Ниет пен ықыласың дұрыс болсын!

Ниет пен ықыласың дұрыс болсын!

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Мейірімді және Рахымды Алланың атыменен бастаймын.

Адамның құлшылыққа жақындауы да, құлшылықтан алыстауы да, оның ниетіне байланысты. Ал, ниеттің мекені – жүрек. Қашан адамның жүрегі жақсы ниеттерге толса, ол жақсы ізгі амалдарды атқарады. Сондықтан Пайғамбарымыз: (Оған Алланың сәлемі-салауаты болсын): «Адамның денесінде мүштімтей ет бар, егер ол таза болса, барлық дене таза болады. Егер ол бұзылса, барлық дене бұзылады. Ол мүштімтей ет, адамның жүрегі» – деп айтқан. Мұсылман адам әрбір амалды Алла үшін атқаруға ниет қылуы керек. Өйткені, амалдардың барлығы ниетке байланысты. Кейбір адамдар мықты амал жасайды, дегенмен, ниеттің дұрыс болмауынан олар ешқандай пайда ала алмайды. Енді бір адамдар дұрыс ғибадат жасайды, бірақ ниеттің бұзықтығынан, олар еш қандай сауапқа жете алмайды. Олардың жасаған ғибадаттары қаншалықты жақсы болса да, Алла оларды қабыл қылмайды. Себебі, ниет тура емес. Әлбетте, Алла жүректегі сырларды білуші.

 Алла Тағала Құранда: «Жүректеріңдегіні ашық айтсаңдар да, жасырсаңдар да, Алла оны біледі» – деп айтылған. Демек, амалдар сыртқы көрінісінде қаншалықты көрікті, қаншалықты толық болмасын, ниет тура болмайынша қабыл қылынбайды.

Пайғамбарымыз (Оған Алланың сәлемі менсалауаты болсын) және оның сахабалары Меккеден Мединаға көшіп барғанда Пайғамбарымыз (Оған Алланың сәлемі-салауаты болсын) ниет жөніндегі ең мағыналы хадисін айтты. Хадисте Пайғамбарыбыз: ( Оған Алланың сәлемі-салауаты болсын): «Расында амалдар ниетке байланысты. Расында әр бір адам ниетіне жетеді. Кімнің көшуі Алла және Оның елшісі үшін болса, онда оның көшуі Алла және Оның елшісі үшін болады. Ал кімде-кімнің көшуі дүние үшін болса, оған да жетеді, немесе әйел үшін болса оған да үйленеді. Оның көшуі не мақсатта болса, сол мақсатына  жетеді» – деп айтты.

Пайғамбарымыздың (Оған Алланың сәлемі мен салауаты болсын) бұл хадисті айтуына бір адамның Меккеден Мединаға көшуі себеп болған. Бұл адамға Мединалық әйел егер көшіп келсең тұрмысқа шығамын деп уәде берген болатын. Осы әйелге үйленуге ниет қылып, көшкендігі үшін ол ниетіне жетіп әйелге үйленді. Бірақ Алла және Оның елшісі үшін болған көшуінің сауабынан кұр қалды. Ниеттің тура еместігі яғни адамды ең үлкен сауаптан тыс қалдырады. Ниет тура болса, төсегінде жатып қайтыс болған адам шахиттің сауабын алады. Мәселен, Табук соғысынан қайтып келе жатқан кезде, Пайғамбарымыз ( Оған Алланың сәлемі-салауаты болсын): «Мединада қалған кейбір адамдар бар, олар бізбен бірге қиян-ойпаттарды басып өткен жоқ. Бірақ, олар бізбенен бірге. Себебі, олар зарур себептермен соғысқа шығалмай  қалған» – деп айтқан.

Аллаға болған ықылас бұл – Алланың пендесіне берген өте үлкен сыйы. Алла Тағла хадисул-кудусиде айтады: «Менің сырларымнан болған бір сыр бар, оны сүйген пендемнің жүрегіне салып қоям. Одан оны періште де ала алмайды және шайтан да бұза алмайды». Демек, кімнің жүрегінде Аллаға деген ықылас болса, оның ғибадаттары қабыл болады. Кімнің жүрегінде Аллаға деген ықылас жоқ болса, оның ғибадаттары қабыл болмайды. Бір адам Пайғамбарымызға (Оған Алланың сәлемі-салауаты болсын) келіп:

– Уа, Алланың елшісі. Мен намаз оқимын, ораза ұстаймын, зекет беремін т.б. ғибадаттарды атқарамын. Бірақ, оларды атқарып жатқан мезгілде адамдар көрсін деген ниетпенен атқарамын. Мен сауапқа ие боламын ба? – деп сұрады. Пайғамбарымыз: ( Оған Алланың сәлемі-салауаты болсын) оған жауап беруге қамданып калған кезде, Жәбрайл періште, Кахф сүресінің 110-аятын уақи етті. Аятта Алла Тағала: «Кімде-кім Раббысына (бақытты ахуалда) жолығуын қаласа, жақсы амалдарды жасасын және амал қылуда Аллаға ешкімді серік қылмасын» – деп айтқан еді. Сондықтан Пайғамбарымыз: (Оған Алланың сәлемі-салауаты болсын) – «Кейбір намазды  оқушылар бар, олар Алланың ашуынан басқа еш нәрсені таба алмайды. Кейбір ораза ұстаушылар бар, олар шаршап және аштықта болудан басқа еш нәрсе таба алмайды. Кейбір Құран оқушылар бар, оларға Құран қарғыс айтады» – деген.

 Араларымызда да осындай адамдар бар. Мысалы, мекеніміздегі тәуіп, көріпкел және бал ашқыштарға караңыздар… Әрбірінің алдында Құран тұрады, бірақ олар Құранның бір таңбасын да оқи алмайды, Құранның ішіндегі бір аятқа да амал қылмайды. Құранда: «Алладан басқаға сыйынушылар кәпір болады, ғайыпты, көместі Алладан басқа ешкім білмейді, бал ашу, көріпкелдікпен айналасу шайтаның амалы» - деп ескерткен жүздеген аяттардың бар екені олар біле ме? Олар Құранды жанына қойып алып оқығандай болады, ал қарапайым халық сеніп, тура жолдан адасып бара береді. Шындығында, оларға ақылсыз адамдар ғана сенеді. Жолымды аштырайын деп үлкен қызметтегі, елдің сеніміне кірген кейбір адамдар барып жатады. Егер олар біреудің жолын ашып бақытты қыла алса, біріншіден өздерінің жолдарын ашып алмай ма? Жер астындағы жасырын қазыналарды тауып алмай ма? Арзымаған 1000-2000 теңге табу үшін елді алдайды. Жол ашу, бақытты қылу қолынан келсе, майлы-сүті жұмыс тауып алып, үйінде жатпайды ма?! Жоқ, оның аузынан тек жалғандық шығады, ақылсыз байқұстарды алдағаннан басқа ешнәрсе келмейді. Мүлем ақылға сыймайтын дүние… Міне, осындайларға Құран қарғыс айтады.

Ниет пенен ықлас тура болмаса, ғибадаттың қабыл болмағаны қоса, кейде адамды азапқа да душар қылып коюы да мүмкін.

 Пайғамбарымыз: ( Оған Алланың сәлемі-салауаты болсын) бір хадисінде: «Қиямет күнінде ең бірінші үш түрлі адамды сұрақ астына алады: біріншісі, бұл дүниеде шариғат ілімін үйреніп басқаларға үйреткен имам. Оған, бейіштегі ол үшін даярланып қойылған нығмет-сыйлары көрсетілген соң, одан: сен қайсы амалың үшін осындай сый-құрметтке лайықты  болдың – деп сұралады. Ол: мен шариғат ілімін үйреніп, Алла үшін оны басқаларға үйреткенмін – деп жауап береді. Сол кезде оған: сен жалған айтып жатырсың, шариғат ілімін басқаларға үйретуде, адамдар ғалым екен деп мақтасын деген ниетте болғансың. Сен сол ниетіңе жеттің. Шындығында адамдар сені мақтады. Енді  сенің баратын  жерің дозақ – деп айтылады да, періштелер оны дозаққа алып кетеді.

Екіншісі, Алла жолында соғысқа шығып, қайтыс болған адам. Оған да, бейіштегі ніғмет-сыйы көрсетілген соң, одан: сен қайсы амалың үшін осындай сауапқа  жеттің – деп сұралады. Ол: мен Алла жолында соғысқа шығып, шейит болғанмын – деп жауап береді. Сонда оған: сен жалған айтып жатырсың. Соғысқа шыққан мезгілде, адамдар батыр екен деп мақтасын деген ниетте болғансың. Сен осы ниетіңе жеттің. Шындығында адамдар сені батыр екен деп мақтады. Енді  сенің барар жерің дозақ болады – деп айтылады да, періштелер оны дозаққа алып кетеді.

Үшіншісі, барлық байлығын мұқтаж адамдарға таратқан адам. Оған да, бейіштегі ніғмет-сыйы көрсетілген соң, одан: сен қайсы амалың үшін осындай сауапқа  жеттің – деп сұралады. Ол: мен Алланың разылығы үшін байлығымды басқаларға таратқанмын – деп жауап береді. Сонда оған: сен жалған айтып жатырсың, байлығыңды таратқан мезгілде, адамдар мені берешек, жомарт екен деп мақтасын деген ниетте болғансың. Сен өз ниетіңе жеттің. Шындығында адамдар сені мақтады. Енді  сенің барар жерің дозақ болады – деп айтылады да, періштелер оны дозаққа алып кетеді.» – деп айтқан. Шындығында, бұл амалдар үшеуі де тең. Исламдағы ең сауапты амалдар. Бірақ, бұлар ниеттің салдарынан сауапқа емес, күнәға душар болды.

Пайғамбарымыз: ( Оған Алланың сәлемі менсалауаты болсын) бір хадисінде: – «Бір адам мый далада сусап шөлдеп  келе жатып бір кұдыққа жолығады. Оның ыдысы жоқ болғандықтан  құдықтың ішіне түсіп, су ішіп шөлін қандырып шығады. Ол құдықтан шыққан мезгілде, құдықтың жанында шөлдеген  тілін шығарып тұрған итті көреді. Алла жолында оған жәрдем берү үшін қайтадан құдыққа түсіп, аяқ киімімен су алып шығып иттің да шөлін қандырады. Осы қылған амалы үшін Алла Тағала оның күнәсін  кешірді»– деп айтқан.

Осындай тағы екінші-бір  хадисинде: «Кімде-кім Алла разылығы үшін алатын білімді, дүние мақсатында алса, бейіштің жұпар иісін де иіскей алмайды» – деп түсіндірген. Бірінші хадисте итті сұғарып қойғандығы үшін бейішке кірген адам жөнінде айтылды. Шындығында ит дінде жаман көрілген жануарлардан болып есептеледі. Егерде киімді ит жаласа, оны жумайынша намаз оқуға болмайды. Егер ыдысты жалап қойса, оны жеті реттен жуып-тазалау керек. Егер ит қабаған болса, оны өлтіруге рұқсат берілген. Ит бар жерге періштелер де кірмейді. Бірақ, осы иттке су бергені үшін Алла Тағала бұл адамның күнәсін кешірді. Не үшін? Себебі, ол Алланың разылығы үшін итке құдықтан су алып берді. Екінші хадисте, Алла разылығы үшін алтын білімді, дүниеүшін алған адам бейішке кірмейтіндігі жөнінде айтылды. Алла разылығы үшін алатын білім бұл – шариғат ілімі. Шариғат білімін  оқу – өте сауапты амал.

Білім алушы адамға періштелер қанатын төсеп тұрады. Оған барлық жануарлар: ұясындағы құмырсқа, теңіз түбіндегі балық та кешірім тілеп тұрады. Білім іздеушіге бейіштің жолы жеңіл болады. Бірақ, осындай білімді алған адамның бейіштін жұпар иісін иіскей алмауына не себеп болды? Ол – ықыласты Аллаға арнамау.

Біз кей кезде адамдармен жақсы мәміледе болу үшін, оларға жағыну мақсатында әртүрлі амалдарды жасаймыз. Бірақ, адам баласының табиғаты өте қызық. Оған қаншалықты көп жақсылық жасасаң да, бір жолы жасап қойған жамандығыңды ұмытпайды. Сондықтан Даратушы Раббыға ұнайтын амал жасаған абзал.

 Омар (Алла одан разы болсын) өзінің бір сөзінде айтады: «Кім адамдарға жақсы көрігісі келсе, Алла үшін амал қылсын. Сонда ғана мына адамдар оны жақсы көреді». Аллаға болған ықласты жүрегіне жайғастырған адам, басқа адамдарға да, Алла Тағалаға да жақын болады. Оған  Пайғамбарымыздың (Оған Алланың сәлемі мен салауаты болсын) сахабаларынан мына бір мысал дәлел бола алады. Хазіреті Омар (Алла одан разы болсын) халифалық қылып тұрған заманда, бір түні Әли (Алла одан разы болсын) түс көреді. Түсінде Пайгамбарымыз (Оған Алланың сәлемі мен салауаты болсын) мемен бірге намаз оқып біткен мезгілде, есіктен бір әйел кұрма салған ыдысын көтеріп кіріп келеді де ол кұрмаларды Пайғамбарымызға (Оған Алланың сәлемі мен салауаты болсын) береді.

Пайғамбарымыз (Оған Алланың сәлемі мен салауаты болсын) бір құрманы өзі жеп, екіншісін Әлиге (Алла одан разы болсын) береді. Құрма басқа құрмаларға ұқсамаған өзгеше дәмді еді. Әли (Алла одан разы болсын) Пайғамбарымызға (Оған Алланың сәлемі мен салауаты болсын) қайрылып: «Уа, Алланың елшісі, маған тағы да біреуін беріңізші» деп сұрайды. Пайғамбарымыз (Оған Алланың сәлемі мен салауаты болсын) оған енді бергелі тұрғанда намазға азан шақырылып, Али (Алла одан разы болсын) оянып кетеді. Әли (Алла одан разы болсын) мешітке келіп бамдат намазын оқып біткен мезгілде, есіктен бір әйел құрма көтеріп кіріп келеді. Ол құрмаларды Омарға (Алла одан разы болсын) береді. Омар (Алла одан разы болсын) бір құрманы аузына салып, екіншісін Әлиге (Алла одан разы болсын) береді. Бұл құрманың дәмі дәл түсіүнде көрген кұрманың дәмі сияқты еді.

Әли (Алла одан разы болсын) Омарға (Алла одан разы болсын) карап: – О, момындардың патшасы, маған тағыда бір құрма беріңізші деп сұрады. Сонда Омар (Алла одан разы болсын) оған қарап: – Ей, Әли, егер Пайғамбарымыз (Оған Алланың сәлемі мен салауаты болсын) бергенде менде беретін едім. Пайғамбар (Оған Алланың сәлемі мен салауаты болсын) бермеген кұрманы мен қайтып бермін – дейді. Әли (Алла одан разы болсын) әбден таң қалып: – Уа, момындардың патшасы, саған уахи келе ме немесе ғайыпты білесің бе – деп сұрады. Омар: (Алла одан разы болсын) – Мен ғайыпты білмеймін. Ғайыпты білу бір ғана Алланың қолында. Маған уахи да келмейді. Өйткені, Пайғамбардың (Оған Алланың сәлемі-салауаты болсын) бұл дүниеден өтуі  менен уахи тоқтаған. Бірақ, кімнің жүрегінде Аллаға болған терең сенім, ықлас болса, ол Алланың  нұрыменен қарайды – деп жауап берді.

Шындығында Аллаға ықлас қылып, оған жақындаған адамға Алла да жақындайды. Егер адам Алланың айтқанын Аллаға ықлас қылып атқарса, қараған кезде, Алла оған көз болады. Алланың наразы болатын нәрсесіне ол назарын салмайды. Егер ол қолымен ұстаса, Алла оған қол болады. Алланың наразы болатын нәрсесін қолымен ұстамайды. Егер ол баса тұрған болса, Алла оған аяқ болды. Алланың наразы болатын жерге баспайды.

Осман, (Алла одан разы болсын) оған Құран үйренү үшін келген кейбір адамдарға қарап: «Сіздер Құран үйренү үшін келесіңдер, бірақ көздеріңнің  зинасымен келесіңдер – деп айтатын еді. Сахабалардан кейінгі заманда, Абу Қасым атты ғалым өмір сүрген. Ол жай ғана ғалым емес, білген іліміне амал қылған тақуа ғалым болған. Күндердің бірінде, Абу Қасымға бір досы қайрылып: – Сен не үшін адамдарға дінді түсіндіріп насихат жасамайсың  – деп сұрайды. Ол: – Мен Алла Тағаланың үш аятынан корқып, насихат жасамаймын деп, ол үш аятты оқып береді.

1. Бақара сүресі: «Сіздер кітапты (Тауратты) оқып, адамдарды жақсылыққа бұйырып, ал өздеріңді ұмытып қоясыңдар ма?».

2. Саф сүресі: «Уа, момындар, сіздер неменеге өздерің жасамаған нәрсені айтасыңдар?» – деген аяты.

3. Худ сүресі: «Мен сендерге қарсы шығып, сендерді тыйып жатқан нәрсені өзім жасамаймын» – деген аяты. Абу Қасым бұл аяттарды окып беріп үйіне кетеді. Сол күні түн ішінде, оның түсіне Пайгамбарымыз (Оған Алланың сәлемі-салауаты болсын) кіріп, «адамдарға насихат қыл» деп бұйырады.

Ертесінде Абу Қасым насихат қылу үшін мешітке келеді. Оны көрген досы:– Сен, Пайғамбардың бұйрығын күтіп жүрдің бе? – деп қуанып тосып алады. Сол уақытта, Абу Қасымның мешітке кіргенін көрген бір мажусий (отқа сыйынушы) оны сынау үшін, мұсылмандар сияқты киініп алып, мешітке келеді. Ол, адамдардың арасында Абу Қасымды адастыру мақсатында оған қайрылып: – Пайғамбар бір хадисинде: Имандының көз қарашығынан сақ болыңдар. Өйткені, ол Алланың нұры менен карайды деген. Осы хадисті маған түсіндіріп берші – деп сұрайды. Абу Қасым оның ойын дереу арада түсініп. Ол мажусийдің жанына келіп, бұл хадистің мағынасында: Сен мажусийсің, Абу Қасымды және басқа мұсылмандарды сынау үшін келдің деп айтылған хадис – деп түсіндіріп береді. Өзінің қандай мақсатта келгендігі білініп қалғанына таңқалған мажусий, адамдардың ортасына шығып: – Сендердің діндерің шынайы дін екеніне сендім, енді мен де мұсылман болам – деп, калима-шахадат айтып дінді қабылдайды.

Әр бір амалды атқаруда, мейлі ол үлкен амал болсын, мейлі кішкентай амал болсын, Аллаға болған ықласпенен атқарайық! Ықылассыз атқарылған амалдың пайдасын емес, зиянын ғана көреміз. Аллам, әр біріміздің жүрегімізге бекем ықылас кіргізіп, ниеттерімізді оңдағын. Бұл дүниеде қулшылық пенен өтіп, ақыретте тура емес ниеттің себебінен, ол амалдарымыздың сауабынан құр қалудан өзің сақтасын.

Ерлан БӨЛЕГЕНОВ,

Мойынқұм аудандық мешітінің бас имамы 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: