Мұсылман болып өлген кісі жәннатқа барады

Мұсылман болып өлген кісі жәннатқа барады

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Харижиттер, Муғазилиттер, Шииттер, Мужассималар, Так- фиршілер секілді адасушы, көрінгенді, өзіне қосылмағанды тәкфир етумен пәтуа берушілерге айтарымыз Таухид сенімі бойынша, яғни Алладан басқа тәңір жоқ екендігіне сеніп өлген кісі Алла құзырында екі нәрсеге ие болады:

1. Тозақта мәңгі қалудан құтылады. Қандай да бір күнә істе- месін Алланың бұл уәдесі өзгермейді

2. Мына өмірде жасаған күнәсі үшін тәубе ете алмаған жағдайда тозақта күнәсі үшін жазаланып, түбінде міндетті түрде жәннатқа барады. Ал кәпір ешқашан тозақтан шықпайды. Сол себепті пенденің бір күнәсі үшін кәпір деп айыптау бос әурешілік. Себебі, иман келтірген ол пенденің ақырын Алла шешеді.

 Бұл жайында біздің дәлеліміз: Бухари мен Муслимде сахих деп қабыл етілген мына хадистер: «Жүрегінде бидайдай иманы болған кісі тозақтан шығады». «Алладан басқа тәңір жоқ» деген және осы сеніммен өлген кісі жәннатқа кіреді». «Күмәнсіз Алла өз разылығын ойлап, «лә иләһә иллаллаһ» дегенге отты харам етті». «Кімде-кім Алладан басқа тәңір жоқ екендігіне, Мұхаммед Алланың Елшісі екендігіне куәлік етсе, Алла оған тозақты харам етеді». Бухари мен Муслим Әбу Зардан мынадай бір хадисті риуаят етеді:

«Хз. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай деген: «Маған Жәбірейіл келді де:

- Сенің үмметіңнен кім Аллаға ешбір серік қоспастан өлетін болса, жәннатқа кіреді,- деп, мені сүйіншіледі. Сонда Әбу Зар:

 - Зина етсе де, ұрлық жасаса да ма?- деп сұрады.

- Ұрлық жасаса да, зина етсе де,- деп Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) жауап берді. Әһлі сүннет сенімі бойынша адам кәлима-и шахадат айтса мұсылман болып есептелді. Ал күнәсі үшін Аллаға өзі жауап береді.

Біз осындай сенімде болғандықтан харижиттер, такфиршілер және солардың ақидасын ұстанушы мұсылман ағымдарымен келіспейміз. Пайғамбарымыздың сахих хадисінде кәлима-и шахадат айтқан кісі ашық түрде жәннатқа барады деп айтылғандықтан біз солай сенеміз. Өйткені Құранда Пайғамбарымыздың айтқанына сенуді бұйырады: ْАлла және Оның Пайғамбары бір нәрсе жөнінде үкім айтса, мүминдердің еркек-әйелдері оны өз қалауына қарай бұрмалай алмайды. Егер кімде-кім Аллаға, Оның Пайғамбарына астамшылық жасаса, анығында, ол ашықтан ашық азғын адам боп саналады». َ

«Егер әлдебір үкім шығару үшін Аллаға, Пайғамбарға мүминдер шақырылса, олар естідік, бойұсындық деуі керек». Үлкен күнәлар иманды әлсіретеді, бірақ имансыз етпейді Харижит ақидасы бойынша үлкен күнә істеген мұсылман кәпір болады. Муғтазилиттер бойынша ондай кісі кәпір де, мұсылман да емес. Тәубе етсе тозақтан құтылады. Ал тәубе етпестен өлсе тозақтық болады деп сенеді. Сол секілді кейбір адасушы ағымдардың ақидасы осындай.

 Соңғы уақытта арамыздағы кей- бір мұсылман бауырлар өздерін сәләфпыз деп санап, харижиттер секілді өзгелерді такфир етуді әдетке айналдырды. Әһлі сүннет, яғни 4 мазһаб соның ішінде біздің Ханафи мазһабының ақидасы бойынша үлкен күнә істеген кісі иманнан шықпайды, тек күнәһар пенде болып саналады. Себебі олар айтқандай, амал мен иман бір емес. «Күнә істеген кәпір» деген пәтуамен келіспейміз. Дәлеліміз мынадай:

1. Құранда қысас аяты баян етілгенде (қараңыз: Бақара-178) өлтірген кісі мен өлген кісінің әке-шешелерін дін бауыры деп келтіреді.

2. Құранда Алла тағала: «Мүминдердің екі тобы соғысатын болса, араларын табыстырыңдар...» деп бұйырады. Аятта екі мұсылман тобы бір-бірімен соғысқан жағдайда да оларды «мүмин» деп атап тұр. Адам өлтірудің қаншалықты күнә екендігін ескерсек, бәрібірде ол иманнан шықпайды деген сөз.

3. 630 жылы Хз. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) мүшриктерге ес- кертпестен Меккені алу үшін жорыққа шыққанда Бәдір соғысына қатысқан Хатиб б. Әби Балта есімді сахаба меккелік құрайштарға хабар бермек болып бір әйелді жолдайды. Яғни «опасыздық, сатқындық» деп айыптайтын әрекетке барады. Алла оның бұл әрекетін Пайғамбарымызға білдіріп, әрекетін әшкерелейді. Оның бұл әрекеті үшін Хз.Омар: «Я, Расулуллаһ! Рұқсат берсең ба- сын шабайын. Өйткені ол мунафиқтық жасады» - дегенде, Хз. Пайғамбар (с.ғ.с.) оның бұл әрекетін күпірлік, яғни иманнан шығатын әрекет деп санамады.

4. Бір мұсылман шарап ішкенде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) жазаға тартады. Жазасын алып, кетіп бара жатқанда сахабалардан кейбіреулер: «Алла сенің жаныңды алсын»,- дейді. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Олай демеңдер. Одан да Аллам оны кешір. Аллам, оған мархамат ет», - деңдер дейді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) жамандықтың анасы болған ішімдік ішкен, яғни үлкен күнә істеген мұсылманды мүмин шеңберінен шығармай, керісінше, оған дұға етуді бұйырады.

5. Жоғарыда айтып өткеніміздей «лә иләһә иллалаһ» деген кісі зина жасаса да, ұрлық істесе де жәннәтқа баратындығына жоғарыдағы хадисті дәлел етеміз.

6. Тағы бір дәлеліміз Хз. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сахих риуаятпен жеткен хадисінде үмметінен үлкен күнә істегендерге ақыретте шапағат ететіндігін білдірген: «Шапағатым үмметімнен үлкен күнә істегендер үшін». «Әр пайғамбардың өзіне тән, жасағанда қабыл болатын бір дұғасы бар және онымен дұға еткен. Ал мен болсам дұғамды ақыретте үмметіме шапағат ету үшін қалдырдым».

Егер Хз. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) үмметінен үлкен күнә істегендердің өзіне шапағат ететін болса, демек олар қалайша кәпір болмақ? Кәпір болған тікелей тозақтық болады, оған Пайғамбардың шапағаты жүрмейді. Үлкен күнәға жататын әрекеттер жайында Хз. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.)былай дейді: «Сіздерге үлкен күнәлардың ең үлкенін айтайын ба?

 Олар: Аллаға серік қосу, ата-анаға қарсы келу және жалған куә жасау». Бұл хадисте үлкен күнәні үшеу деп айтса, мына хадисте жетеу екендігін білдіреді: «Азапқа ұшырататын жеті күнәдан сақтаныңыздар!- дегенде сахабалар: Олар не? – деп сұрады. Олар: Аллаға серік қосу, сиқыр жасау, хақсыз (орынсыз) адам өлтіру, жетімнің малын жеу, өсім жеу, соғыстан қашу, намысты және иманды бір әйелге зина жаласын жабу деп жауап береді» – дейді.

Ал басқа бір хадисте осы айтылған жеті күнәға қосымша: ата- анаға құрметсіздік пен мәсжидул Харамда күнә істеуді қосып, үлкен күнәні 9-ға шығарады. Мәселені қорыта айтар болсақ, Алланың кешірмейтін бір ғана күнәсі бар ол – Аллаға серік қосу. Одан басқа үлкен болсын, кіші болсын күнәлардың барлығын Алла қаласа кешіреді, қаласа жазалайды. Бұл жайында аятта былай дейді: Расында Алла өзіне серік қосқаны кешірмейді. Одан басқа күнәсі болса, ықыласы ауған адамын кешіреді. (Ей, Мұхаммед, менің атымнан) айт: Ей, өз нәпсілерінде шектен кеткен пенделерім! Алланың рақымынан түңілмеңдер. Алла сөз жоқ бар күнәні кешіреді. Алланың өте жарылқағыш, әрі өте мейірімді екені даусыз».

 Енді сөзімізді қоырытындылай келе айтарымыз, харижиттер, муғтазилиттер, тәкфирлар, сәләфтар (қазіргі сәләфтар), хизбуттықтардың айтқанындай ешбір мұсылманды күнәсі мен қателігі үшін тәкфир етуге яғни кәпір деп айтуға хақымыз жоқ. Сөзіміздің дәйекті болу үшін ұлы имамдардың пәтуаларымен аяқтайық: Әл-Мунтақа атты кітапта Әбу Ханифа әһлі қыбладан (мұсылмандар) болған ешбір кісі тәкфир етілмейді деген. Имам Шафи: «Мен әһлі хауа (нәпсіге берілген) мен бидғатшы ешбір кісінің кәулігін жоққа шығармаймын.

Тек Хаттабиядан (ағым) басқа. Өйткені олар өтірік айту халал екендігіне сенеді». Әбул Хасан Әл-Ашғари «Мақалатул исламиин кітабында»: «Мұсылмандар Пайғамбарларынан кейін кейбір мәселеде ихтилафқа (тартыс) түсті. Бұл тартыстың нәтижесінде кейбіреулері кейбіреулерін адасушылықпен айыптады. Ал кейбіреулері кейбіреулердан алыс тұруды жөн санады. Осылайша бірнеше ағымға бөлінді. Соған қарамастан ислам барлық ағымдарды өз шеңберінде, өз аясында ұстауда».

Имам Нәуәуи «Шархул муслим» атты кітапта былай дейді: «Мынаны біліп қой! Хақ мазһаб ұстанушылар бойынша қандайда бір күнә істеген ешбір кісі тәкфір етілмейді. Сол секілді әһлі хауа мен бидғаттан болған харижиттер, муғтазилиттер, рафизилер және өзге де ағым өкілдері де тәкфир етілмейді. Бірақ бір адам ислам діні тұрғысынан міндетті болып саналған үкімдерді біліп тұрып қабыл етпесе ғана оның діннен шыққандығына және кәпір болғандығына үкім етіледі.

Алайда жаңадан мұсылман болса немесе исламнан хабарсыз алыс жерде өмір сүрсе яки шындық оған жетпесе, ақиқат беймәлім болса, тәкфир етілмейді». Алла баршамызға жар болып, пенделікпен жасаған қателіктерімізді кешірсін. Адасқан бауырларымызға тура жолын нәсіп етсін. Әмин!

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: