Қартайған жаста жақсылықты көп жасау

Қартайған жаста жақсылықты көп жасау

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Әлемдердің Жаратушысы Алла егер өмір берсе баршамызда кәрілікке жетеміз. Аллаға шүкір салиқалы өмір кешіп «Ұрының өзіне лайық сойылы бар, кәрінің өзіне лайық орыны бар» дегендей, олар өз орнын, қадыр-қасиетін жақсы білетін, ұрпақ алдындағы жауапкершілігін терең сезінетін. Дүйім жұртты ауызына қаратып, ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстаған, ұрмай-соқпай айтқанына көндіріп, айдағанына жүргізген, айырылғанды теліп, адасқанды тура жолға салған небір көреген сұңғыла, мәмілегер қарттар әр өңірден табылатын. Шаршы топта аталы сөз, келелі кеңес бастап, ел-жердің өткен-кеткен тарихынан сыр шертетін, ауызынан шыққан әрбір лебізі кесек-кесек алтынға пара-пар даңғыл көнелердің бір шамасын біз де көріп қалдық. Бірақ өкінішке орай олардың арасы сиреп, азайыпта бара жатқанын көреміз. Ақсақалдар азайған жоқ. Керісінше, тек оларға тән сипат пен мінез-құлық қалмай бара жатқаны жасырын емес. Өйткені, бұрынғының қарттары Алладан қорқып, Пайғамбар болған Мұхаммедке (с.ғ.с.) бойсұнуға, намаз оқып, ораза ұстауға шақырды. Адал еңбек пен сабырға, барға қанағат етуге үгіттесе, бүгінгілер ішкен-жегендерін, жас кезінде ойнап-күлгендерін, одан қалса, тәрбиелік мәні жоқ шетелдік телесериалдар жайлы қызықтыра әңгімелейді. Интернет жүйесінде жүрген Үндінің сериялына елжіреп, еңкілдеп жылап отырған әжемізді көріміз айтып отырғаным. Тіпті, жаназада, ғибрат алатын орын қабір басында қарқылдап күліп, орынсыз қалжыңдасып жатқанына талай рет куә болғанымызды қалай жасырарсың? Қаралы үйде қаза қабырғасын қайыстырып отырған үй йелеріне «шайың суық» деп дау шығарушыларды көрудеміз. Міне, осыдан барып, кейбір үлкендерімізді ақсақал деуге аузың да бара бермейді. Ал, кейбіреулерінің дастарханға дұрыс бата да бере алмайтынын көргенде іштей налисың. Әрине, барлығы осындай деп тағы айта алмайсың. Құдайға шүкір, халықты айтқан сөзімен өзіне қарататын, атқарған ісімен көпшілікке үлгі, елдің бірлігі мен тыныштығы үшін аянбай тер төгіп жүрген данагөй қарияларымыз да баршылық. Ал, керісінше ата сақалы аузына түссе де, қутыңға басып, жастардай желігіп жүргендерді көргенде қынжылып қалатынымыз да жасырын емес. Осы кезде Алла Елшісі (с.ғ.с.) бір хадисін еріксіз еске аларсың: «Жастардың қайырлысы – қарттарға ұқсағаны. Қарттардың нашары – жастарға еліктегені», – деген (Бухари 6/351). Бойымыздағы күш қуат күн санап әлсіреп, жастығымыз минуттап алыстай бастаған шақта болар. Ақындар, философтар, жалпы адамдардың біразы  кәрілікті, қартаюды табиғаттың күзіне теңейді, кейбіреулері күннің батуына теңейді. Ал енді өміріміздің күзі, күніміздің батуы жақсы болу үшін өмір бойы адам өз нәпсісімен күресу қажет. Кәрілікті лайықты түрде қарсы алу үшін жастық шағымызды, кәртейгенде «пах шіркін егер жастығымды қайтарғанда онда былай істер едім» -деп өкінбес үшін салиқалы өткізуіміз қажет. Алланың алдында есеп беруді ойламайтын көпшілік адамдар, кәрілік жететінін, шаштың ағарып, күштің кететінін көп ойламайды. Ол азаматтар оларға біреу қарап, ата, апа немесе қария демейінше оны ойламайды. Өйткені, Алла елшісі: «Адам кәртейген сайын оның екі нәрсесі жасарады, біріншісі ұзақ өмір сүруге махабаты, екіншісі дүниеге» деген екен. (Бухари). Алла алдында есеп беретінін ойлаған мұсылман Алла елшісінің (с.ғ.с) сүйікті пайғамбарымыз (с.ғ.с) да былай деген:

عَنِ بْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللهُ عَنْهُمَا قَالَ : قَالَ رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ

اِغْتَنِمْ خَمْسًا قَبْلَ خَمْسٍ:

شَبَابَكَ قَبْلَ هَرَمِكَ

وَصِحَّتَكَ قَبْلَ سَقَمِكَ

 وَغِنَاءَكَ قَبْلَ فَقْرِكَ

وَفَرَاغَكَ قَبْلَ شُغْلِكَ

وَحَيَاتَكَ قَبْلَ مَوْتِكَ

«Бес нәрсе келмей тұрып, бес нәрсенің қадірін біліңдер:

1) Кәрілік келмей тұрып жастық шақтың,

2) Ауру келмей тұрып денсаулықтың,

3) Жұмысбастылық келмей тұрып бос уақыттың,

4) Кедейлік келмей тұрып байлықтың,

5) Өлім келмей тұрып өмірдің қадірін біліңдер!» (Хаким) хадисіне сай амал етеді. Қуатты да, шуақты жастығымызды Алланы тануға, Алла дінін үйреніп, пайғамбар сүнннетін сүйіп үйренсек, жадымыздың мықтылығында аз да болса құран аяттарынан жаттасақ, міне осы нығмет. Өйткені, жастық шақта алынған білім тасқа таңба басқандай, ал кәрілікте алған білім құмға жазу жазғандай болатынын баршамызға аян. Жас кезінде бәлкім білмей, бәлкім елемей Құран жаттауға көңіл бөлмеген қариялардың қазіргі уақытта қиналғанын көрудеміз. Қуатты кезіміздегі көз жанарын сақтап, түрлі тыйым салынған нәрселерге назар салмасақ, ілім-білім алуға ұмтылсақ қарттығымыз қазыналы болатыны сөзсіз. Иә, қарттық бұл мәңгі дүниемен жалған дүние арасындағы елеулі аялдама, ал өмір деген жолымыздағы кәрілік деген соңғы аялдаманың қандай болатыны сол өмірімізді қалай өткізгенімізге байланысты. Махшар алаңында әрбір адамның амал дәптері өздеріне таратылған соң, Алла Тағала пенделерінен жеке-жеке есеп алады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) бір хадисінде әрбір адамнан мына бес сұрақ міндетті түрде сұралатындығын айтады: 

لَا تَزُولُ قَدَمُ ابْنِ آدَمَ يَوْمَ الْقِيَامَةِ مِنْ عِنْدِ رَبِّهِ حَتَّى يُسْأَلَ عَنْ خَمْسٍ عَنْ عُمُرِهِ فِيمَ أَفْنَاهُ وَعَنْ شَبَابِهِ فِيمَ أَبْلَاهُ وَمَالِهِ مِنْ أَيْنَ اكْتَسَبَهُ وَفِيمَ أَنْفَقَهُ وَمَاذَا عَمِلَ فِيمَا عَلِم

  • Өмірін қайда өткізгендігі
  • Жастықшағынқалайөткізгендігі
  • Мал-дүниесінқандайжолментапқандығы
  • Мал-дүниесінқалайжұмсағандығы
  • Білгендеріменамалетіп-етпегендігі(Тирмизи, Қиямет),

Міне жас кезіміздегі нығметтерді пайдалану өзіміздің қарттығымызға тиімді. Алла Тағала Құранда ақырет күнінде осы дүниеде бізге берілген барлық нығметтен жауапқа тартылатынымыз жайында айтылған:

 ثُمَّ لَتُسْأَلُنَّ يَوْمَئِذٍ عَنِ النَّعِيمِ

«Соңында, сол күні (дүниеде пайдаланған) нығметтерден міндетті түрде сұраласыңдар!» («Тәкәсур» сүресі, 8-аят).

Кейбір кездерде адамдардың кәрілікті бір мүгедектік, бір кемшілік санап, өмірден күдер үзгендер бар. Олай істеуіміз Алланың нығметін, құдіретін бағаламау болып қалады. Құдіреті күшті Алла Құранда:

 

اللَّهُالَّذِيخَلَقَكُممِّنضَعْفٍثُمَّجَعَلَمِنبَعْدِضَعْفٍقُوَّةًثُمَّجَعَلَمِنبَعْدِقُوَّةٍضَعْفًاوَشَيْبَةً ۚ يَخْلُق

ُمَايَشَاءُ ۖ وَهُوَالْعَلِيمُالْقَدِيرُ.

Ол сондай Алла сендерді әлсіз жаратып, сосын әлсіздіктен кейін күш беріп, сосын күштен кейін нашарлатып, кәртейтті. Ол, қалағанын жаратады. Сондай-ақ Ол, аса естуші, тым күшті. (Рум сүресі, 54 аят). Міне, қайта осы жасқа жеткенімізге шүкірлік білдіру, құлдық парымыз екен. Өміріміз қайта Исламның құндылықтарымен әсемдеп, парыздарымен гүлдендіріп, ісімізді сүннетпен сусындатсақ адамдардың жақсысы боларымыз сөзсіз. Өкінішке орай жастарымызға дін, оның ішінде намаз жайлы айта бастасақ «зейнетке шыққанда оқимын» десе, шаштарына ақ түскен атам қазақ айтпақшы «пайғамбар жасына» жеткен қарияларға айтсаң «бізге несін айтасың, сүретін өмірді сүрдік, көретінін көрдік, айтсаң жастарға айт солар істесін» дегенді естіп жатармыз. Бұл бір бейне түйеқұс секілді. Түйеқұсқа «түйе екенсің кел, жүк артайық десе, жоқ мен құспын деп, құс болсаң аспанға самға десе, жоқ мен түйемін» деп сылтауратады екен. Алланың әмірін орындауға адам баласына еш нәрсе себеп болмау қажет, Алла алдында барғанда жасы жеткен адамдардың ешбір сылтауы қабылданбайды екен. Бұл жайлы пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с): 

