз әрі Пайғамбарымыздың (ﷺ) адамдармен қандай көркем түрде қарым-қатынс жасағанынан үлгі-өнеге алыңыз.
- Жұмыс уақыты аяқталған соң отбсыңызға көңіл бөлмей қоймаңыз. Тіпті әлдебір жұмысыңызды үйге алар болсаңыз да жұмысыңыз күте тұрады: есіңізде болсын – үйде отбасы маңызды.
- Күйзеліске түсе бермес үшін, уақытыңызды тиімді пайдалануды үйреніңіз.
- Физикалық жаттығулар жасауға арнайы уақыт бөліңіз де үнемі онымен айналысып отырыңыз әрі әр апта сайын салауатты өмір салтын ұстануға ұмтылыңыз.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні:
Ашу триггерлерін белсенді түрде танып, алды-ала анықтап отыратын адамдар, өзінің және отбасының рухани және эмоциялық ахуалын уысында ұстайтын болады. Өз мінез-құлқын бақылай алатын адамның әр ісі қай жағынан алып қарасаңыз да нәтижелі болып шығады.
Ал жұмыс істейтін кәсіпқой мамандарға келер болсақ, олардың өз ашуын билеп-төстей алуы командада жұмыс істеу қабілетін арттырады әрі міндеттерді әділетті түрде бөлуге үйретеді.
Сол себепті ашуды жүгендеу техникасын жете меңгеру тек жеке өмірде ғана емес, сондай-ақ, мәдени еңбек пен отбасында жақсы қарым-қатынасты қалыптастыруда да оң ықпал етеді.
asyldin.kz