Бүгінгі жаһандану заманында қоғамдағы жастардың әдепсіз әдеттерге, мұсылманға жат қылықтарға бой алдыруы, батыстық мәдениетке еліктеп, әзәзіл әуендерге елітіп, ақырында болашағынан үміт күттірген өскелең ұрпақтың ғасырлардан қалыптасқан ұлттық рухани құндылықтарға қарсы тұратын күшке айналуының себебі осы рухани тәрбиенің жоғалып бара жатқанынан.
Үйленіп тұрмыс құру жеке адамдардан немесе қоғамдық өмірге тығыз байланысты екені белгілі. Ер мен әйелдің бір-бірімен үйленуімен жанұя, жанұядан елдер, ұлыстар құрылады. Ұрпақ көбейіп өткен-кеткендердің орны толып, ел көркейеді. «Хужурат» сүресінің 13 аятында:
«Ей адамдар! Сендерді (бір еркек, бір әйелден (Адам мен Хауадан) жараттық. Біріңді –бірің танып біліп алуларың үшін, сендерді ұлттарға және руларға жіктедік. Алланың алдында ең ардақты болғандарың-(бұл жалғанда) тақуа болғандарың. Алла шексіз білгір, бәрінен хабардар» .
«Тал жапырағымен көрікті, тамырымен нәр алады» - деген қағидамен алдыңғы буын кейінгі ұрпаққа өзінің еңбегімен, үлгілі өнегелерімен, болашаққа сеніммен, үмітпен қарайтын имандылық нәрін бере білу керек. Алла Тағала әлемді жаратып, адамды жер бетіне иелік етсін деп оның бақытты өмір сүруіне барлық мүмкіншілікті жасап берді. Олардың арасында бір-біріне деген жауапкерлішіктерін, өзара мейірімділіктерін де беріп қойды. «Рум» сүресі 20,21,22 аяттарында:
«Сендерді топырақтан жаратқандығы, одан кейін адам болып (жер бетінде) таралуларыңның өзі де, Оның (құдыреттің) белгілерінің бірі. Бой ұрып тұрақтауларың үшін өз жыныстарыңнан жұбайлар жаратып, араларыңа сүйіспеншілік, мейірім орнатқандығы да оның белгілерінің бірі. Ой жүгірте білетін қауым үшін, мұнда көптеген ғибраттар бар екені шүбасыз. Көк пен жердің жаратылуы, тілдерің мен өздеріңнің алуан түрлі болуы да Оның белгілері. Осының өзінде де білімділер үшін көп ғибрат бар екені даусыз».
Жер бетінде нәсілдің таралуына ер мен әйелдің бір-біріне деген махаббаты жеткіліксіз. Ата-ананың балаларына деген мейірімі мен олардың алдындағы міндеттерін адал атқаруында. Ата-ананың балаларының алдындағы міндеттерінің бірі – ұл-қыздарын үйлендіріп, тұрмысқа беріп құтты орнына қондыру. Ұлы үйленіп, қызы тұрмысқа шығатын жасқа жеткен әке-шешеде кіммен құда болам, қандай келін келеді деген уайым болады. Ислам діні өмірдегі барлық жолдың шешімін тауып қойған. Пайғамбарымыздың (С.Ғ) мына бір өсиетінде:
«Адамдар төрт нәрсеге қарап үйленеді: біріншісі – сұлулығына қараса, екіншісі – байлығына қызығып үйленетіндері болады. Үшіншісі – тектілігіне қарайды және төртіншісі – имандылығына қызығатындары болады. Сендер төртіншісіне қараңдар. Оны өте аз адам таңдайды» - деген.
Сұлулық кімді болсада тәкаппар қылады. Бір күні сұлулық оларды тастап кетеді. Байлық сендерді оларға бағынышты қылады. Тектілік адамды мақтаншақ қылады. Әркім өз тегін айтып мақтанып жүргендер қаншама. Ал имандылық екі дүниенің бақытына жол ашады. Неке бұл дүниеде басталып, ақыретте де жалғасатын құлшылық. Ибн Абидин «Раддул Мұхтар» деген кітабында: «Адам атадан осы заманға дейін шариғат етіп қойылған кейін жаннаттада жалғасатын неке мен иманнан өзге құлшылық жоқ» - деген.
Неке бір жақты қаралмайды. Ер-әйел бірін-бірі толықтырады. Әйелде жоқ қасиет ерінде болады. Ерінде жоқ қасиет әйелден табылады.
Ата дініміз исламда неке қасиетті дүние. Адамзаттың таралуы мен сапалы ұрпақтың дамуында ерекше орын алады.
Алла Тағаланың алдындағы жалпы некенің қасиеттері:
I. Адамның талабын орындап, күнаға жол бермейді.
II. Ұрпақтың жалғасы.
III. Бала-шаға тәрбиесінде, асырауда жауапкершілік тудырады.
IV. Туыстық қарым-қатынасты күшейтеді.
V. Әркім өз міндетін білетін болады.
Ата-ана балаларының жар таңдау мәселесіне көмектесуі керек. Бүгінгі жастардың өмірдегі бір қателігі болашақ жарының иманы мен мінезіне қарамайды, сырт бейнесіне қарап жатады. Баласы мен келіні ұрсып қалып жатса өзіңнің тапқаның деп, өз басын алып қашып жүрген ата-аналар да баршылық. Дос таңдау кезінде немесе базардан бір зат сатып алуға араласып жүрген ата-ана өкінішке орай жар таңдау мәселесіне келгенде жауапкершілікті балаларының өздеріне тапсырып қояды. Неке деген адам баласы үшін өмірдің саудасы. Базар саудасында ұнамаған затыңды өткізесің, айырбастайсың, біреуге сыйлыққа беріп жібересің. Бірақ өмірдің саудасы болған некеде қателессең үлкен өкініште қаласың. Оны ешкімге бере алмайсың, өткізе алмайсың, сатып жібере алмайсың. Әбу Бәкірдың қызы Асма: «Неке құлдықтың бір түрі. Әркім өзінің кімге құл болайын дегенін қарасын» - деген. Қазақта «Қап қабымен, тезек теңімен» - деген мақал бекер айтылмаған. Кемеңгер ақын Абай:
Жасаулы деп, малды деп байдан алма,
Кедей қызы арзан деп құмарланба.
Ары бар, ақылы, ұяты бар,
Ата-ананың қызынан ғапыл қалма, - деп имандылықты бірінші орынға қойған.
Өкінішке орай, кейбір жастар сыртта жүріп танысқан адамымен заматтық неке деген желеумен ата-анаға білдірмей өздері жеке тұрып жатады. Азаматтық неке шариғатымызда тыйым салынған, харам істердің қатарына кіреді. Ондай некеде тұрғандарда бір-біріне деген жауапкершілік болмаған соң қаржыны бөлек ұстап, бөлек жұмсайды. Өз сезіміне сенім болмайды, баланы қаламайды. Күнаға бой алдырады. Зинадан туылған балалардың саны көбейеді. Тастанды балалармен жетімдер үйлері толып барады. Осындай олқылықтардың орнын қалай толтыра алады екенбіз.
Данияр қажы ЖҰМАБАЕВ,
«Һибатулла Тарази» мешітінің бас имамы.