Омар ибн Хаттаб (р.а.) халифа бола тұра қасындағы қызметшілермен тең араласқан құдайшыл адамдардың бірі. Ол бір адамды көтермелеп, екіншісін төмендетпеген. Оның бойында мұндай кемшілік жоқ еді.
Бірде Омар (р.а.) Мәдина шаһарынан Меккеге бағыт алады. Оның қасында көлігі және қызметшісі бар еді. Бұлар қаланың сыртына шыққан соң Омар қызметшісіне: – Біз екеуміз, ал көлік біреу. Егер көлікке мен отырсам, онда саған зұлымдық жасаған боламын егер сен отырсаң, онда маған әділсіздік қыласың. Ал егер екеуіміз отырсақ, онда жануарға зорлық қылған боламыз. Олай болса Меккеге дейінгі аралықты үш бөлікке бөліп алайық – дейді.
Сөйтіп жолдың үштен бір бөлігінде көлікке өзі отырады, екінші бөлігінде қызметшіні отырғызады. Жолдың үшінші бөлігінде жануарды алдарына салып, өздері жаяу жүреді.
Түйін: Расында да Алланың тақуа құлдары әдеттегі адамдардан ерекше келеді. Олардың жүрісі, қылығы және сөйлеген сөздері адамның жүрегінен орын алады.
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