Нәби мен Расулдың айырмашылығы (ихсан ілімі)

Нәби мен Расулдың айырмашылығы (ихсан ілімі)

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Алла Тағала адамдарды тура жолға бастау үшін жер жүзіне Пайғамбарларды жіберді. Бұның басты себебі, Алла Тағаланың Өз құлдарына болған рақымы екен. Алла Тағаланың жіберген барша Пайғамбарларына иман келтіру - парыз.

Пайғамбар араб тілінде "Нәби" немесе "Расул" деп аталады. Нәбидің тілдік мағынасы "хабар беруші", "жаңалық жеткізуші". Расулдың тілдік мағынасы "елші", "уәкіл" дегенді білдіреді. Әбу Хафс Омар Нәсәфи өзінің "Ақаид ән-Нәсәфи" атты кітабында Пайғамбарлар жайында былай дейді: "Пайғамбарларды жіберуде үлкен хикмет бар. Алла Тағала дүние және дін істерінде адамдар мұқтаж болғандықтары үшін өздерінен болған қуандырушы, ескертеуші және баяндап беруші Пайғамбарларды жіберген. Оларды түрлі мұғжизалармен қуаттаған. Нәбилердің ең алғашқысы Адам (ғ.с.), ең соңғысы Мұхаммед (с.ғ.с)."

Ақида саласындағы көптеген деректерде "Нәби" және "Расул" термин сөздеріне көп кездестіріп жатамыз. Мысалы, "Нәбиуллаһ", "Расулуллаһ". Яғни Алла Тағаланың пайғамбары және Алла Тағаланың Расулі деген мағынада.

Жалпылама түсінуімізше бұл екі терминнің екеуі бір мағынадағы екі сөз болса да, түбінде екеуінің арасында айырмашылық бар. Ғұламалар да Нәби мен Расул сөзінің арасында бірнеше мағына бар деп растаған. Алла Тағала кімге аспаннан хабар берсе және сол хабарды басқаларға жеткізуге әмір етсе, сол адам Нәби де Расул да болып саналады. Ал егер басқаларға жеткізуге әмір етпеген болса, онда ол тек Нәби бола алады. Бұл пікірді ғұламалардың басым көпшілігі мақұлдайды. Демек, Расул өзі алып келген шариғатты басқаларға жеткізуге бұйырылған. Нәби болса өзінен алдыңғы шариғатты әрімен қарай жалғастырушы болып саналады. Расулге түскен сияқты Нәбиге де  Иләһи уахи нәзіл бола алады. Алайда Нәбиге түскен уахи жаңа шариғат болып табылмайды, қайта өзінен алдын өткен Расулдің шариғатына еру және оны өз қауымына жеткізу, әрі қауым арасында өз үкімін жүргізе алады. Мысалы, Мұса (ғ.с.) мен Харунды (ғ.с.) Алла Тағала Бәни Исраил қауымына расул етіп жіберді. Ал олардан кейін келген Пайғамбарларға осы екеуінінің шариғатына ерген халде амал қылуға, әрі оны өз қауымдарына жеткізуді бұйырды. Төмендегі аятқа көз жүгіртелік: «Күдіксіз Тәуратты түсірдік, онда тура жол және нұр бар. Аллаға бой ұсынған пайғамбарлар, Яһудилерге онымен үкім етер еді. Және Алланың Кітабын қорғауға міндеттендірілген сопылармен ғалымдар да, онымен үкім етер еді. Олар оған куәгер еді. Ендеше адамдардан қорықпаңдар да, Менен қорқыңдар және аяттарымды аз бір ақшаға сатпаңдар! Кім Алланың түсіргенімен үкім етпесе, міне солар қарсы болушылар». (Мәида сүресі, 44 аят)

Демек, шариғат иесі Расул болады. Нәби болса өзінен алдын келген Расулдің шариғатын адамдарға жеткізуші болады. Расул адамдардан да періштелерден де бола береді. Алла Тағала Құранда: «Негізінен Құран әрине бір ардақты Елшінің сөзі» (Текуир сүресі 19 аят.) деп Жәбраилді (ғ.с.) айтуда. Сондай-ақ «Ақыр елшілеріміз олардың жандарын алуға келіп: «Алладан өзге сиынатындарың қайда?»,- дегенде: «Олар бізден ғайып болды» деп, өздерінің қарсы болғандықтарына өздері айғақ болды» (Ағраф сүресі,37 аят), деген аятта да періштелерді меңзеген. Расулге Иләһи уахи нәзіл болады. Шариғат үкімдерін өз қауымына жеткізу уәзипасы жүктеледі. Мұны төмендегі аяттан аңғаруымызға болады: «Әй Пайғамбар! Раббың тарапынан түсірілгенді жалғастыр. Егер оны істемесең, елшілік міндетін жалғастырмаған боласың. (Мәида сүресі, 67 аят)

Расул жаңа шариғатымен келеді. Нәби жаңа шариғатпен келмейді. Керісінше, өзінен алдыңғы пайғамбардың шариғатын жалғастырады және басқаларға жеткізеді. Тақырыбымызда мына бір мәліметті айта кетуге тура келіп тұр. Құран Кәрімде «Нәби», «Расул» сөздері көп кездестіріледі. Бұл екі сөз  Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымызға бірдей қолданып айтылады. Бұл жерде нәзік сыр бар. Құранда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) 30 жерде «Нәби» сөзімен келтірілген. Және бұл аяттардың көпшілігі мирас, неке, олжа бөлу, мұсылмандық қарым-қатынастар жайында келтірілген. Бұл екі сөздің екеуін екі бөліп қарастырмағанымыз абзал. Лажы болса, Расул сөзін пайғамбар деп тәржімаласақ та, Нәби сөзін сол қалпында қалдырғанымыз жөн болады. Жалпы екі сөздің екеуі де пайғамбар мағынасын беруде деп қабылдасақ болады. Сондай-ақ, Алла Тағала Құранда 25 пайғамбардың есімдерін баяндаған.

Үмбет Сабырханов

«Әл-Хақ» мешітінің имамы

Луговой ауылы

asyldin.kz

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: