«Бүгін тамаша табиғаттың, күн көзінің куәгері бола алмадың. Өйткені, төсектесің. Иә, бұлай боларын мүлде ойламап едің, жоспарыңның күл-талқаны шыққан сияқты. Шарасызсың, шамасызсың. Ауру жаныңды жегідей жейді.
«Қай жерің ауырса жаның сол жерде» деген аталы сөз есіңе қайта-қайта түседі. Сенен басқа бәрі де бақытты сияқты. Әлемде сенен жағдайы нашар адам жоқ тәрізді. «Енді не болар екен, қашан ауырғаны тоқтар екен?» деген ой маза берер емес...»
Бұл күй ешкімге де таңсық емес. Өйткені, өмірде әйтеуір бір рет ауырып көрдік немесе қазір де төсекке таңылып жатырмыз. Осы жағдайды бастан кешіріп жатқан жақындарымыз бар. Адам жаны қысылғанда жүрегіне қуаныш сыйлайтын бір жағымды жаңалықты күтеді емес пе? Жақсылықты, сүйіншіні аңсайды, жеңілдікке шөлдейді. Олай болса, қуаныңыз! Алланың асыл діні тығырықтан шығар жолды әлдеқашан паш еткен болатын!
СЕНІҢ ЖАҒДАЙЫҢ ҚАНДАЙ ҒАЖАП?!
Мұсылманда қиындықты дұрыс пайдалану арқылы игілікке жету мүмкіндігі бар! «Мүміннің ісі қандай ғажап! Оның ісінің барлығы ол үшін жақсылық. Сондай-ақ, ол мүміннен басқа ешкімге берілмеген: егер оған бір қуаныш келсе, ол Аллаға шүкірлік етеді, ол оған жақсылық болады. Ал егер оған бір қайғы келсе, ол оған сабыр етеді, ол оған жақсылық болады». (Муслим)
Сөзсіз, ауру-сырқат – адамға қиындық тудырады, уайым-қайғы құштырады. Яғни, бұл – сынақ. Егер, ол басына келген дертке сабыр сақтаса, Алла туралы жақсы ойласа, Одан келетін жазадан қорқып, онан сайын Аллаға жақындай түссе, мұның соңы адам үшін жақсылыққа ұласады. Алланың басқа салғанына разы күйде Оның Даналығына, Пәктігіне зәредей шүбә келтірмей, қиындықтың соңынан екі бірдей жеңілдікті күту, сыйды дәмету – мұсылманның ең қайырлы ісі.
«ТЕЖЕГІШ» ӘР ПЕНДЕГЕ ҚАЖЕТ!
Хикметін, жемісін түсіне білген адам үшін ауру – нығмет саналады. Дұрыс ұйықтай да, тамақ та іше алмайды, ауру жанын қинайды, жайлылықты сезіне алмайды. Мұнан қандай пайда бар деуіңіз мүмкін. Зерделеп көрсеңіз, ауру-сырқау адамға өзінің қаншалықты шамасыз, әлсіз, Күштіге мұқтаж екендігін дәлелдейді. Тіпті, ғұламалар ауруды «көлік тежегішіне» (тормоз) балаған.
Өйткені, ауру адамды тәубесіне келтіреді, бір қалыпқа түскен, күнәмен көмкерілген өміріне тоқтау салады, ескертеді. Басқа күндері Раббысын ұмытып, өзін табысты, тәуелсіз сезініп жүрген пенде қарапайым жөтелін тоқтата алмағанда, қызуын түсіре алмағанда, ақыры, төсектен тұра алмағанда Аллаға қаншалықты мұқтаж екендігін түсінеді. Одан Пана іздейді, басқа нығметтерден айырылып қалмас үшін шүкірін көбейтеді. Бұл бір жаңбырлы күні қолшатыр іздеген, қыстың суығында жылы киімге қол созған адам секілді. Әлсіз Күштіні көп еске алады. Ал бұл – сыйдың үлкені.
