«Дін» мен «дәстүр» құндылығы

«Дін» мен «дәстүр» құндылығы

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Мейірімді, Рахымды Алланың атымен бастаймын!

    Дін – иісі мұсылман баласының сан ғасырлар бойы сақтаған асыл мұрасы. Дініміз Ислам – адамгершілік пен парасаттылықтың, қайырымдылық пен ізгілік діні. Осынау асыл дінімізді әр саққа жүгіртіп, бұрмаламай өзінің тұнық қайнарынан үйренуге тырысқанымыз жөн. Дін мен дәстүрдің қоғамдағы алатын орны жоғары, ұлттық құндылықтар дұрыс қалыптасу үшін де атқарар маңызы өте зор. Дін – адамдық ізгі қасиеттерімізді асқақтатса, салт-дәстүр – ұлт болып қалыптасуымыз үшін қажет.                                                                   

Әр халықтың өзіне тән, қоғамның дамуына байланысты ерекшеліктері болады. Мәселен, еліміздің ұлан-байтақ жерді алып жатуының өзі ғасырлар бойы халқымыздың бойындағы, батырлық пен ерлік дәстүрін тудырғандығын мойындамасқа шара бар ма? Қазақ – ұлттық дәстүрге аса қатты мән беретін халық. Дәстүр – ұлтты рухани жандандырып, оның ішкі және сыртқы келбетін өрнектеп, көрсетіп тұратын сипаттар. Дін мен дәстүр – қашанда бір-бірімен сабақтас ұғым. Екеуі егіз тақырып десек те болатындай. Қазақы мінез бен дүниетанымда ізет пен құрметке ерекше мән беріледі. «Қазақы мінез» деген ұғымның өзі кішіпейілділік, дархандық, еркіндік тәрізді кесек мінездермен айқындалады емес пе?                                                                                                                    Дәстүрсіз ел, халық, ұлт өмір сүре алмайды. Бұл - бүтін дүние мойындаған аксиома. Бірақ, оның таза бастауы, алтын арқауы ортақ дүниетаным, көзқарас, сенім-наным мен қапысыз ортақ мүддеге қызмет еткізетін бүкпесіз шындық пен әділеттілік безбеніне сүйенген қасиетті өлшем-таразысы болуы шарт. Ол шарт халықтың қалауымен тағдырдың жазуындай еншілес ұғымдардан тұрады. Ахмет Байтұрсынұлы: «Қазіргі заман – өткен заманның баласы, болашақ заманның атасы», – дейді. Діннен тамыр жайған дәстүрімізге берік, иманымызды өзімізге серік ету арқылы ғана біз өзіміздің тарих сахнасынан орын алған тәуелсіз ел екенімізді дүйім жұртқа дәлелдегеніміз болар еді. Дін мен дәстүріміз бөлек дегендер, бір ел болашағының қамын жегендердің сипатына келмейді. Өйткені олардың түсінігі тар, я болмаса қазақ тарихынан хабарсыз деуге ғана келеді. Дәстүріміздің әлі күнге дейін өз орнын жоғалтпауының бір себебі, ол дінмен ұштасуында.

Дәстүрдің бір сипаты – тұрақтылығында. Оны қаласа өзгертіп, қаламаса өшіріп тастайтын бір адамның меншігі емес. Дәстүрдің  тағы бір артықшылығы - оның өміршеңдігінде, қанға сіңіп, күнделікті өмірге қалыптасқандығында. Егер әдет–ғұрып шариғатқа қайшы келмесе, оған Ислам діні тыйым салмайды. Алла тағала Құранда: «Кешірімді бол, ғұрыпқа жақсылыққа бұйыр және надандардан жырақ бол» - деп әмір етеді. Ғұрып дегеніміз бір қоғамда қалыптасқан жағымды әрі қайырлы іс. Демек, Алла тағала жоғарыдағы аяттарда қоғамда жағымды жағдайларды қалыптастырып, оларды негізге алуға әмір етіп тұр. Қай халықтың болмасын салт - дәстүрлері сол халықтың мінез - құлқын, қасиеттерін таныта алады. Қазақ халқының салт - дәстүрлері мен әдеп -ғұрыптары халықтың тұрмысына, тәрбиесі мен мінезіне, сеніміне, ырымына қарай қалыптасып келеді.   

Қазақ халқында қалыптасқан ұлттық дәстүрлердің, ділдегі ұғымдардың басым көпшілігі Ислам дінімен бірге өрілген. Кейбірі хақ діннің негізінде пайда болған. Сондықтан ұлттық салт-дәстүрлер төл мәдениеттің аясында қарастырылады. Ал әрбір халықтың мәдениетін, танымдық тұғырын айқындап беретін таразы – сол халық ұстанған идеологиялық рухани жол, яғни діні. Осы себепті дін дегеніміз діл мен дәстүрдің негізі болып табылады. Ал халық дінін ұмыта бастағанда сол діннен қалған сарқыншақтар әдет-ғұрыптарда ғана көрініс береді.     

Дін мен дәстүр қашанда егіз ұғым болып қала бермек. Себебі халықтың рухани құндылығына салт – дәстүр сіңісіп кеткендігін барлығымыз біліеміз. Дін мен дәстүрге деген көзқарасымызды бұрмаламай, дін мен дәстүрді қатар алып жүрейік, жамағат!

 Ғайырфулла Қуанышбекұлы

Жамбыл ауданының бас имамы

asyldin.kz 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: