«Жан бар жерде қаза бар» демекші, өлім хақ. Осы ретте, жаназа рәсімдерінің жөн-жоралғысын шариғат тәртібімен жасап, ақтық сапарына аттандыру маңызды. Мәйітті жуындыру, кебіндеу, жаназа намазын оқу, жерлеу рәсімдері. Кей өңірлерде мәйіттің қызметінен бұрын мал сою, халыққа ас беру сияқты амалдарға ерекше мән беріліп, мәйіт оң жақта жатып қалады. Көптеген мұсылман елдерінде мәйіт шығарылғаннан кейін ас беріледі. Дұрысы – осы.
Бұрынғы көненің көзін көріп жүрген үлкен кісілеріміз төсек тартып жатқан кезінде молданы шақыртып, «иманымды үйірсін» деп жататын. Мұндай кезде Құран оқылып, «Ләә иләһә иллаЛла» калимасын айтқызады. Егер өздігінен айта алмаса, құлағының түбіне бірнеше рет қайталанады. Себебі мұсылманның соңғы сөзі «Ләә иләһә иллаЛла» болса, дүниеден жақсы өткенінің бір ишарасы. Жаны шыққаны анық белгілі болғаннан кейін көзі жұмылады, себебі шыққан жанға адамның көзі түскендіктен, ашық қалады. Жағы байланып, аяқ қолдары түзетіледі. Жаназа намазы оқылғанға дейін оң жаққа қойылады. Екі адам қолдарына арнайы медициналық қолғап киіп, мәйіттің ішкі дәретін алдырады. Осы жерде айта кету керек, кейбір адамдар бұрынғылардың қолғапты шүберектен жасағандығын алға тартып, қазір де солай ету керек деп жатады. Бұл – қате пікір. Себебі бұрынғы уақытта арнайы медициналық қолғаптар болған жоқ. Барымен амалдауға тура келді. Ал қазір бұл әрі ыңғайлы, әрі тазалық тұрғысынан да – ең тиімдісі. Біріншіден, мәйіт таза жуылады, екіншіден, жуған адам да жиіркенбейді, үшіншіден, неше түрлі аурулардың таралуының алдын алады. Тағы бір ескерте кетер жайт, кейбір адамдар сол мәйіт жуған бөлмеге көрпе салып, қабіршілерге тамақ береді. Мұндай бөлмені хлормен тазалап жуып, есік-терезесін ашып, екі-үш күн жел қақтыру керек. Онда ас ішуге болмайды. Кейбірінің мәйітті жуған лас шүберекпен науқас адамды немесе малды сипайтынын да естіп жатамыз. Мұндай әрекеттер тазалыққа, мұсылманшылыққа да жат нәрсе. Ондайдан ұзақ болғанымыз абзал. Мәйітті жуындыруға пайдаланған қолғап, шүберектер өртеледі. Мәйіттің іші кеуіп көтерілмес үшін үстіне ауыр зат қоюға болады. Киімі шешіліп, асты-үстіне жұқа төсеніш төселіп, шығаратын күні толық жуылғанша сол бөлмеде мәйіттің оң жағы құбылаға келетіндей етіліп, жүзі құбылаға бұрылып жатқызылады. Кейін мәйітті кебіндеу, жерлеу рәсіміне дайындалады.
Мәйітке жылау мәселесіне келсек, Пайғамбарымыз (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) бұл жөнінде: «Менің көздерім жылайды, жүрегім қайғырады, бірақ тілім Алланы, тағдырды жазғырмайды», - деген екен. Әрине, жақыныңның қазасы қабырғаңды қайыстырады. Бірақ мұсылманшылық әдептерін сақтап, мәйіттің жағын ойлаған дұрыс. Себебі хадисте орынсыз сөздермен жоқтаудың кесірінен мәйіттің зиян шегетіндігі айтылады. Әсіресе, мәйітті алып бара жатқанда әйел адамдардың артынан жүгіріп, айқайлап, дауыс көтеруі жөн емес. Оның орнына Алла алдынан жарылқасын, жақсылығын көбейтсін деген ниетте іштей дұға-тілекте болу қайырлы болмақ.
Ғабит Маткаримов