عن أبي هريرة عن النبي صلى الله عليه وسلم قال أعذر الله إلى امرئ أخر أجله حتى بلغه ستين سنة

«Алла Тағала алпыс жас ғұмыр берген құлының ешбір сылтауына құлақ аспайды» (Бұхари) деген. Ерекше мейірімді Алла бізге кітап түсірді, Өзінің кітабын қарапайым етіп түсіндіріп, өмірде қолдануға болатынын өзінің ғибратты өмірімен үлгі көрсеткен елшісін (с.ғ.с) жіберді. Ал мұндайда сылтау айту қисынсыз болары хақ. Жаратушы Иеміз өмірін зая кетіріп, өкініп, бізді қайтар дейтін құлдарына Құранда:

أَوَلَمْ نُعَمِّرْكُم مَّا يَتَذَكَّرُ فِيهِ مَن تَذَكَّرَ وَجَاءَكُمُ النَّذِيرُ

«Сендерге ойланып-толғанған адамның (бұл өмірден) ғибрат алып аңғара алатындай жеткілікті ғұмыр нәсіп етпедік пе? Сонымен қатар, сендерге ескертуші (пайғамбар да) келген» («Фатыр» сүресі, 34 аят) дейді.

Өмірімізде, әсіресе шашымызға ақ түскен шақта, бұрынғы ренжіскендерімізді кешіріп, ағайынның арасын татуластырсақ, өз өмірімізбен балаларға, бүлдіршіндерге ғибрат болсақ, тар жол тайғақ кешуде жаңылысқан жастарға жол көрсете білсек, амал дәптерімізді көркем істермен толтыра білсек,  міне сонда нағыз ұтушы адам болармыз. Өйткені, Алла елшісі Мұхаммед (с.ғ.с) имам Тирмизи риуаят еткен хадисте:

 أَيُّ النَّاسِ خَيْرٌ ؟ ، قَالَ : مَنْ طَالَ عُمُرُهُ وَحَسُنَ عَمَلُهُ...

            Уа, Алланың елшісі (с.ғ.с) «қай адам жақсы? – деген сұраққа, «адамдардың абзалы өмірі ұзақ және амалдары көркем болғаны» деген екен. Хәкім Абайша айтсақ:

«Кеше бала ең, келдің ғой талай жасқа,
Көз жетті бір қалыпта тұра алмасқа.
Адамды сүй, Алланың хикметін сез,
Не қызық бар өмірде одан басқа?!»
, – деп қысқа қайыруға да болады.

 

Дана бабаларымыздан қалған «Жақсы адам қартайса — қазына» деген сөз бар. Бабалар айтып, бізге жетсе, ол сөздің асыл болғаны.

Өміріміздің үлгілі болуы, тек жеке басымызға ғана емес артымыздан еріп келе жатқан ұрпақ тәрбиесіне де үлкен әсер етері анық. Қазыналы қарттарымыз Аллаға шүкірлік етіп, шариғаттан айтып, ұлағатты сөздерімен, инабатты істеріменен дін мен дәстүрімізді сабақтастыра отырса керемет болады. «Қыз анадан үйренбей өнеге алмас, ұл атадан үйренбей сапар шекпес» дегендей артыңнан ерген ұрпақ ұлылық ұлағатыңа, аталық тағылымыңа зәру болып қалмасын ағайын! «Өсетін елдің қарты қазына, өспейтін елдің қарты қазымыр болар», – деген дана халқымыз. Жазушы ағамыз Ш. Мұртаза «Дүйім жұрт сөзін тыңдап, пікіріне құлақ асқанды абыз дейді. Ауыл-аймаққа әмірі жүретінді ақсақал атайды. Ал елдік сананы қалыптастыра алмай, ауыл-аймақ күйбеңінің шырғалаңында жүргенді шал дейді» – деп қарт пен шалдың арасын ажыратып бергендей. Кәрілік жеткенде салиқалы амалдарымызбен қазыналы қарт болуға асығайық, жөнсіз қартайған шал болудан сақтанайық. Қазыналы қарттардың сол елдің тек тәрбиесіне емес, берекесінің себепшісі болатынын Алла елшісі (с.ғ.с) «Үйдің берекесі қарттарда» деп айтқан. Дұға қабыл болатын қарт болып, артынан дұға жасайтын ұрпақ тәрбиелеуге асығайық. Ал біздің, арттық лек ұрпақтың міндеті ақсақалдарымызды, ақ жаулықты әжелерімізді құрметтеу мұсылмандық парыз екенін ұмытпай, әрекет ету.

Дәуренбек ЖАНДОСҰЛЫ,

Аудандық «Қордай» мешітінің

бас имамы дінтану магистрі

 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: