Ілім алу – тал бесіктен жер бесікке дейін

Ілім алу – тал бесіктен жер бесікке дейін

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

 Белгілі сахаба Омар (Алла одан разы болсын) айтады: Пайғамбарларың (с.ғ.с.) сіздерге былай айтқан: "Алла Тағала мына кітап (Құран) менен бір қауымның дәрежесін көтереді, бір қауымды қор қылады". Кімде-кім Құранды оқыса, Құран аяттарына амал қылса, Құран арам деген нерсені арам, адал деген нерсені адал десе, Алла оның дәрежесін көтереді. Ал енді, кімде-кім Құранды оқымаса, Құран аяттарына амал қылмаса, Құран тыйған нерседен тыйылмаса, Алла оны қор қылады. Өйткені, Құран білімнің бұлағы. Адамның адам болып жасауы үшін Құран түсірілген. Алла Тағала, Құран аяттарының бірінде: "Ар-Рахман, Құранды үйретті жәна инсанды жаратты" деп айтқан. (Ар-Рахман, 1-3-аяттар).

 Не үшін Алла Тағала бірінші Құранды үйретуін, одан соң адамды жаратуын айтты? Себебі, Құран жоқ болса, инсанның өмір сүрудегі мақсаты да жоқ болмақ. Құран – адамзат тіршілігіне бағыт көрсететін кітап. Егерде инсан Құраннан тіршілік мейзамын үйрене алмаса, онда бұл тіршілігіндегі мақсатын да таба алмайды. Құран менен тіршілік қыла алмаған адам, адамдық сипаттарға ие бола алмайды. Құран бізге тіршілік мейзамын үйретеді. Құран бізге білім береді. Жер бетіне түскен Құрандағы бірінші аят – "Оқы". Құранда білім және білімділердің артықшылығы жөнінде 375 аят келген.

Дініміздегі тура хадистердің негізгі топтамасы болған Имам Бухаридің кітабында білім туралы 106 хадис айтылған. Бәріміз көріп-біліп жүрміз, білімді адамдар бұл дүниеде қандай жақсы өмір сүріп жатады? Олар да байлығы, билігі жоқ болса да, әрдайым жақсылықтың үстінде, көңілі ашық, өмірі шат, ешқандай қайғы-қапаға алдырытпайды. Адамдар арасында сый-құрметке ие. Бірақ, бұл білімділерге берілген жақсылықтың бір ғана шеті. Білім – адамның пейішке кіруіне себеп болады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): "Кімде-кім білім алу үшін жолға шықса, Алла Тағла оған пейіш жолын жеңіл қылып қояды" – деп айтқан.

Білімнің пайдасы адам өліп қалғанан кейін тоқтап калмастан, қияметке шейін жалғаса береді. Хадисте: "Адам каза болғанда барлық амалдары тоқтайды. Бірақ, үш түрлі амал бар, олар қияметке шейін жалғасын таба береді, жасаған жақсы істері (мешіт көтерген, көпір салған, су жоқ жерде су шығарған), үйреткен білімі, артында қалған иманды баласының дұғасы". Демек, білім алып, оны басқаларға үйреткен адам бұл дүниеден өтіп кетсе де білімінің пайдасы қияметке шейін жалғаса береді. Білімділерді бір ғана адамдар емес, періштелер де, Алла Тағала да сүйеді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айтқан: " Білім алу үшін жолға шыққан адамға періштелер қанатын төсейді".

 Білім алып жүрген баласының аяқ киімінің табанын тазалап жатқан ананы көріп, таңданған адам: - Не үшін аяқ киімнің үстін емес, табанын тазалап жатсыз? – деп сұрайды. Анасы: - "Білім алып жүрген адамның табанына періштелер қанатын төсейді" деген хадисті естігенмін, періштелердің қанатын басатын аяқ киімнің табаны таза болуын қалаймын.

 Пайғамбарымыздан білімнің артықшылығы туралы көп естінен сахабалардың білім жөнінде айтқан сөздеріне құлақ салайық. Пайғамбарымыздан көптеген хадистерді айтып, жеткізген Ибн Умар (Алла одан разы болсын) айтады: "Дін үйрену үшін бір сағат отыру – алпыс жыл нәпіл намаз оқыған сияқты болады" деген. Хасан әл-Басри Бақара сүресі 201 аятындағы «Уа, Раббымыз! Бізге бұл дүниеде жақсылық бер және ахыретте жақсылық бер» деген аятта бұл дүниедегі жақсылық бізге білім және ғибадат, ал ахыреттегі жақсылық жәннәтқа кіргіз,- деген мағынадағы дұға деген. Белгілі мазхаб башысы Имам Ахмад айтады: "Егерде білім алушының ниеті тура болса, онда оған ешкім тең келе алмайды. Оның ниеті – білімсіздікті жойып, жақсылыққа шақыру болуы керек". Ибн Ияаьз (Алла оны рахым қылсын) айтады: "Бұл дүниеде пайғамбарлықтан өткен ұлық нерсе жоқ, ал пайғамбарлықтан кейінгі жасылық не? дегенде - білім алу және оған амал қылу". Имам Шафи (Алла оны рахым қылсын) айтады: "Білім алу – нәпіл намаз окудан жақсы. Білімді жақсы  көрмеген адамда жақсылық болмайды. Білім алуға қызықпаған адамменен достаспаңдар!"

