Құдіретті Алла Тағала Адам Атаны жаратқанда, барлық періштелерге сәжде жасауды бұйырады. Қасиетті Құранда бұл оқиға былай баяндалған:
«Біз сендерді жараттық, одан соң сендерге кескін-келбет бердік. Содан кейін періштелерге «Адамға сәжде етіңдер! дедік. Сонда олар сәжде етті. Тек, (жыннан болған) Ібіліс сәжде етушілерден болмады»(7:11).
Көрдіңіз бе? Шайтан сонау Адам Ата жаралған уақыттан бастап бізді азғырумен, бізге зұлымдық жасап, арбап-алдаумен келеді.
Соның айтқанына еріп, айдауына жүргендердің күйінің қандай болатынын Алла Тағала Қасиетті Құранда ескертті емес пе? Ендеше, сол шайтанның қастандығынан, арам пиғылынан аман қалып, ақыретте оның «әскерінің» қатарында болғыңыз келмесе, онда төменде айтылатын игі амалдарды жиі орындап жүруге тырысыңыз.
Иман келтірген жанның бүткіл ғұмыры игілікке негізделіп, жақсы амалдар жасауға, Алла Тағаланың разылығын алуға ұмтылудан тұрады. Және өзін зұлымдықтан сақтап, шайтанның азғыруынан қорғануға күш жұмсайды. Шайтан бізді ақиқат жолдан тайдырып, ісімізді шатастырады, басқа жандармен қарым-қатынасымызды құртады. Сондықтан оның қастығынан, арам ойынан өзімізді, өз шаңырағымызды және істерімізді қорғап, қауіпсіздендірудің әрқайсымызға өмірлік маңызы бар.
Келесі амалдарды ұдайы жасап жүру арқылы осыған қол жеткізе аламыз:
Кез келген ісіңізді – «Бисмиллә» сөзімен, яғни, Алланы еске алумен бастаңыз. Бұл шайтаннан өзіңізді, жақындарыңызды, өз ісіңізді аластатудың ең басты әрі тиімді амалы. Осы сөзді айту арқылы адам өзін Алла Тағалаға тапсырады.
Құран сүрелері мен аяттарын оқу шайтаннан қорғайды. Егер өз шаңырағыңызды, өз істеріңізді қара сиқырдан қорғағыңыз келсе, онда «Бақара» сүресін оқуды әдетке айналдырыңыз. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай айтқан: «Бақара» сүресін оқыңдар, оны үнемі оқып отыруда береке бар, ал оқымай тастап кетсеңдер, сендер үшін — уайым, сиқыршылардың бұл сүреге әлдері жетпейді» (Ахмад, Мүслим).
Ал басқа бір хадисте былай келтірілген: «Шындығында, шайтан «Бақара» сүресі оқылатын үйден қашады» (Мүслим).
Сондай-ақ, хадистердің біріне сай, «Бақара» сүресінің соңғы 10 аяттары жиі айтылатын үйге шайтан кіре алмайды делінген (Дарими).
Сүйікті Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Намазға шақырған азан үнінен шайтан қашады» дейді.(Бұхари).
Осы себепті жаңа үйге көшіп кірерде ең бірінші азан айтылғаны абзал.
Хадистердің бірінде: «Үйлеріңде нәпіл (ерікті) намаз оқыңдар, өйткені парыз намаздардан соң оқылатын ең үздік намаз — бұл үйде оқылатын намаз» (Бұхари).
Ғалымдар мұның үш себебін түсіндіреді:
Нәпіл намаз – береке көзі;
Шайтаннан қорғайды;
Шынайылыққа себеп(Фатхул Бари).
Нәпіл намаз оқуды өзінің тұрақты әдетіне айналдырған адам, міндетті түрде өмірінің берекеге толғанын байқайды.
Жоғарыда айтылған барлық игі амалдарға қосымша Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) кез келген сүннетінде береке және шайтаннан қорғаныс бар. Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннетін мүмкіндігінше орындап отырсаңыз Алланың қалауымен өз үйіңіз бен істеріңізді шайтанның азғыруынан сақтап қаласыз.
muftyat.kz