«Алла Тағала Өз құлдарынанан кімді қаласа, ол (пендеде) садақа бермеген бірде-бір күн, түн немесе сағат та болмайды және Алла Тағала Өзінің құлдарынан ешкімге Өзін еске алудың (қажеттілігі туралы ойды) санасына жеткізуіне тең келе алатын нәрсе сыйлаған емес» (ибн Мәжаһ). АЛЛАНЫҢ саған деген сүйіспеншілігі Хадисте «Алла кімге жақсылық қаласа, оған сынақтар (қиындықтар) жібереді» (Бұхари); «Шындығында үлкен сынаққа, үлкен сауап бар, Егер Алла Тағала адамдарды жақсы көрсе, Ол оларды сынақтарға салады да, одан кейін оларға ризалығы ретінде игілік жібереді, ал сол кезде наразылық білдіргендер Оның ашуына ұшырайды» делінген (Тирмизи).
Алланың ең сүйікті құлы болған Мұхаммед Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бұл үмбетте ең үлкен сынақты басынан кешкен жан. Ол кісінің басына қағанақ қойылды, аяқтары қанатылды, беттері жырылды, бір шатқалда құрсауға алынды. Тіпті ағаш жапырақтарын жеді. Туған жерінен қуылды, күрек тісі сынды, пәк әйелінің намысы тапталып, жала жабылды, жетпіс сахабасы өлтірілді, көзі тірі кезінде перзенттерінен айырылды. Аштықтан ішіне тас байлап жүрді. Құрастырғыш ақын, сиқыршы, балгер, жынды, өтірікші деген жалалар жабылды. Ол кісіні Алла мұндайдан сақтасын. Бұлар сөзсіз болатын бір сынақ еді. Ибн Масғуд (оған Алла разы болсын) былай деді: «Бірде мен Пайғамбарға (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) кірген едім, ол кісі безгектен қалтырап жатыр екен.
Мен: «Я, Алланың елшісі! Безгегің неткен ауыр!» дедім. Ол кісі: «Әрине! Мен безгектен сендерден екі есе қатты азаптанамын» деді. Мен: «Бұл саған екі есе сауап берілетін болғандықтан ғой?» деп сұрадым. Ол: «Иә, ол солай» деді (Бұхари, Муслим). Алла пәк! Қиындық қаншалықты үдеген сайын оған берілетін сауап та үлкен болады екен-ау! «Алла Тағала сені сынаса – үніңді естігісі келгені, ал дұға жасауға мүмкіндік берсе – жауап бергісі келгені». Ендеше, АЛЛАНЫ қуантуға асық, өзің де қуаныш табарсың...
КҮНӘЛАРЫҢ АҒАШ ЖАПЫРАҚТАРЫНША ТӨГІЛЕДІ...
Тиынның екі беті болатыны секілді, ауруға тап болған адамның көрер тағы бір пайдасы бар. Ол – күнәсінің жуып-шайылуы. Бізді анамыздан қаншама есе жақсы көретін Алла Тағала құлын қинағысы келмейді. Тозақ отына жануын да қаламайды. Сондықтан Ол құлы ертең Қияметте азап шекпес үшін, осы дүниеде күнәларының ағаш жапырақтары секілді төгілуіне мүмкіндік жасайды. Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Қандай да бір мұсылманды зиян шалса, тікенектен бастап Алла онымен оның жамандықтарын кешіреді және ағаш жапырақтарынан қалай арылса, ол да солай күнәларынан арылады» деді (Бұхари, Муслим).
«Мұсылманға не кездіксе де, ол мейлі шаршау болсын, ұзақ ауру болсын, мазасыздану болсын, қайғы болсын, қолайсыздық болсын, керек десеңіз тікенектің шаншығаны болсын, Алла Тағала ол үшін міндетті түрде күнәләрінің бірін кешіреді (Бұхари, Муслим). «Егер Алла Өзінің құлына игілік қаласа, онда оның күнәләрінің жазасын осы дүниеде береді, ал егер жамандақ қаласа, онда оның күнәләрінің жазасын Қияметте толығымен беру үшін бұл дүниеде бермейді» (Тирмизи).
ЕСЕПСІЗ СЫЙДЫҢ ИЕГЕРІ СЕН БОЛУЫҢ МҮМКІН!
Алла Тағала Құранда: «Біз сендерді аздаған қауіп-қатермен, аштықпен және мал-мүліктеріңнен, (жақын) жандарыңнан, өнімдеріңнен айыру арқылы сынаймыз. Сабыр етушілерді сүйіншіле, солар бір қайғы жеткенде: «Ақиқатында, біз Алланыкіміз әрі әлбетте, біз Оған қайтушымыз» дейді. Міне, соларға олардың Раббысынан игілік пен мейірім бар. Әрі олар – тура жолмен жүрушілер» («Бақара» сүресі, 155-157-аяттар); «Ақиқатында, сабыр етушілерге берілетін сыйлары – есепсіз...» («Зумәр» сүресі, 10-аят) дейді.
Ағып жатқан өзенді елестетіңізші, таусылып бітер жерін көресіз бе? Бұл сый да соншалықты шексіз. Бір адам сізге есепсіз ақша беремін десе, қалай қабылдар едіңіз? Ал әлемдердің Раббысының есепсіз сыйын елестету тіптен мүмкін емес! Сондықтан да, сахабалар бір-бірінен «Сынақтарың бар ма?» деп сұрасатын. «Жоқ» деген жауапты естісе «Өздеріңді тексеріңдер» деп ескертетін болған екен. АУРУДЫҢ ҚАРЫМТАСЫ – ЖӘННАТ Алла Елшісінен (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) жұқпалы ауру (чума) туралы сұрағанда ол былай деп жауап берді: «Ол Алла Тағаланың қалаған құлына жіберетін азабы. Оны Алла Тағала имандыларға Өзінің рахымы ретінде жібереді, сондықтан ол ауру келген қаладағы мұсылман барлық жақсылық пен жамандық Алланың жазуымен болады деп, Алланың сауабынан үміт етіп еш жаққа қашпай отырған мұсылманға, Алла жолындағы күресте қайтыс болғанның сауабындай сауап жазады». (Бұхари).
Алла Тағала: «Егер Мен құлымның екі сүйіктісін алып сынасам, ал ол оған сабыр етсе, онда Менің тарапымнан ол үшін оның сауабы, Жәннәт болады» деген. (Бұхари). «Екі сүйіктісі» дегені - ол екі көзі. Және Алла Тағала ешкімге шамасы келмейтін нәрсені жүктемейді делінген Құранда. Адамға сырқат немесе басқа бір қиындық берілсе, демек, оны көтере алатын болғаны. Өйткені, Алла – ең Дана Өлшеуші. Яғни, адам басқа түскенге сабыр сақтай алмай жатса, себепті өзінен іздегені дұрыс екен. Сонымен, сынақтың сыйы: жүрек тыныштығы, Аллаға сүйікті болу бақыты, Жаратушыңды еске алу нығметі, құлшылығыңның артуы, кешірім, Жәннат, дәрежеңнің көтерілуі. Біз бұл тартуға ие болу үшін – аурудың даналығын дер кезінде түсініп, тақуалықты арттырып, тәубе жасауға асығу керек екенбіз. Және сабырды серік етуге тырысқанымыз жөн.
Сабырдың 3 белгісі бар:
1. Қайғыңды өзгеге айтпау; 2. Қиналғаныңды әңгімелемеу. Өзіңнің сабырлық қасиеттеріңді дәріптеп-мақтанбау. Нағыз сабыр – соққының алғашқы сәтінде. Және сабыр – сабыр сақтауға тырысумен келеді. Дегенмен, аурудың осыншалықты артықшылықтарына қарамастан, тән – Алланың аманаты болғандықтан, адам өз денсаулығын күтуі, ауырса емделуге амал жасауы қажет.
СЫНАҚТЫҢ ДАНАЛЫҒЫН БІЛЕ ЖҮР!
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, сынақтың даналығы – адамды қинап қою емес, құлды Раббысына жақындату, құлшылығын арттыру, шүкірлігін көбейту. Себебі, осы нәрселермен адамның жүрегі тыныштық тауып, рухы азықтанып, бақытты сезінеді. Басқа түскен тауқыметтің нәтижесі мұндай нығметтерді көрсетпесе, керісінше, Алладан алыстатып жатса, онда пенденің қорқынышы үдей түспек. Өйткені, бұл – нығмет емес, жаза, екі дүниедегі қиындықтың бастауы болуы әбден мүмкін ғой...
Я, Алла, Сен Ұлысың! Мейірімділердің Мейірімдісісің! Я, Ғафу етуші, я, Кешіруші, я, Есіркеуші, күнәларымызды кешір! Әлсіздерге рақым ет! Сырқаттарға шипа бер! Сынақ туғанда сабыр етушілерден, қуанышта шүкір етушілерден, тағдырыңа, дініңе бойсұнушылардан ет! Сенің бергеніңді ешкім ала алмайды, Сенің алғаныңды ешкім бере алмайды! Сенен басқа құлшылыққа лайықты Тәңір жоқ!
asylarna.kz