Рамазан айының қадір қасиеті

Рамазан айының қадір қасиеті

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Алла Тағаланың қалауымен қасиетті Рамазан айына да келіп жеттік. Бұл ай, расында, өте қадірлі де ерекше, мұсылман қауымы үшін берекелі де жолбасшы уақыт. Бұл жайында Құран Кәрімнің «Бақара» сүресінің 185-аятында:

شَهْرُ رَمَضَانَ الَّذِي أُنْزِلَ فِيهِ الْقُرْآنُ هُدًى لِلنَّاسِ وَبَيِّنَاتٍ مِنَ الْهُدَى وَالْفُرْقَانِ

«Рамазан айы сондай бір ай, ол айда адам баласына тура жол нұсқаушы және (ақ пен қараны) айыратын дәлел түрінде Құран түсірілді», –  делінеді. Демек, осы айда қазақ жұрты қадір тұтатын Құран аяттары түсіріліп, мұсылман халқына ораза парыз етілді. Сондай-ақ, бұл айда жолаушы жүрген азаматтар мен жүкті әйелдерге, сырқатты адамдарға жеңілдік бар.

Рамазан айында әрбір ісіміздің сауабы өзге уақыттарға қарағанда еселенетіні мұсылман қауымына мәлім. Себебі, Алла Тағала  бұл айды өзге айлардан құрметті қылып, сауабын өзім беремін деп уәде етеді. Ендеше, Хақ Жаббардың рахым-нұры жауып, мысқалдай ізгі амалымызға таудай сауаптар жазылатын айда құлшылық-ғибадаттарымызды көбейтіп, сөзіміз бен ісімізді түзеп, ниетімізді тазартуымыз керек. Құран Кәрімде момын мұсылмандарға бұйырылған аяттар тек бұйыру мәнінде келеді, оның сыры – Аллаға бой ұсынатындар мен теріс бұрылатындарды ажырату еді. «Бақара» сүресінің 183-аятында:

 يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا كُتِبَ عَلَيْكُمُ الصِّيَامُ كَمَا كُتِبَ عَلَى الَّذِينَ مِن قَبْلِكُمْ لَعَلَّكُمْ تَتَّقُونَ

«Әй, мүміндер! Күнәлардан сақтанып, тақуалыққа жетулерің үшін сендерге бұрынғыларға парыз етілгендей, ораза парыз етілді» делінеді. Бұл аятта оразаның не себепті бұйырылғаны айтылуда, яғни, «тақуалыққа жетулерің үшін» дейді. Алланы жүрекпен еске алу, тілмен зікір қылу, істеген ізгі істерімен, өмірлік өлшемдерімен дәлелдеу. Есепсіз жіберген қате-кемшіліктері, күнәлары үшін Алланың қаһарынан қорыққан күйде Оның рахымы мен мейірімінен үміт ете отырып, Оразаны өзіне қалқан қылу шынайы тақуа, момын жанның бейнесі болмақ.

-         Сабыры сынға түсер ораза кезінде мұсылманға қажет сипаттар!

Рамазан, расында, көптеген жақсылықтарға жетелеуші ай. Соның бірі – осы сабырлылық. Қасиетті айда Алланың сансыз сауаптарынан үмітті адам кез келген кедергі мен қиыншылықтарға сабырлылық танытып, төзімділік көрсете білуі керек. Тіптен, ораза кезінде айыптап, сөге сөйлеген кісінің өзіне де ұстамдылықпен, пайғамбар өсиетінде айтылғандай, «Мен оразамын» деп жауап беруі шарт. Пайғамбарымыздың осы сөзінің өзі көп адамға ескерту десек болады.

Дана халқымыз айтқандай, «мұсылманшылық әсте-әсте» дамып, өркендейді. Ислам тарихынан мәлім, Алланың хақ діні де жиырма үш жылдық пайғамбар мойына жүктелген аманат арқылы жер жүзіне тарады. Сабырдың нақ өзін көрсете білген алғашқы мұсылмандардың өмірлері, Хақ жолында көрген сынақтары кімнің де болсын көзіне жас үйірмей қоймайды. Небір сын сағаттарын бастан кешірген сахабалардың қиын-қыстау сәттеріне байланысты Алла Тағала:

أَحَسِبَ النَّاسُ أَن يُتْرَكُوا أَن يَقُولُوا آمَنَّا وَهُمْ لَا يُفْتَنُونَ

 «Сендер иман келтіргендіктеріміз үшін сыналмаймыз деп ойлайсыңдар ма?» («Анкабут» сүресі, 2-аят) деген аятын түсіреді. Осы уақиғаларды еске алған бүгінгі күннің мұсылмандары Алланың сансыз нығметтеріне шексіз шүкірлер айтып, болмашы қиындыққа кезіккенде тарихта өшпес аты қалған сахабалар өмірін еске ала отырып, бұл дүниенің сынағын сабырмен қарсы алса, иншалла, ақыреттегі егіні мол болмақ. Жыл он екі айдың бірінде ғана келетін, сансыз сауап, мол нығметтер берілетін Рамазанға деген ыстық ықыласымыз бізді екі дүние бақытына жетуге сеп болады.

Ілгеріде өткен ізгі мұсылмандар Рамазан шуағына шомылып, оразадан кейінгі алты айда Алланың нығметіне деген қуаныштан арыла алмайтын, ендігі алты айы қалғанда «Раббым, бізді Рамазанмен қауыштыра көр» деп асыға күтетін болған. Себебі, бұл айда жасалар құлшылықтар, ғибадаттар мен ізгі амалдардың сауабы мың айға татырлық қасиетті Қадір түні бар. Сондықтан, ардақты ағайын, сансыз сауаптың есігі айқара ашылып, шайтандар шынжырланып байланатын мүбәрак айдың күндерін алаңсыз, түндерін қаперсіз өткізуден абай болайық.

-         Күннің ұзақтығы мен аптапты ыстығына қарамастан ауыз бекітуші жанның дәрежесі!

Пәни дүниеде оңай олжа табу жолдарының жеңіл болып,  шын еңбекпен тапқан табыстың көзі қиыншылықпен келетіні әрі адалдық жібін аттамағанда ғана берекелі болатыны әмбеге аян. Бір Алланың разылығы, дүние ақыретіміздің жарық болуы үшін ұстаған оразада сезінетін азды-көпті қиындықтар да мұсылман баласын жақсылыққа жетелеп, сенімін нығайтып, шүкірін арттырады, иманын шыңдайды.

Шын ниет етіп, ораза ұстаушының дәрежесі туралы құдси-хадистердің бірінде Алла Тағала: «Аузы берік адам ішіп-жеуін мен үшін доғарды. Ораза – Мені мен құлымның арасындағы ғибадат. Оған берілетін сыйды Мен ғана өлшеп, Мен ғана беремін. Аузы берік құлымның аштық пен шөлдегенде шығатын аузының исі мен үшін мисктен де артық» дейді. Күні ұзаққа ораза болған жанның ауыз қуысынан шыққан иістің өзін әлемдердің Раббысы жұпар иіс мисктен жоғары бағалап, құлының сыйын бір Өзі өлшеп, бір Өзі берер болса, момын мұсылман үшін бұдан асқан нендей нығмет керек болар?

Міне, сондықтан, сабыр мен тақуалықтың, шынайы иманның дәмін сезіндіретін жаз маусымына сәйкес келген Рамазан айында Алланың мейірім-рахымы мен сый-сияпатынан құр қалмағанымыз абзал.

-         Жалпы оразаның мәнісі, ауызы берік жанға жазылар жақсылық пен берілер сауаптар!

Жалпы, мұсылман баласы үшін барлық уақыт қадірлі. Дегенмен, шариғатымызда дәрежесі биік, құрметі жоғары айлар жайында, расында, айқын айтылған.

Әз елші Мұхаммед (с.ғ.с.): «Ережеп – Алланың айы, Шағбан – менің айым, Рамазан – үмметімнің айы» деп, мұсылман үмметі үшін қасиетті айларды атап көрсетті. Осы мәндес келесі бір хадисте ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с.)«Иә, Алла! Ережеп және Шағбан айын қайырлы әрі мүбарак еткей, бізді Рамазан айына аман-есен қауыштыр» деп Раббысынан сұрап, дұға ететін. Міне, Рамазан айының алдында келетін Ережеп, Шағбан айлары ең қадірлі уақыттар. Осы айларда пайғамбарымыз тілеген жақсылыққа, мейірім мен рахым айына, кешірім мен береке айы – Рамазанға Оның үмметі, сіз бенен біз аман-есен жетіп отырмыз. Құдайға мың да бір шүкір дейміз. Хақ елші құрметтеген айларға деген құрметіміз жоғары болса, Алланың алдындағы дәрежеміз де соған сай болар деген үміттемін.

Ал, оразашының жағдайы туралы айтар болсақ, жоғарыда айтып өткен айларда ораза ұстаудың сауабы үлкен, әлбетте. Аптаның әр дүйсенбі, бейсенбі күндерінде де ауыз бекітуге болады. Жалпы оразаның мұсылмандарға бекітілуінің хикметі жайында Бұһариден жеткен хадисте «Егер, адам өтірік айту мен күнәлі істерін тастамаса, Алла ол адамның тағам мен судан тыйылғанына мұқтаж емес» деп, мән-мағынасы тереңде екенін байқатады.

Яғни, Аллаға шын иман келтіріп, мойынсұнған момын жан үшін ораза дегеніміз тек қана тәннің оразасы болмаса керек. Бұл – күнәға түсер көздің, қаңқу сөз бен жалаға жақын, ғайбатқа икем тіл мен құлақтың, яки бүкіл он екі мүшеміздің оразасы. Мүмінге жат әрекеттерден тыйылмаған адамның оразасы жөнінде ардақты елші «Оның оразасынан аштықтан өзге ешнәрсе бұйырмауы мүмкін» деп сипаттайды.

Байқағанымыздай, оразаның мұсылман қауымына парыз болуының мәні тек ішіп-жеуден тыйылу ғана емес екен. Тәніміз бен рухымыздың толық үйлесім тапқан оразасы ғана кәміл ораза қатарына жататынын жете ұғынуға тырысқанымыз жөн.

-         Рамазан айында Құран оқуға қатты мән беру!

Рамазан айы Қасиетті Құранмен тығыз байланысты. Өйткені Құран Кәрім осы айда түскендіктен, оразаны да осы айда ұстау парыз етілді. «Бақара» сүресінің, 185-ші аятында:

شَهْرُ رَمَضَانَ الَّذِي أُنْزِلَ فِيهِ الْقُرْآنُ هُدًى لِلنَّاسِ وَبَيِّنَاتٍ مِنَ الْهُدَى وَالْفُرْقَانِ

«Рамазан айы сондай бір ай, ол айда адам баласына тура жол нұсқаушы және (ақ пен қараны) айыратын дәлел түрінде Құран түсірілді», – деп айтылған.

Осы себепті Рамазан айын – «Құран айы» деп атаймыз. Бұрынғы өткен ғұламаларымыз осы айда Құран оқуға ерекше көңіл бөлуге тырысатын.

Бір кісі имам Әз-Зуһриден (Алла оны рақымына алсын) «Рамазан айында қандай істерді жасаған абзал болады?» – деп сұрағанда, ол кісі: «Құран оқу және міскіндерді тойдыру», – деп жауап берген екен.

Ендеше, біз де Рамазан айында қасиетті Құранға лайықты түрде көңіл бөліп,  оны оқып, үйренуге тырысқанымыз жөн. Сондай-ақ қасиетті Құранның әрбір әрпі Рамазан айында еселеген сауапқа кенелтеді. Құран жүрегімізге нұр, дүниемізге береке, ақыретімізге шапағат етеді.

Құранды оқи алмаған адам ең болмағанда назар салып, қарайтын болса, құлшылық сауабын алады.

Аллаға шүкір, мешіттерімізде Құран үйрететін ақысыз курстарымыз бар. Құран Кәрімді хатым етіп оқуды да қолға алып отырмыз. Сондықтан Құран оқуға назар салып, мешіттерде имамдарға ілесе отырып, хатым оқуға мүмкіншілік бар.

Тарауих намазы

Жалпы ғалымдар тарауих намазының рәкәғат санына қатыс-ты түрлі пікір айтқанымен, ғалымдардың басым көпшілігі: «Тара-уих рәкәғатының саны – жиырма рәкәғат»,-деген көзқарасты ұстанып, бұл мәселеде Омар, Әли т.б. сахабалардың (родиял-лаһу ъанһум) риуаяттарына сүйенген.

Қасиетті Рамазан айында құптан намазының 4 ракағат парызы және 2 ракағат сүннетінен кейін, ер және әйел кісілер үшін жиырма ракағат тарауих намазын оқу - сүннет муәккәдә. Яғни, бекітілген сүннет амал. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) тарауих намазының сүннет болу мәселесіне қатысты: «Хақ тағала сендерге оразаны парыз, тарауих намазын сүннет етті. Шын иман және ықыласпен Рамазан оразасын ұстаған және тарауих намазын оқыған адам күнәдан анадан жаңа туған нәрестедей пәк болып тазарады», - деген.

арауих намазының уақыты - құптан намазы мен таң атудың аралығында. Осы себептен құптан намазынан бұрын оқылған тарауих - тарауихқа жатпайды. Тарауих намазын оқудың ең абзал мезгілі - түннің үшінші бөлігі кіруден бұрын. Сонымен қатар, тарауих намазы үтір уәжіп намазынан бұрын оқылады. Осы себептен имам тарауих намазын оқып тұрған болса, мешітке кешігіп келген адам алдымен құптанның парызын оқып, кейін тарауих намазына тұрады. Бұл жағдайда құптан намазының сүннетін тарауих намазының отырыстары арасында оқыса болады. Оқымаса, соңынан үтірден бұрын оқып алады.

Тарауих намазының сауаптары
Тарауих намазын оқығанның қаншалықты сауабы бар екенін көпшілік біле бермейтіні рас. Сондықтан да, бұл жайында пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) былай деп айтқан:
1. Оразаның бірінші кешінде тарауих намазын оқыған момын анасынан жаңа туылғандай күнәдан тазарады;
2. Екінші кешінде, егер ата-анасы мұсылман болса, олардың күнәлары кешіріледі;
3. Үшінші кеште бір періште: «Ия, Алла, қабыл еткін амалын», - деп жария етіп айтады. Яғни, «Алла тағала жасаған күнәларын кешті» деп айтады;


4. Төртінші кеште Таурат, Забур, Інжіл және Құран кәрімнің (оқығанның) сауабын табады;
5. Бесінші кеште Алла тағала Қағба бөлмесінің ішінде, Мәдина Мунаууараның және Мәсжид-Ақса мешітінде намаз оқығандай сауап береді;
6. Алтыншы кеште Байтул-Маъмурды тауап еткен кісінің сауабындай сауап беріп, ол үшін тастар мен құмдардың барлығы истиғфар айтады;
7. Жетінші кеште Мұса (ғ.с.) пайғамбарды табады және Мұсамен (ғ.с.) бірге Перғауын және Хаманға қарсы шыққандай сауапқа ие болады;
8. Сегізінші кеште тарауих оқыса, Алла тағала Ибраһим (ғ.с.) пайғамбарға берген сауаптай сауап береді;
9. Тоғызыншы кешінде Аллаға пайғамбар Мұхаммед (с.ғ.с.) құлшылық еткен болса, сондай ғибадат еткенмен тең болады;
10. Оныншы кешінде Алла тағала дүние және ақыреттің жақсылығын оған нәсіп етеді;
11. Он бірінші кешінде тарауих оқыса, дүниеден анасының қарнынан жаңа туылғандай болып шығады;
12. Он екінші кеште тарауих оқыса, қиямет күнінде беті он төрт күндік айдай болып келеді;
13. Он үшінші кешінде тарауих оқыса, қиямет күнінде барша жамандықтан саламат болады;
14. Он төртінші кеште тарауих оқыса, ақыретте періштелер келіп, «бұл кісі тарауих намазын оқыған» деп куәлік береді. Алла тағала одан кейін есеп алмайды;


15. Он бесінші кешінде тарауих оқыса, періштелер ол кісіге салауаттар жібереді;
16. Он алтыншы кешінде Алла тағала тозақтан құтқарып, жәннатқа кіруіне куәлік берер;
17. Он жетінші кешінде тарауих оқыса, барлық пайғамбарлардың сауабындай сауап береді;
18. Он сегізінші кешінде тарауих намазын оқыса, бір періште келіп: «Ей, Алла тағаланың құлы. Әлбетте Алла тағала саған разы және ата-анаңа да риза», - деп айтады;


19. Он тоғызыншы кешінде тарауих намазын оқыса, Алла тағала оған Фирдауси атты жәннатты сыйлап, оның мәртебесін көтереді;
20. Жиырмасыншы кешінде тарауих намазын оқыса, қиямет күні Алла тағала шаһидтердің және жақсы салиқалы кісілердің сауабын нәсіп етеді;
21. Жиырма бірінші кешінде тарауих намазын оқыса, жәннаттан нұрдан жасалған үй сый етіледі;
22. Жиырма екінші кешінде тарауих намазын оқыса, қиямет күні барша уайым-қайғыдан аман болады;
23. Жиырма үшінші кешінде тарауих намазын оқыса, Алла тағала ол кісіге жәннаттан бір шаһар дайындайды;
24. Жиырма төртінші кешінде тарауих намазын оқыса, жиырма төрт дұғасын қабыл етеді;
25. Жиырма бесінші кешінде оқыса, Алла тағала ол кісіні қабір азабынан құтқарады;
26. Жиырма алтыншы кешінде тарауих намазын оқыса, Алла тағала 40 жылдық ғибадаттың сауабын береді;
27. Жиырма жетінші кешінде тарауих намазын оқыса, қияметте сырат (қыл көпір) көпірінен құстай ұшырып өткізеді;
28. Жиырма сегізінші кешінде тарауих намазын оқыса, Мекке-Мәдина шаһарына мың рет қажылықтың қабыл болған сауабын нәсіп етеді;
29. Жиырма тоғызыншы кешінде тарауих намазын оқығанға Алла тағала «Ей, құлым, саған жәннаттың алуан түрлі жемістерінен нәсіп болар және салсабил суына шомылып, кәусар суын мейірімің қанғанша ішерсің. Мен сенің Жаратушыңмын, сен Менің құлымсың», - деп айтқан.
Құрметті мұсылман жамағат, Рамазан айындағы оқыған тарауих намазымыздың барша жақсылықтарын Алла тағала нәсіп етсін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын.

 

Құрметті жамағат осы қасиетті Рамазан айында өзгеруге, тақуалыққа, салихалы өмірге бет бұруға септігін тигізетін бірнеше кеңестерге тоқталсақ!

1. Рамазан айының әрбір уақытын пайдасыз, бос нәрсемен өткізіп алма! (Уақыт қайта соқпайды)

2. Берекелі уақытың ғибадатқа, құлшылыққа, сауапты істерге байлансын!

3. Бес уақыт намазға ықтият бол! Оразамен қатар, намазға жығыл! Намаз мойныңдағы парызың екенін еш ұмытпа!

4. Алладан күнәларыңның кешірілуін сұрап, күн сайын көп истиғфар айт! (Күніне 100 рет: «Әстағфируллаһ уә әтубу иләйһ» деп айтуды әдет ет!)

5. Ораза ұстаған кісіге де ауызашар беріп, сауабы мен дұғасын ал!

6. Өзіңді жаратқан Алланы үнемі еске алып, мақтау-мадақ айтып, зікір етіп жүр! (Іштей «Субханаллаһ, Әлхамдулилләһ, Аллаһу әкбар, Лә иләһә иллаллаһ» деп тілің зікірде жүрсін!)

7. Алланың берген нығметтерін ұмытпай, ертелі-кеш шүкір ет! (Алланың әрбір нығметі үшін: «Аллаға шүкір, Әлхамдулилләһ» де!)

8. Рамазан Құран айы екенін естен шығарма! Көбірек Құран сүрелерін жаттап, оқып жүр! Ұрпақтарыңа да Құран үйрет!

9. Рамазан айында жомарттығыңды көрсет, мал-дүниеңнен зекет бер. Сауап істе сараң болма! Мұқтажға жәрдем қолын соз!

10. Мешіттің қасынан жай өтіп кетпе! Жүрегіңді мешітке бұр. Намазға кел, иманыңды қуатта!

11. Рамазан тәрбие айы екенін есте ұста! Мейлінше кешірімді, кішіпейіл, мейірімді бол!

12. Рамазан – толықтай өзгеру айы. Күнә істеріңді таста, игі амалдарға бет бұр. Сауап істерге асық!

13. Рамазан тазалыққа тәрбиелейді. Тәнің дәйім таза болсын! Ғұсыл және дәретпен жүріп, дәретсіз жер баспа!

14. Үй-ішіңе көркем-мінез, әдептілігіңмен үлгі бол! Бала-шағамен бірге сәресі ішіп, олармен ауыз аш. Ас үстінде мейірімді, кешірімді болу жайында сөз қозғап, имандылық тәрбие бер!

15. Рамазан айын құрметте, сыйла! Сөзіңе аса сақ бол! Ғайбат, өсек сынды сөздерден тыйыл! Аузыңды боқтық сөзден тыя біл!

16. Көршің мен ағайын-туысыңа қарайла, мұқтаж болса, жәрдем бер! Олардың мұқтаждығын намыс көріп, өзгелерге қол жаюына жол берме!

17. Үйіңді таза ұстағаның секілді, айналаңның тазалығына мән бер! Тазалық иесін Алла да жақсы көреді. Ішімдік, темекі, құмар ойын секілді өмірді зая ететін нәрселерден бойыңды сақта!

18. Рамазанда ғана емес, жыл бойы ораза секілді жүр! Кісі ақысын жеме, ешкімді ренжітпе, аманатқа қиянат жасама!

19. Рамазан айы – жақсылығыңның айнасы. Рамазан айы – рухани медресең. Кемелдікке бет бұр. Өзгелер Рамазан айында түзеледі. Сен де Рамазан — мүмкіншілік айы екенін ұмытпа. Өзгелер саған қарап, жаман әдетін тастап, жақсылыққа бет алсын!

20. Рамазан – айлардың сұлтаны болғаны секілді, сен де ең көркем амалдарыңмен, жақсы мінезіңмен адамдардың СҰЛТАНЫ бол!

 Ержан АМАНБАЕВ 

Тараз қаласының бас имамы

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: