Денсаулыққа қажет 6 кеңес: сүннет пен заманауи ғылым ұсынады

Денсаулыққа қажет 6 кеңес: сүннет пен заманауи ғылым ұсынады

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Екі дүние сардар Пайғамбары Мұхаммедтің (ﷺ) пайдасы мен маңызы заманауи ғылымға бекітілген денсаулыққа қатысты сүннетін сіздердің назарларыңызға ұсынамыз.

Тура жолда жүріп, екі дүниеде де бақытқа бөленіп, Алланың разылығын табуда асыл Пайғамбарымыздың (ﷺ) сүннеттерін ұстану таптырмас қазына іспетті. Бұл туралы қасиетті Құранда былай делінген: «Шүбәсіз, Алла елшісінде сендер үшін әрі Аллаға және ақирет күніне бар үмітін артқан (Алланы және ақирет күнін жан-тәнімен қалайтын) һәм Алланы көп еске алып, Оған көп құлшылық ететіндер үшін қай жағынан алсақ та, теңдессіз үлгі-өнеге бар» делінген (33:21).

Сүннетті ұстану әрі міндетіміз болса, әрі онда өзімізге, денсаулығымызға пайдалы қаншама ғибрат пен мән-мағына жатыр! Келесі сүннеттердің әрбірінің, әсіресе, денсаулығымызға тигізер пайдасы орасан зор:

Ерте тұру

Пайғамбарымыздың (ﷺ) таңғы азанмен тұратын әдеті болған. Ерте тұру – күні бойғы нәтижелік пен еңбекке қабілеттілікті арттырып, жалпы алғанда, денсаулықты жақсартады. Көптеген адамдарға ерте тұру бір қиын әрі мүмкін еместей көрінеді, бірақ ақырындап осы әдетті дамыту – сіздің өміріңіздің сапасын айтарлықтай жақсартады.

Орынды тамақтану

Дұрыс тамақтану - Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (ﷺ) сүннеті болған. Соңғы он жылдардағы бірнеше зерттеулер дәлелдегендей, орнымен тамақтану – аурулардың көркем алдын-алуы болып табылады. Алла Елшісі (ﷺ): «Тамақтанғанда асқазанның үштен бірін суға, үштен бірін тамаққа, үштен бірін ауаға қалдырыңдар», - деп өсиет еткен.

Су ішу

Белгілі хадисте былай айтылған: «Суды бірден жұтып салмай, аз жұтыммен ішіңіз, суды бірден сіміріп салудан бауыр ауруы пайда болады». Бұл Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (ﷺ) су ішу сүннеті. Қазіргі таңда көп мөлшердегі суды бірден жұтып алу салдарынан бас ауырып, ағзадағы электролит теңгерімі бұзылып, соңында бауыр ауруына әкеліп соғатынын ғылым дәлелдеген. Суды демалып, аз жұтыммен ішу одан көп мөлшерде пайда алуыңызға мүмкіндік береді.

Ораза

Соңғы зерттеулер дәлелдегендей, біздің денсаулығымызға тек ас қабылдауымыз ғана емес, сонымен қатар, сол асты қабылдау уақыты да әсер етеді. Пайғамбарымыз Мұхаммед (ﷺ) оразаны тек қасиетті Рамазан айында ғана ұстап қоймай, сондай-ақ, басқа айларда да жүйелі түрде ұстап отырған.

Осындай арасы үзіліп отыратын ауыз бекітулер гормондық жүйеге жақсы әсер етіп, күйзелу мен ашушаңдықтың алдын алатындығын ғалымдар дәлелдеген. Адам асты аз қабылдаған сайын, оның ағзасы ас қорыту мен энергияны қалпына келтіруге жұмылады.

Құрма жеу

Құрма пальмасы – жер бетіндегі ең қасиетті, игілігі мол, пайдасы орасан зор ағаштардың бірегейі. Құрманы Пайғамбарымыз (ﷺ) мұсылманға ұқсатқан. Себебі, нағыз мұсылман қарапайым болғанымен айналасына пайдалы келеді емес пе? Құрма да сол секілді: жапырағы түспейді, жеміс беруін үзбейді. Иә, құрма – Алла мейірімінің ғажап бір көрінісі, адамзатқа сый етілген мәртебелі жеміс. Құрма – жеміс атаулының мырзасы: әрі тағам, әрі дәрі, әрі шырын, әрі қуат көзі...

Құрма – көптеген пайдалы қасиеттері бар ғажайып өнім. Дұрыс тамақтануды білетін адамдар супер өнімдермен таныс келеді, ал құрма — солардың бірі. Құрма қандағы қанттың мөлшерін тұрақтандырады, қандағы холестериннің азаюына ықпал жасайды, жүрек-қан тамырларының ауруының алдын алады. Талшықтарға бай құрма ауыз ашардағы ең үздік өнім болып табылады.

Белсенділік

Алланың Сүйіктісі (ﷺ): «Күшті мұсылман әлсіз мұсылманнан қайырлырақ», - деп айтқан.

Исламның бес шартының үшеуі адамның физикалық дайындығына негізделген: намаз - физикалық жаттығулар топтамасы болып табылса, қажылық пен ораза ұстауда да мықты денсаулық қажет, өйткені денсаулықсыз біз бұл құлшылық түрлерін өтей алмаймыз. Пайғамбарымыз Мұхаммед (ﷺ) суда жүзу, атпен жүру, садақ ату сияқты тәсілдермен өз денсаулығын нығайтып, физикалық белсенділігін арттырып отырған. Алла Елшісі (ﷺ) өз үмбетіне салауатты өмір салтын насихаттап, соны дамытуға шақырғанын байқаймыз. Ендеше, мұсылман адам денінің саулығына септігін тигізетін және оны шынықтыратын спорт түрлеріне әуестенгені жөн. Спорт денсаулық кепілі болса, аманатқа берілген денсаулықты сақтау біздің міндетіміз. Біздің асыл дініміз салауатты өмір салтын құптайды.

asyldin.kz

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: