Дәстүрді дәріптеген Наурызым, ынтымаққа шақырған жердің жүзін! (Фото)

Дәстүрді дәріптеген Наурызым, ынтымаққа шақырған жердің жүзін! (Фото)

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Наурыз — өте көнеден келе жатқан мейрам. Халқымыздың ежелден желісі үзілмей жеткен көне салт - дәстүрлері мен әдет - ғұрыптары рухани, мәдени және адамгершілік дүниеміздегі қымбат қазыналарымыздың бірі. «Халқым қандай десең, салтымнан сынап біл» демекші, салт -дәстүрлерден этностың мінез - құлқы, үлгі- өнегесі, зейін- зердесі, даналығы мен даралығы, шешендігі мен тапқырлығы, ақыл - ойы, сондай- ақ, жаратушы мен жаратылысқа, өзін қоршаған жанды, жансыз әлемге деген моральдық, танымдық, этикалық көзқарастары көрінеді. Яғни, салт - дәстүр дегеніміз — халықтың рухани өзегі, мәдениетінің діңгегі, тілінің тірегі.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы хазретіміздің бастамасымен дін саласында қызмет етіп жүргендер үшін үстіміздегі – 2014 жылды «Дін мен дәстүр жылы» деп жариялаған. Дәстүрімізге айналған наурыз мерекесін атап өтудегі мақсат, осы бастаманы қолдау болып саналады. ҚМДБ-ның Жамбыл облысындағы өкілдігі «Һибатулла Тарази» орталық мешіті ұжымының ұйымдастыруымен 19 наурыз күні сағат 10.00-де Наурыз мерекесіне арналған рухани шара медресенің ауласына киіз тігілумен басталып, 200 кісіге дайындалған дастархан жайылып, «наурыз көже» мәзірі ұсынылды.

Өкіл имам Д. Жұмабаевтың шақыруымен, рухани шараға облыс әкімінің бірінші орынбасары Б. Орынбеков, облыс әкімдігінің дін істері басқармасының бастығы С. Айдапкелов, Тараз қаласының әкімі Н. Календеров, қала әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Олжабай Кенжебек қатысты.

Рухани шараның құрметті қонағы Б. Орынбеков сөйлеген сөзінде, «Сіздерді бүгінгі Наурыз мейрамымен шын  жүректен құттықтаймын! Тәуелсіздігіміздің қалыптасуымен бірге Наурыз мейрамы барлық қазақстандықтар үшін жалпы халықтық сүйікті мерекеге айналды. Көктемнің осы бір шағында табиғат қана түлеп қоймай, қоғамның ынтымағы мен бірлігін, бейбітшілігі мен түсіністігін нығайтатын адам даласының да жан-дүниесі жаңғыра түседі.

Наурыз – бұл тек көктемнің ғана емес, бұл ең әуелі ізгілік пен жақсылықтың мейрамы. Халқымыз мол дастарқанын жайып, ақ жарқын көңілмен жүздесіп, дәм татысып, өткен-кеткеннен сыр тартып, барша адам баласына жақсылық, аманшылық тілеп, жастарға ақ баталарын берген.

         Қазақстандағы жүздеген ұлт пен ұлыстардың өкілдері бір-бірімен тату-тәтті, берекелі өмір сүріп жатыр. Әз Наурыздың адам баласын ізгілік пен сыйластыққа, ынтымаққа тәрбиелейтін тереңнен тартар ежелгі қасиетін біз барлық қазақстандықтардың бойына дарытуға, оны өз өміріміздің салтына айналдыруға міндеттіміз» дей келіп, бүгінгі шараға сәттілік тіледі.

Осы шараның ұйымдастырушысы Данияр қары Әлимұхаммедұлы өз сөзінде, барша мұсылман қауымды дәстүрлі мерекемен құттықтай келе, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының құттықтауы мен сәлемін жеткізді. «Наурыз мерекесі, Ханафи мәзһабының шарттарымен жақсы бидғат деп тануға толық негіз бар. Өйткені, имам Ағзам мәзһабының «әдет-ғұрып» қағидасы бойынша, исламға жаңадан енген елдің бұрынғы салт-дәстүрлері ислам негіздеріне қайшы келмей, қоғамдық қатынасты оң реттеген болса, бұл салт-дәстүрлер сақталады, әрі мұсылман құқығының үкімі ретінде қарастырылады.

Шын мәнінде, наурыз мерекесінің исламға ешқандай бөтендігі жоқ. Бұрынғы Наурыз мерекесін от жағып қарсы алу үрдісі қолданыстан әлдеқашан шығарылған. Сондықтан оны мерекелеуге ешқандай тосқауылдар жасалмауы керек.

Тіптеп келгенде наурыз мерекесінің ислам мәдениетімен толықтай үндестік табатындығын да байқауға болады. Мысалы, наурыз мерекесіне орай дайындалатын «наурыз көженің» ислам мәдениетіндегі «ашура тәттісімен» түбірі, мазмұны бір деп айта аламыз. «Адамзаттың екінші атасы»  саналатын Нұх (ғ.с.) Пайғамбар кезінде кемеден қауымымен бірге жерге түскенде дорбаның түбінде қалған түрлі дәнді дақылдарды қазанға салып пісіріп, содан «ашура тәттісін» жасалған болатын.

Қазіргі кездері жыл сайын мұсылмандар Ашура мерекесі күндері «ашура тәттісін» жасап, бір-бірін қонақ етеді. Қазақтар да солай. Наурыз мерекесінде қыстан қалған дорбаның түбіндегі дәнді дақылдардан «наурыз көже» дайындап, бір-біріне дәм таттыруға асығады. Осы арқылы сауапты істер жасайды» деп түйіндеді өкіл имам.

Сахналық шара ән-шашулар, айтыс, жыр-термелер және театрлық қойылымдармен жалғасып, қатысушыларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Сонымен қатар, сахналық шара соңында 10 мүмкіндігі шектеулі отбасыға 10 000 теңгеден қайырымдылық көмектер таратылды.

Қайырымдылық шара соңынан, жұртшылықтың асыға күткен «түйе палуандар» сайысы да басталды. Палуандар арасында өткен күрестен 1 – орын алғанға 30 000 теңге, 2 – орын алғанға 20 000 теңге, 3 – орын алғанға 10 000 теңге сыйақы берілді. Сондай-ақ, қаладағы мешіттердің жамағаттары арасында өткен кір тасын көтеру мен арқан тартысу әр жігіттің мүмкіндігін теңестіріп, жарыс көрігін қыздырды. Кір тасын көтеруден 1 – орын алғанға 15 000 теңге, 2 – орын алғанға 10 000 теңге, 3 – орын алғанға 5 000 теңге сыйақы, ал арқан тартысудан 1 – орын алғанға 15 000 теңге, 2 – орын алғанға 10 000 теңге, 3 – орын алғанға 5 000 теңге сыйақы үлестірілді.

Бұдан бөлек, балалардың қуанышы үшін орнатылған тегін үрлемелі ойын алаңда ойнаған бүлдіршіндердің жүздерінде күлкі үйіріліп, қуаныш шек болмады.

Бұл игі шараны ұйымдастырушыларға Алла тағала разы болсын!

 

Көгедай Шәмерхан

http://fotohost.kz/images/2014/03/19/KwYi6.jpg

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: