Оң қол сол қолдан жақсырақ

Оң қол сол қолдан жақсырақ

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Біздің асыл дініміз Исламның таңғажайып ерекшеліктері аз емес және өміріміздің барлық жағын үйлесімді түрде қамтиды. Жақсылықты дәріптеп, күллі жаманшылық атаулыдан тыйып отырады. Ислам қасиетті адами мәртебеге лайық болатын жолды көрсетеді, мысалы, құлшылықта, өзге адамдармен қарым-қатынас жасауда, жеке басымыздың ісінде, сондай-ақ, ас қабылдау мәдениетінде.

Исламда барлық нәрсе құлшылықпен не болмаса жағымды іс-әрекеттермен байланысты, тіпті мешітке кіру, намаздан кейінгі сәлем беру, киім кию, ішіп-жеу – бәрі де оң жақтан басталады немесе оң қолмен жасалады.

Ал сол қол және сол аяққа келер болсақ, бәрі керісінше: әжетханаға кіру, мешіттен шығу, сіңбіру, іш дәрет алу – осының бәрі сол қол мен сол аяқпен жасалатын амалдар. Демек, оң қол сол қолдың қасында игі әрі мәртебелі дегенді білдіреді.

Алла Елшісі (ﷺ) Омар бин Саламға (р.а.) былай айтқандығы келтірілген: «Әй, ұл: «Би-сми-Ллахи (Алланың атымен)» деп, оң қолыңмен же әрі алдыңдағы астан алып же!» (Бұхари, Мүслим).

Ал басқа бір хадисте былай келтірілген: «Алла Елшісінің (ﷺ) қасында отырған бір адам сол қолмен жегенде, Пайғамбарымыз (ﷺ): «Оң қолмен же», - деген. Әлгі адам: «Мен жей алмаймын», - дейді сонда Пайғамбарымыз (ﷺ) оған: «Сен бұдан былай да жей алмайсың», - деген. Бұл адамға тәкаппарлықтан басқа ештеме кедергі келтірмеген еді, алайда ол бұдан былай расымен де оң қолын аузына апара алмай қалған екен» (Мүслим, Ибн Хиббан).

Тақуалардың анасы Айша (р.а.) былай айтқан: «Алла Елшісі (ﷺ) оң қолымен дәрет алып, ас ішкен, ал сол қолымен іш дәрет алып, басқа да ыңғайсыз істерді жасаған» (Әбу Дәуд).

Салман әл-Фариси (р.а.) былай келтірген: «Алла Елшісі (ﷺ) іш дәретті оң қолмен алуға тыйым салған» (Мүслим).

Алла Елшісі (ﷺ) былай айтқан: «Сол қолмен жемеңдер, шынында, шайтан сол қолмен ішіп-жейді» (Мүслим).

Қасиетті Құранда Алла Тағала Өз Елшісінің (ﷺ) сөзіне құлақ аспауға болмайтындығын ескерткен: «Сондықтан оның әміріне қарсы келгендер, өздеріне бір апат жетуінен немесе жан түршігерлік азап келуінен сақтансын» (24:63).

Демек, тамақты оң қолмен жеу керек, алайда сырқат болу немесе басқа да себепті оң қолмен жей алмаса, мұнда күнә жоқ.

Ғалымдар оң қолмен тамақ жеудің бірнеше ерекшеліктерін атап көрсеткен. Олар:

1. Сол қолмен ішіп-жейтін шайтаннан айырмашылық;

2. Оң қол мәртебесінің сол қолдан жоғарылауы;

3. Бұл адамдармен араласу әдебі – адамдармен амандасуда әрі іш дәрет алуда бір қолды қолданбау;

4. Қиямет күні Алла Тағала біздің амал дәптерімізді оң қолымызға береді деген үміт.

asyldin.kz

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: