Мұхаммед (с.а.у.) үмметінің артықшылығы.

Мұхаммед (с.а.у.) үмметінің артықшылығы.

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Бүкіл мақтау Әлемдердің Раббысы болған Аллаға тән. Алланың сүйіктісі, адамзаттың абзалы, ақырзаман пайғамбары Мұхаммад С.Ғ.С.-ға  Алланың сәлемі және рахметі болсын!
Ақырзаманның сағаты соғып, ақырғы Алланың Елшісі Мұхаммад С.Ғ.С-ның да уақыты келді. Ол Алланың адамзатқа жасаған мейірімі, ақырғы қайырлы діні Исламды алып келді. Міне оған табаны күректей 14 ғасыр уақыт өтті. Бүгінде ол ардақты пайғамбардың жер бетінде күннен-күнге даңқы артуда. Оның үмметі болып қалуды әрбір ұлт да ұлыс да жарыса асығуда. Ислам дінінің бүгінде қоныстанбаған елі, кірмеген жері қалмады. Ол Алланың қалаған құлына беретін ең үлкен нығметі.


Алайда біз ол кісінің қадірін, оның үмметі болудың артықшылығын бағамдай алар ма екенбіз. Ал қадіріне жетсек қаншалықты? Сол үшін де қолда бар алтынның бағамын білу үшін, оның және үмметінің Алла алдындағы қадір-қасиетін тізбектеп шықсақ, пайдалы болар деп ойлаймын.


1) Ол Мұхаммад С.Ғ.С пайғамбарлардың мөрі, яғни соңғысы. «Мұхаммед (Ғ.С.) сендерден ешбір еркектің әкесі емес. Бірақ Алланың Елшісі және пайғамбарлардың соңы. Алла әр нәрсені толық білуші». (Ахзаб сүресі,  40).

 

2) Ол адамзаттың ішіндегі ең Алланың асыл көрген мырзасы. Алланың Елшісі С.Ғ.С айтады: «Мен қиямет күні адамзаттың мырзасы боламын» (Муттафақу алайһи).

 


3) Ол арқылы мәселелерін шешпеген кісі иман таппайды. «(Мұхаммед Ғ.С.) Раббыңа серт! Олар өзара таласқан нәрселерінде сені би қылып, сонсоң берген билігіңнен көңілдерінде ақау таппай толық бой ұсынғанға дейін мүмін бола алмайды». (Ниса сүресі, 65).

 

4) Қиямет күнінде Алла адамзатты махшар алаңына жинайды. Адамзат Алланың есебін күтіп, шыжыған күннің астында көп уақыт тұрып қалады. Тіпті істеген күнәсіне сай кейбіреулер өз теріне түн шығады делінеді. Ешбір пайғамбарлар да, әулиелер де Алла мен адамзаттың арасына түсе алмайды. Бәрі өзін ойлап, нафсім, нафсім деп тұрады. Тек пайғамбарымыз Мұхаммед Мустафа С.Ғ.С ғана сол күні бүкіл адамзат үшін араға түседі. Алла оған деген рахымымен, адамзатқа ашуы басылып, есебін бастайды.

 


5) Оның үмметі жаннатқа ең бірінші кірушілерден болады. Ол туралы Алланың Елшісі С.Ғ.С айтады: «Біз  үмметтердің  ақырғысымыз, бірақ қиямет күні әуелгісі боламыз» (Муттафақу алайһи).

 

6) Ол қиямет күні тек мақтаулылар ғана астына жиналатын мадақ туының егесі. «Мен қиямет күні  еш мақтаныш емес адам баласының мырзасы боламын. Еш мақтаныш емес менім қолымда мадақ туы болады. Сол күні адам баласынан шыққан пайғамбарлардың барлығы менім туымның астында болады. Еш мақтаныш емес мен әуелгілерден жерді жарып, қабірден тірілгендерден боламын». (Имам Тирмизи).

 


7) Ол мақомән махмудәннің егесі, Яғни қиямет күні бүкіл жаратылыс ол кісіні дәріптей жөнеледі. Ол жаратылыстың аса құрметтісі болады. «(Мұхаммед Ғ.С.) Түннен оянып (Құранмен) өзіңе тән нәпіл оқы. Раббыңның сені бір мақтаулы орынға жеткізуінен үміт етіледі». (Исра  сүресі, 79). Бұл аяттың тәпсірінде Ибн Аббас мақомән махмудәнді, яғни мақтаулы орынды әуелгілерде кейінгілерді мақтай жөнелетін шапағат орны деп түсіндіреді. Бұл туралы Имам  Бұхари  Ибн Омардан р.а. мына хадисті келтіреді. «Қиямет күні адам баласы тізе бүккен күйде келеді. Әрбір үммет өз пайғамбарларын іздейді. Ей пәленше маған шапағат, ей пәленше маған шапағат ет деп, әрбір кісіден дәнекерлік қалайды. (Бірақ олардың ешқайсысы жауап бермейді). Ең соңында Мұхаммад С.Ғ.С. келеді, ол кісі шапағат етеді. Осылайша Алла қиямет күні  Мұхаммад С.Ғ.С.  мақтаулы болған орында тірілтеді». (Имам Бухари).

 

8) Ол каусар бұлағының егесі. Қияметтің қиын күнінде адамзатты қатты шөл қысады. Өз теріне өзі шомылып, шыжыған күннің астында әбден қиналады. Сол күні ардақты  пайғамбарымыз Мұхаммед С.Ғ.С үмметін каусар бұлағының бастауында күтіп алады. Адамдар бірі-бірінен безінген күні ол үмметіне қол созып, кәусар бұлағынан сусындандырады. Пайғамбарымыз Мұхаммед С.Ғ.С оны сипаттағанда былай дейді: «Маған берілген бұл каусар бұлағы ол айшылық жерге дейін созылған. Суы оның сүттен ақ, жұпары мисктен әсем, оның төнірегінде ыдыстар аспандағы жұлдыздан да көп. Кім одан бір рет су ішсе, ол ешқашанда шөлдемейді». (Хадисті имам Ахмад және имам Бухари риуаят етеді). Ғалымдар қиямет күні қайсысы бірінші болады: мизан таразысы ма, әлде каусар бұлағының түбінде жиылыс па дегенде, біраз қарама-қайшы пікір білдірген. Турасы каусар бұлағының түбіндегі жиылыс бірінші болуы керек. Ол туралы имам Қуртуби: «Оны сау ақыл мойындайды, өйткені адамдар қабірден тұрғанда шөл қысып тұрады», - деп түсіндіреді. 

 


9) Ол қиямет күні пайғамбарлардың имамы,хатибі,шапағатшысы болады. Алланың Елшісі С.Ғ.С айтады: «Қияметтің күнінде мен еш мақтаныш емес пайғамбарлардың имамы, хатибі, шапағатшысы боламын». (Имам Термизи).

 

10) Оның үмметі үмметтердің ең қайырлысы. «Сендер адам баласы үшін игілікті әмір етіп, қарсылықтан тыятын сондай-ақ Аллаға сенетін хайырлы бір үммет болып, шығарылдыңдар». (Әли Ғимран сүресі, 111). Ибн Касир: «Бұл үмметті Алла қайырлы үммет дегені ол адамзатқа көп пайдасы тиетіндігі себебімен деп түсіндіреді. Өйткен бұл үммет аятта айтқандай адамзатты тәрбиелейді. Яғни жақсылыққа шақырады, жамандықтан қайтарады. Бұрыңғы өткен пайғамбарлардың, әулиелердің, ізгі кісілердің жұмысын мойнына алғандықтан бұл үммет қайырлы үммет болады. Әли ибн Әбуталип р.а.  Алланың Елшісі С.Ғ.С мына сөзді естігенін жеткізеді. Алланың Елшісі С.Ғ.С бірде: «Маған бұрынғы өткен пайғамбарлардың ешқайсысына берілмеген игіліктер бұйырылды», - деді.  Сахабалар: «Я, Алланың Елшісі С.Ғ.С, ол қандай игіліктер?» - деп сұрады. Ол  С.Ғ.С:  «Айшылық жерден кәпірлердің жүректеріне үрей тасталуы арқылы маған бұйырылған жеңістер, жер қазынасының «кілттері», менің мақтаулы, Ахмад  деп аталуым, бүкіл жердің мен үшін таза болуы және менің үмметім үмметтердің ең қайырлысы болуы», - деп жауап берді. (Хадисті имам Ахмад жеткізеді). Басқа бір хадисте Алла Тағала айтады: «Ей Иса, мен сенен кейін бір үмметті жаратамын. Олар бастарына өздеріне ұнаған нәрсе жеткенде мені мадақтайды, маған шүкірліктерін білдіреді. Ал өздеріне ұнамаған нәрсеге ұшырасса, сабыр етеді, сауаптан үміт қылады. Бірақ оларда білім де болмайды. Кемеңгерлік те болмайды. Иса ғ.с: «Я, Алла! Білімсіз, даналықсыз олар қалай игілікке жетеді?» - дейді. Алла Тағала: «Оларға мен өзімнің біліміннен білім, даналығымнан даналық қосып беремін», -  дейді. (Хадисті Абу Дардадан имам Ахмад жеткізеді).

 

11)  Оның үмметі өзге үмметтердің үстінен куәгер болады. «Осылайша сендерді (артық,  кемсіз) орташа бір үммет қылдық. Адамдарға куә болуларың, сондай-ақ пайғамбардың сендерге куә болуы үшін...».  (Бақара сүресі, 143). Қиямет күні пайғамбарлар  бір немесе бірнеше кісі үмметтерінен ілестіріп, есеп алаңына келеді. Сол сәтте оның қауымы шақырылып, сұрақ алынады: «Сендерге бұл пайғамбар Алланың дінін жеткізді ме?», - деп сұрайды. Олар: «Жоқ!», - деп айтады. Ал пайғамбарға: «Сен жеткізген жоқсың ба?», - деп сұрайды. Ол: «Мен жеткізгенмін» - дейді. Одан: «Сенің куәгерің бар ма?» - деп сұралады. Ол: «Менім куәгерлерім, Мұхаммед С.Ғ.С және оның үмметі» - дейді. Сол сәтте есеп алаңына Мұхаммад С.Ғ.С үмметі келтіріледі. Олардан: «Бұл кісі өз қауымына дінді жеткізгеніне сендер куәгер боласыңдар ма?» - деп сұралады. Олар: «Әлбетте, біз оған куәгер боламыз» - дейді. Олардан: «Сендер оны қайда білесіңдер?» - деп сұралады. Олар: «Бізге келген пайғамбар Мұхаммад С.Ғ.С бүкіл пайғамбарлар дінді жеткізген деп үйреткен» -  деп жауап береді.  Сол себептен бұл үммет әділ де тура әрі өзге пайғамбарларға куәгер болған үммет деп аталады. (Ибн Касирдің тафсірі).

 

12) Оның замандас сахабалары үмметтің ең жақсылары.

 

13) Оның үмметі  адасуда басы қосылмайды. Үмметтің жамағат болып бірігуі оның тура жолда екендігіне дәлел болады. Ақырғы қайырлы үммет болған соң, Алла оларды осылайша адасудан сақтаған.

 

14) Ол әкелген шариғат әуелгі келген шариғаттардың бәрінің үкімін жояды. «Шындығында пайғамбарлық та, елшілік те менен кейін үзілді. Менен кейін Елші де, Пайғамбар да  болмайды». (Имам Термизи және имам Ахмад  риуаят етеді).

 


15) Оған түсірілген Құран - мұғжиза, оны Алланың өзі қиямет күніне дейін сақтауды мойнына алды. Ол ешбір өзгеріске ұшырамайды. «Расында Құранды Біз түсірдік және оны Біз қорғаушымыз». (Хижр сүресі, 9). Шындығында бұл бүгінгі күнгі мұғжиза. Осы күнге дейін бұл дінді бұзамын деп қанша әрекеттер жасалды. Бірақ бұл дін әлі сол саф таза күйінде сақтаулы. Құранның сөзі түгіл бір әріпі өзгермеді. Ал Құранда қосымша хикмет деген атаумен аталған хадис ғылымы дұрысы терісінен ажырап, әуелгі-ақ дәуірде ажыратылды. Яғни Имам Бұхари, Мүслим, Тирмизи, Насаи, Ибн Мажа сияқты дара ғалымдар арқылы сүннет те сақталды. Имам Абу Ханифа, имам Малик, имам Шафиғи, имам Ханбали сияқты сұңғыла ойлы, тақуа ғалымдар арқылы дінде дұрыс түсіндіріліп, іс жүзінде жүзеге асты. Әлбетте бұл Алланың Мұхаммад С.Ғ.С үмметіне берген уәдесі.

 

16) Оны Алла бізге өзімізден де артық көруді бұйырды. Пайғамбар, мүміндерге өздерінен артық.

 


17) Әрбір мүмін оны өз әке-шешесінен. Бала-шағасынан, мал-мүлкінен, бүкіл адамдардан тіпті өзінен артық жақсы көруі тиіс. «Жаным қолымда болғанмен ант етемін, сендердің ешқайсысың мені әке-шешелерінен де, бала-шағаларынан да, барлық адамдардан да артық жақсы көрмейінше иман келтірген болмайсыңдар». (Имам Бухари риуаят етеді).

 

18) Оны жер бетіндегі жанды да жансыз жаратылыс жақсы көрді. Ол үшін періштелерден бастап, бүкіл жәндік, жануар, жансыз тас, ағаштар кешірім тіледі. Тіпті тарихта онымен сәл уақыт ажырасқаны үшін боздап жылаған құрманың жансыз бұтағы болған да деседі.

 

19) Оның даусынан асырып дауыс көтеруге тиым салынған. «Әй мүміндер! Дауыстарыңды Пайғамбардың дауысының үстіне көтермеңдер. Өзара бір-біріңе дауыстағандай Пайғамбарға дабырлап сөйлеспеңдер. Ғамалдарың жойылғанын аңғармай қаласыңдар. Шынында Пайғамбардың жанында дауыстарын бәсеңдеткендер, міне солар, Алла жүректерін тақуалық үшін сынағандар. Оларға жарылқау әрі зор сыйлық бар». (Хужурат сүресі,  2-3).

 

20) Оған «Ей Мұхаммед!» деп дауыс қатуға болмайды. Керісінше, «Я, Алланың Елшісі С.Ғ.С.!»,  «Я Алланың нәбиі» деп сөйлеуге тиіспіз. Сол үшін де әрбір намаздың ташахудында біз ол кісінің атын атамастан, «Әссаламу алайка Әииһаннабиу уа рахматуллаһ баракатуһ» дейміз.

 

21) Ол үшін Алла қанша әйел аламын десе де шектеу қойған жоқ. Сондай-ақ, оның әйелдеріне  өзге мұсылмандарға үйленуге тиым салынды. Олар мұсылмандардың анасы деп есептелінді. «Сондай-ақ сендердің Алланың Елшісін қынжылтуларыңа және одан кейін жұбайларымен әсте некеленулеріңе болмайды. Сондай істеулерің Алла қасында зор күнә». (Ахзаб сүресі, 53). «Пайғамбар, мүміндерге өздерінен артық. Оның жұбайлары олардың аналары». (Ахзаб сүресі, 6).

 

22) Ол жер бетіне жіберілген Алланың мейірімі еді. Алла да аяттында: «Біз сені жер бетіне тек мейірім үшін жібердік», - деген. Сол үшін де ол әкелген дін бұрыңғы жіберілген Алланың діндерінен жеңілдігімен, атқаруға оңайлығымен ерекшелінеді. Ол туралы Алла Құранда былай дейді: «Олар, сондай жандарындағы Тәуратта және Інжілде жазулы жіберілген,  сауатсыз Пайғамбарға ергендер. Ол, оларды жақсылыққа бұйырып, жамандықтан тыяды.  Жақсы нәрселерді халал, жаман нәрселерді арам қылады. Олардың үстеріндегі ауыр жүктерді (түсіріп) шиелініскен нәрселерді шешеді (яғни бұрынғы үмметтерге берілген ауыртпалықтан құтқарады). Енді соған (Мұхаммед Ғ.С.-ға) сенгендер, олар оған құрмет етіп әрі оған көмек көрсеткендер сондай-ақ оған түсірілген нұрға (Құран)  ергендер, міне солар құтылушылар». (Ағраф сүресі, 157).

 

Бұрыңғы үмметтерге Алла үкім шығаруда өте қатал болған. Олар оны атқаруда қатты қиналған деседі. Ал Мұхаммад С.Ғ.С үмметіне Алла ерекше мейірімділік танытып, шариғатын оңайластыра берген. Олардың бірқатарын тізіп айтсақ: Бұрыңғы үмметтерге Алла нәжіс тиіп былғанған жерді, міндетті түрде кесіп алып тастауды бұйырған. Тіпті кейбір ғалымдардың пікірінше олар тек киімдегі нәжісті ғана емес, денеге тиген нәжісті де терісімен қоса кесіп алуға мәжбүр болған. Бұл туралы Имам Бұхари, Абу Дауд хадистер риуаят етеді. Ал Мұхаммад С.Ғ.С үмметіне бар болғаны нәжіс тиген жерді жуу жеткілікті болған.
Бұрыңғы үмметтерде хайыз келген әйел кісімен бірге тамақ жеуге, әңгімелесуге, тіпті бір үйде жүруге тиым салынған. Ал Мұхаммад С.Ғ.С үмметіне тек жыныстық қатынастан басқасының барлығы рұқсат етілген. Ол туралы Имам Муслимнен хадистер жеткізіледі.


Бұрыңғы үмметтерде кісі өлімі үшін, мейлі ол қасақана болсын, әдейі болсын, қанға қан, жанға жан деген үкім болған. Ақы егесі не қылмыскерді өлтіретін, өлтірмесе кешіретін. Оларда құн алу деген жеңілдік болмаған. Мұхаммад С.Ғ.С үмметіне жеңілдік ретінде құн алу үкімін қосты.
Бұрыңғы үмметтердің күнә қылған соң тәубесі тек өлім болған. Ал Мұхаммед С.Ғ.С үмметіне бар болғаны шынайы кешірім сұрау жеткілікті еді. Ол туралы Алла Құрандағы Ниса сүресінің 110-аятында: «Біреу бір жамандық істесе немесе өзіне зұлымдық қылса да, сонсоң Алладан жарылқану тілесе, Алланы аса жарылқаушы, ерекше мейірімді табар еді». Осылайша Мұхаммед С.Ғ.С үмметіне аяулық танытады.


Бұрыңғы үмметтер күнә жасаса ертесіне-ақ әшкере болатын. Есігіне не дарбазасына бәленше деген кісі  осындай күнә жасады деген жазу жазылып, бүкіл елге абыройы төгілетін. Ал Мұхаммед С.Ғ.С үмметі қанша күнә жасаса да Алла оны дәл осылай әшкере қылмайды.
Бұрыңғы үмметтер тіпті іштен сақтаған жаман ойлары үшін де жазаланған. Ал Мұхаммед С.Ғ.С үмметі үшін ол кешірілді. Бұрыңғы үмметтерде қателесіп не ұмытып істеген күнәлар үшін де жаза болған деседі. Ал Мұхаммед С.Ғ.С үмметіне ол да кешірілген. Пайғамбарымыз Мұхаммед С.Ғ.С ол туралы: «Үш кісіге күнә жазылмайды, ұйықтап жатқан, ұмытқан, мәжбүрленген», - деп айтады. (Хадисті имам Ахмад жеткізеді).


Жаннаттың сыйы болған Бақара сүресінің соңғы аятында Алла бізге осылай дұға қылуды бұйырады: «Алла (Т.) кісіге шамасы келетін міндетті ғана жүктейді; істеген жақсылығы өз пайдасына да, жамандығы зиянына. «Раббымыз! Егер ұмытсақ не жаңылсақ бізді қолға алма. Раббымыз! Бізге бізден бұрынғыларға жүктегеніңдей ауыр жүк жүктеме. Раббым! Бізге шамамыз келмейтінді артпа! Бізді кешір, бізді жарылқа, бізге мәрхамет ет. Сен иемізсің! Бізге кәпір қауымға қарсы жәрдем бер!» (Бақара сүресі, 286).


Әлбетте бұл Алланың Мұхаммад С.Ғ.С үмметіне деген ерекше мейірімі. Бұрыңғы үмметтерде мейрам күндері жұмыс істеуге Алла қатаң түрде тиым салған. Ол күні тек Алланың разылығын іздеп, құлшылықта болуды бұйырған. Ал Мұхаммад С.Ғ.С үмметіне айт, жұма күндері мейрам күні болып берілгенмен, Алла ол күндері дүние тіршілігімен айналысуды тиған жоқ. Тек жұма күндері шамалы ғана уақыт дүниені тәрк етіп, Алланың құлшылығын жасауды бұйырды. Ол туралы Құранда «Жұма» сүресінің аяттарында айтылады.


Бұрыңғы үмметтер оба (чума) ауруынан жаппай қырылған.Ал Мұхаммад С.Ғ.С үмметі ол нәрседен сақталған. Бұрыңғы үмметтер Аллаға бойұсынбай шектен шыққаны себептерінен Алла оларға тегі адал болса да көп тағамдарды жеуге харам еткен. «Сонда яһудилердің зұлымдықтарының және көптеген адамдарды Алланың жолынан тосуларының салдарынан оларға халал етілген көптеген жақсы нәрселерді оларға арам қылдық». (Ниса сүресі,  160).
Басқа бір аятта Алла оларға нені харам еткенін ашып айтады. «Яһудилерге барлық тырнақты хайуанды арам қылдық. Әрі оларға сиыр, қойдың майларын да арам қылдық. Бірақ қыртыс майларымен шажырқай және жілік майларын арам қылмадық. Осылайша олардың шектен шығулары себепті жазаландырдық. Расында турасын айтушымыз». (Әнғам сүресі, 146).


Сондай-ақ тиым салынғандардың ішіне түйенің еті, үйрек, түйеқұс, қазы сияқты еті жеуге жарайтын жануарларда бар еді. Ал Мұхаммад С.Ғ.С үмметіне Алла кеңшілік жасап, таза болған нәрселердің бәрін жеуге рұқсат берді. Алла Құранда: «Олар, сондай жандарындағы Тәуратта және Інжілде жазулы жіберілген, сауатсыз Пайғамбарға ергендер. Ол, (Мұхаммед С.Ғ.С.) оларды жақсылыққа бұйырып, жамандықтан тыяды. Жақсы нәрселерді халал, жаман нәрселерді арам қылады».  (Ағраф сүресі, 157).
Бұрынғы үмметтерде соғыстан түскен олжа адал етілмеген. Ол пайдалануға жарамсыз болып, отқа өртенілген. Ал Мұхаммед С.Ғ.С үмметіне оны пайдалануға рұқсат етілді.
Бұрыңғы үмметтер намаздарын арнайы мекендерде ғана өтейтін. Яғни тек қана синагога, шіркеулерде ғана құлшылық жасап, ал таба алмаса намаздарын қаза қылатын. Тіпті пайғамбарларының өзі  михрабтарда ғана құлшылық қыла алған деп те айтылады. Ал Мұхаммед  С.Ғ.С үмметіне бүкіл жер беті мешіт ретінде қаралып, барлық жердің таза жерінде намаз оқуға рұқсат етілді.


Бұрыңғы үмметтерде тек су ғана тазалаушы болып есептелген. Оның орнын ауыстыратын еш нәрсе болмаған. Су жоқ кезде амал жоқ, олар намаздарын қаза қылуға мәжбірленген. Ал Мұхаммед С.Ғ.С үмметіне су болмаған жағдайда топырақ тектес отқа жанбайтын заттармен таямум соғып, тазалануға рұқсат етілген.


Әлбетте тізе берсең, Исламнан келтірген мысалдардан әлдеқайда көп Алланың кеңшілігін байқайсың. Оның әлбетте бұл жерде әңгімесі бөлек.
Әбубәкір Кердерінің «Зор сүйінші айтамын, мұсылман болып туғанға» деп бастайтын жыры бар. Бабаларымыздан қалған бұл асыл сөз, осы айтылғандармен сабақтас. Ақиқатында  ата-бабамыздың бұл дінді таңдауы ол үлкен бір нығмет деп түсінгеніміз дұрыс болады. Өйткені Алланың мейрімі төгілген бұл діндегі өмір адамзаттың бәрінің пешенесіне жазылған тағдыр емес. Сол үшін де ұлт, ұлыс ретінде мұсылман болып туылу ол сүйінші сұрауға тұрарлық нәрсе.


Мақала басынан Мұхаммед С.Ғ.С-ның және оның С.Ғ.С үмметіне қадір-қасиетін ашып беруге тырыстым. Әрбір кісі  Мұхаммед С.Ғ.С-ның үмметі болып жаралғандығына шүкірлік қылып, кеудесін риясыз мақтаныш кернеген шығар деп те ойлаймын. Қазіргі күнгі кейбір кісідей өзін мұсылман деп сезінуді ар санап, осыдан соң өзгелерге еліктемейді деп ойлаймын. Керісінше Мұхаммед С.Ғ.С үмметі ретінде ата-бабасының салған сара жолымен жүрер деп те үміт етемін. Біздің елімізді ақырзаманның қайырлы үмметі қылған Аллаға сансыз мақтау болсын!


Алмас Кенжемолдаев,
Жуалы ауданының бас имамы.

 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (2)

Оқи отырыңыз: