Ислам діні алғашқы күндерінен бастап, әйел затының құқығын қорғап, қоғамдағы мәртебесін көтерді. Ата-ананы қыз балаға жақсы тәрбие беріп, сүйіспеншілікпен өсіруге шақырды. Оларды мәпелеп, еркелетіп өсіруге жігерлендірді. Сол үшін жәннатпен қызықтырды. Мысалы, Әбу Һурайрадан (ол кісіге Алла разы болсын) жеткен риуаятта Алланың елшісі (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: “Кімде үш қызы болып, оларды асырауға, машақатқа, қуанышына төзіп, сабыр етсе, Алла ол адамды қыздарына рахым еткені үшін жұмаққа кіргізеді. Сонда сахабалардың бірі: – Уа, Алланың елшісі! Екі қызы болса да солай бола ма? – деп сұрайды. Алланың елшісі: – Екі қызы болса да солай – деп жауап береді. Тағы бір кісі: – Бір қызы болса ше? – дейді. Алланың елшісі (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) оған да: – Бір қызы болса да солай – деп жауап береді. (Ибн Мәжа, Ахмет) Осылай жылдар бойына мәпелеп өсірген қызды тұрмысқа беретін кез де келеді. Сол уақытта күйеу болашақ жарына мәһәр береді. Мәһір – ер адамның қалыңдығына жасайтын сыйлығы. Ол кейбіреулер ойлағандай қалындықтың құны немесе ақысы емес. Ер адам мәһірді беріп, қалындықты меншігі сияқты сатып алып жатқан жоқ. Керісінше, мәһір дегеніміз, ер азаматтың әйел адамға деген мұқтаждығын білдіреді, оның болашақ қалындығына шынайы сезімін көрсетеді. Күйеу жігіт қалындығына белгілі бір мөлшерде сыйлық жасайды. Бұл туралы Құранда былай делінген:
Қалыңдыққа жеке берілген сыйлық мәһір деп аталады. Мәһірдің нақты мөлшері жоқ, бірақ күйеу баланың атаған сыйын қалыңдық азырқанса, онда неке қиюшы имам күйеу жігітке болашақ зайыбының көңілінен шығатындай дәрежеде сый жасауы керектігін ескертеді. Бұл екі жастың арасындағы келісім. Жоғарыда айтқанымыздай мәһір – қалындықтың жеке мүлкі. Тіпті, екі жас ажырасып кетсе де күйеуі «берген сыйымды қайтар» деп немесе қайын жұрты «біздің баланың саған берген сыйын қайтар» деп даулауға құқығы жоқ. Себебі, ислам мәһірді – әлсіз әрі нәзік әйелдің жеке мүлкі етіп белгілеген. Ол оны жалғыз, қорғансыз қалған жағдайда (жесір қалса немесе ажырасып кетсе) немесе материалдық, мұқтаждық көрген жағдайда қажетін өтеуі үшін жаратуы мүмкін. Пайғамбар да (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сахабаларды қалың мал беруге шақырған. Абдуллаһ ибн Масғудтан (ол кісіге Алла разы болсын): «Алланың елшісі: «Уа, жігіттер тобы! Сендерден кім қалың мал беруге құдіретті болса, үйленсін. Бұл оның көзіне, жыныс мүшесіне қайырлы. Кімнің (қалың мал беруге) шамасы келмесе, ораза ұстасын...», – деп айтты» деген риуаят келген (Бұхари, Мүслим). Келесі риуаяттан екі жастың үйленуі үшін мәһірдің қаншалықты маңызды әрі оны жастың келісуімен болатынын байқаймыз. Себебі, біреудің әлеуметтік жағдайы қалындығына үй сатып алып беруге жетсе, енді бірінің материалдық жағдайы алтын сақина алуға ғана құдіретті. Сондықтан, мәһір мәселесінде мұқият болғанымыз жөн.
Саһл ибн әс-Сағидий (ол кісіге Алла разы болсын):
Хадистен көргеніміздей, қалыңдыққа беретін мәһірдің белгіленген шамасы жоқ. Бұл екі жастың келісімімен болады. Хадистен шығатын түйін, қалындыққа құрмет әрі сүйіспеншіліктің белгісі ретінде мәһірдің міндеттілігі. Қандай болған жағдайда да мәһірді беру қажеттілігі. Бірақ, бұл мәселеде мынадай жағдайдан сақ болуымыз керек. Кейбір теріс дін ағым өкілдері қазақ қыздарымыздың дінге деген ықыласын пайдаланып, «мәһірді сұрамасаң сауап болады, кейін жағдайым келгенде беремін» немесе «Менің алтын сақина алуға жағдайым жоқ, сүннет бойынша Құран оқып берсем де рұқсат» деген сияқты түрлі сылтаулар айтып айламен үйленеді. Дінді дұрыс білмейтін жас қыздарымыз олардың алдауларына түсіп қалады. Дінді жамылып, бұрмалайтын қулар жиі үйленіп, жиі ажырасып жүруді әдеттеріне де айналдырып алған. Ислам адамды алдап үйленуге рұқсат бермейді. Бұл дінімізге де, дәстүрімізге де жат. Өкінішке қарай, темір тордың арғы жағында отырып, телефон арқылы үйленіп жатқан теріс дін ағым өкілдері де осылай жасайтыны жасырын емес. Сондықтан, сөз соңында жастарымыз, қарындастарымыз осындай теріс дін ағым өкілдерінің айлаларынан сақ болсын демекпін. Шынайы мұсылман алдап шаңырақ көтермейді. Ол өзін де, өзгелерді де құрметтейді.
Сұлтанмұрат ӨТЕШҰЛЫ, дінтанушы