Абу Хурайра менен Абу Зар (Алла олардан разы болсын) айтады: "Қайсы бір білімнің түрін үйрену үшін отыру – мың рәкәғат нәпіл намаздан жақсы". Муаз бин Жабал (Алла одан разы болсын) айтады: "Білім алыңдар! Білім алу – Алладан қорқу. Білімді талап қылу - ғибадат, алған білімді қайталау - тасбих, білімге ынталану - жихад, алған білімді тарқату – құрбандық, білімді білмегендерге үйрету – садақа".

 Білімге қарағанда байлықты жоғары қойған адамдарды кезіктіреміз. Олардың саяз түсініктерінде, байлық болса, бәрі болады, білімнің керегі жоқ. Бірақ, байлық пенен білімді бір-бірімен салыстыруға болмайды. Байлықты байлық қылған да – білім. Білімсіздің қолына байлық тисе, ол сөзсіз адасады.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде: "Дүниеде төрт түрлі адамдар болады:1. білімі де, байлығы да бар. Ол біліміне амал қылады, байлығынан садақа береді, туысқандары менен қарым-катнаста болады. Бұл – адамдардың ең жақсысы. 2. білімі бар, бірақ байлығы жоқ. Ол білімді болғандықтан "Егер менің байлығым болғанда, жақсы істерге жұмсайтын едім" деп ниет қылады. Жақсы ниеті менен бірінші адам жеткен дәрежеге жетеді. 3. байлығы бар, бірақ білімі жоқ. Білімсіздіктің кесірінен  малын тура емес жолға жұмсайды. Туғандарына қайыр-садақа қылмайды. Зекет бермейді. Бұл – ең төменгі дәрежедегі адам. 4. байлығы да, білімі де жоқ адам. Білімсіздіктің кесірінен: "Менің байлығым болғанда, ана адам сияқты жаман жолдарға жумсайтын едім" деп ниет қылады. Бұл адам жаман ниетіменен төменгі дәрежедегі адамға  ұқсап қалады ". Енді, білімменен байлықтың айырмашылығын айта кетейік. Білім – пайғамбарлардан қалған мирас, байлық. Падишалардан, байлардан қалған мирас. Білім иегесін қорғайды, байлықты керісінше иегесі қорғайды. Білімді шашқан сайын көбейеді, байлықты шашқан сайын азаяды.

Білім иегесімен бірге қабірге кіреді, ал байлық болса, иегесі өлгеннен кейін басқаларға қашады. Білімдіге барлық адамдар мұхтаж болады, байға кедейлер ғана мұхтаж болады. Білімдінің қадыр-қасиеті білімінде болғандықтан, әрдайым толып-тасып тұрады, байдың қадыр-қасиеті байлығында болғандықтан, егер байлығынан ажыраса, қадыр-қасиеті қоса кетеді.

Білімді топтаған адам – білімге шақырады , байлықты топтаған адам – байлыққа шақырады. Білімді адамның тіршілігі тыныш болады, бай адамның тіршілігі қорқыныштың құшағында өтеді. Исламда білім алуға шек койылған емес. Білім бір ғана мектепте, университетте алынбайды. Хадисте, пайғамбарымыз (с.ғ.с.): "Бесіктен қабірге дейін білім алыңдар!" – деп айтқан. Сондықтан да білім алуда әйел, еркек деп  бөлінген емес Хадисте: "Білім алу– әрбір мұсылман еркекке және әйелге парыз" деп айтылған. Білім алудың аймағы да шектелген емес. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): "Қытайға барып болса дағы, білім алыңдар!" - деп айтқан. Білімді кімнен алуды да шектеген емес. Бір хадисте: "Данышпандық - табылмас байлык. Оны кімнен көрсеңдер, содан алыңдар " деп айтылған. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): "Білместіктің дәрісі – сұрау" – деп айтқан. Білім алуда сұраудан еш қашан ұйялмау керек. Алла Тағла Құран Кәрімде, пайғамбарымызға қайрылып: "(О, Мұхаммед) "Раббым! Менің білімімді көбейткін! деп дұға қыл" – деп бұйырған. (Таха, 114-аят).

Егерде білімнен жақсырақ нәрсе болғанда, Алла Тағала пайғамбарын сол нерсесін сұрауын бұйыратын еді. Бірақ, Алла Тағала пайғамбарын білім сұрауға бұйырды. Білім алу – Ғазауат (күрес) сияқты. Хадисте: "Кімде-кім мешітіме бір жақсы білімді үйрену үшін, не үйрету үшін келсе, ол ғазауат қылушының орнында болмақ. Кімде-кім мақсатсыз  келсе, біреудің бұйымына көз жүгіртіп кеткен адам сияқты болмақ" деп айтылган. Демек, заман талабына сай күрес қылу үшін білім алуға әрекет қылайық. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадисінде айтқандай, бір аят болса да, басқаларға жеткізейік! Алла Тағала білімділердің санын көбейтсін, білім себебіменен елімізге тыншытық, тоқшылық, береке берсін! Ұрпақтарымыздан білімді,салихалы азиз перзенттер нәсіп етсін! Амин.

Ерлан БӨЛЕГЕНОВ,

Мойынқұм аудандық мешітінің бас имамы

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (2)

Оқи отырыңыз: