Адами қасиеттеріміз жоғалмасын

Адами қасиеттеріміз жоғалмасын

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

           Жаратушымызға сансыз мадақтар мен мақтаулар болсын! Адамзаттың ардақтысы болған Пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.ғ.с.) сансыз салауаттар болсын! Қадірлі оқырман, кезекті мақаламызда адамдық қасиеттердің артықшылықтары жайлы азды-көпті сөз еткенді жөн санадық.

           Адам сөзін араб тілінде "Инсан" дейді. "Адам" сөзі күнделікті тіршілігіміздегі көп атауға ие болған сөздердің біріне жатады. "Инсан" сөзі араб тіліндегі "Әниса" етістігінен алынып, "достасу, танысу, жақтыру, сүю, үйрету" деген мағыналарды береді. Аталған әрекеттердің баршасы тек адам баласына тиесілі екендігін аңғартады. Өйткені, адам баласы бір нәрсені үйренеді және оны басқаға үйретеді. Ал енді күнделікті өмірімізде адам баласын "адам,пенде, кісі, тұлға" деген сияқты түрлі атаулармен атап жатамыз. Адам сөзін қолданғанымызда пенде Адам Атаның ұрпағынан екендігі басты назарға ілініп, өмір сүру, ойлау, пікірлеу, еңбек ету сияқты көптеген мүмкіндіктерге ие екендігімізді түсінеміз. Адам баласы әр адамдар үшін қызмет етуі үшін жаратылған. Мысалыға айтар болсақ, оны құрметтеу, оған жәрдемдесу, әркез дұрыс мәміледе болу т.б. с.с. Рабғұзидің қиссасында мынадай бір хадис келтірілген, Пайғамбарымыз с.ғ.с. айтады: "Кімде кім бұл дүние ғажайыпт арын көргісі келсе, Адам Ата қиссасына терең зер салып қарасын!".

Философтар адам баласына төмендегідей анықтамалар берген: Демокрит-Адамның тек оның ісіне ғана қарап емес, оның ниетіне, әрекетіне, ұмтылысына да қарап бағалауымыз керек; Сицерон-Адам қалай ойласа, демек, ол өмірде де дәл сондай; Ал енді барлық анықтамалардан жоғары болған нәрсе, ол Алланың берген анықтамасы. Бұл жайында Алла Тағала Құранда: Егер сіздер Алланың берген нығметтерін санайтын болсаңыздар, оның санына жете алмайсыздар",- дейді. (Ибраһим сүресі 34-ші аят). Сол үшін де құрметті бауырлар, Алла Тағала баршамызды құрмет иесі етіп жаратқандығын еш ұмытпауыз керек. Оның заңына бағына отырып, адами қасиетімізді жоғалтпай, абыройымызға еш кір келтірмей жүргеніміз абзал. Барлығымызды бірдей бидай өңді қылып жаратқан Жаратушымыз адамның адамнан артықшылығы жоқ, бәрі де бірдей, тек игілікті амалдарымен ғана ерекшеленетіндігін түсіндіреді. Жалпы, адамды адам ететін нәрсе оның әдебі мен жақсы сөздері екен. Ғұламаларымыз адамның қасиеттілігі оның қолында не бар екендігінде емес, керісінше ол нендей нәрселер бере алғандығында екендігін айтады. Мысалы, күнделікті көріп жүрген, жарық күнімізде алау мен от-жалын бар, бірақ та ол күн айналасындағыларға өзінің шуағы мен нұрын беріп тұрады. Сол секілді бойында адами қасиеттерге бай болған әр адам да айналасындағарға өзінің нұрын, жақсылығы мен пайдасын тигізуі ләзім. Қасқыр жаңадан өсіп келе жатқан өзінің бөлтірігіне дәріс беру үшін бір жотаның үстіне алып шығып: -Ұлым, қара! Анау жайылып жүрген отарды көрдің бе? Оларды қойлар дейді. Олардың еттері өте дәмді болады депті. Ал енді сол отардың жанында жүрген екі аяқты адамды шопан дейді. Ол шопаннан ықтиятты бол, ол өте сақ, егер оның қолына түсетін болсаң, саған үлкен азап шектіреді дейді.

-Әке, сол отардың қасында бізге ұқсаған тағы бір төрт аяқты бірдеңе жүр ғой, ол кім болады? депті бөлтірік.

Қасқыр ауыр күрсінген халде: "Түпкі жаратылысы бізден болған, бірақ та бізге еш бүйрегі бұрылмайтын Ит деген жануар сол болады деген екен.

Бұл ғибратты мысалда, адам деген атқа ие болып жүріп, кейде "бір-бірімізге жақынбыз, туыспыз" деп көкірегі сізді қағып тұрып, түрлі қиянаттарға (төрт аяқты хайуаннан да бетер) жол беріп жататынымызды меңзеуде. Сол үшін де құрметті бауырлар, мұсылман мұсылманның бауыры екендігін ұмытпай, әркез адамға лайықты істерімбен ғұмыр кешкеніміз абзал...

Үмбет Сабырханов

"Әл-Хақ" мешітінің имамы

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: