Ақ пен Қара. Жақсылық пен Жамандық.

Ақ пен Қара. Жақсылық пен Жамандық.

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Кішкене күнімде атам марқұм: «Сенің екі иығыңда екі періште отыр, ол екеулері сенің жасаған жақсы -жаман істеріңді, айтқан жақсы-жаман сөздеріңді жазып отырады», - деп айтушы еді. Ол менің әлі балиғат жасқа толмаған, ақ пен қараны толық ажыратып біле қоймаған кезім. Соған қарамастан жақсы сөз айтқан кездерімде жалтақтап оң иығыма қарап, періште айтқан жақсы сөзімді жазып үлгерді ме әлде жазып үлгермеді ме екен деген балалық аңқау ойлар маза бермейтін-ді, ал жаман мінез-қылық көрсетіп, тіл алмаған кездерімде, сол иығыма қарап, періште мұнымды жазбай-ақ қойса екен, жазатын сиясы бітіп қалса екен деп балалық пәк ниетіммен тілейтін едім. Таңның атысы, күннің батысы ойыннан басқа ештеме білмейтін, ішіп-жеу, ұйқыдан басқа ешнарсе қажет етпейтін бес-алты жастағы баланың «ақ-қара періштелермен, жақсы-жаманмен» танысуы осылай басталған еді. Бұл 80-ші жылдардың басы, Кеңес Үкіметінің билік жүргізіп тұрған уақыты болатын. Халық діннен мақұрым болған кез еді...

Бұл фәни өмірдің мәңгілік емес, адамдар өмірінің басталуы мен соңы Бір Жаратушы Жалғыз Алланың қолында екенін, күллі ғаламды, жандыны- жансызды жаратқан Алла Тағаланың ілімі адамзат баласының ойына кіріп шықпайтындай ұшан-теңіз екенін - жол апатынан асыл әкем аяқ-асты көз жұмған кезде түсіндім. Мен ол кезде он жаста едім. Әр нәрседе бір хайыр бар дегендей, әкемнен ерте айырылуым - Алла Тағаланы танып-білуіме көп септігін тигізді. Жанұядағы алты баланың ішінде ерекше мені жақсы көретін, мен десе ішкен асын жерге қоятын әкемнен ойламаған жерде айырылу мен үшін аспан айналып жерге түскенмен тең болды. Іштей егіліп, ішімдегі әкеме деген қимас балалық сезімімді үнсіз екі көзден сорғалаған жаспен қана білдіретінмін. Жан қиналысына түскен мені нағашы апам бауырына қысып, ақырын ғана: «Сен әкеңе көз жасыңмен көмектесе алмайсың, керісінше сенің жылағаң көз жасың үлкен көл болып, оған әкең тұншығады, сен көз жасыңды тыйып, «Лә иләһа иллә-Алла» деп айтсаң оған көп көмек қыласың, ол сөздің мағынасы- Алладан басқа ешбір тәңір жоқ», - деп құлағыма сыбырлады. Әкеңнің аруағына арнап Құранның сүрелерін оқы деп «Фатиха», «Ықылас» сүрелерін жаттатты. Сол уақыттан бастап менің балалық ойым мүлде өзгере бастады. Өмірге келу бар да өмірден қайу бар; күн батса, түн болар; жаз бітсе қыс келер; көл бар жерде шөл де бар; ақ бар жерде қара бар; жақсылық бар жерде жамандық бар - ең бастысы бұл өмірге адамзат баласы Алла Тағалаға құлшылық ету үшін жаралғанын, бұл дүниедегі жаратылғандардың барлығы да адамзат игілігі

үшін жаратылғанын түсіндім. Қасиетті Құранымызда айтылғандай: «Түнді жамылғы қылдық. Күндізді тіршілікке жараттық. Үстеріңе жеті қат берік көк құрдық. Жарқыраған шырақ (күн) жараттық» (78:10-13).

Құдіреті күшті Алла Тағала, жоқтан барды Жаратушы Алла Тағала бұл бес күндік фәни дүниеде тепе-теңдіктің сақталып тұруы үшін теңгерім (баланс) орнатқан. Бұл дегеніміз – өмір бар жерде өлім бар, адам баласының дүниеге келуі – қуаныш, бақыт – жақсылық болса, қайтыс болуы – қайғы-қасірет – жамандық; күннің шығып таңның атуы – күн болса, күннің ұясына кіріп, қараңғылықтың түсуі – түн; жайқалған жастық шағың жаз сияқты өте шығып, аязы қатты, жылуы аз қыс сияқты келер қарттық. Ұлы ақын Абай атамыз айтқандай:

...Жас қартаймақ, жоқ тумақ, туған өлмек,

Тағдыр жоқ өткен өмір қайта келмек.

Басқан із, көрген қызық артта қалмақ,

Бір Құдайдан басқаның бәрі өзгермек... Бұл дүние өзгеріп, алмасып тұрғанымен де Алланың қалауымен теңгерім сақталып қалады. Адамзат баласы бұл дүниенің өткінші екенін түсініп, ахиреттің мәңгілік екеніне сеніп, иман келтірсе, Бір Аллаға ғана құлшылық етсе - өмір сүруіне де жеңіл болар еді. Ол дегеніміз - басқа түскен қиыншылыққа төзіп, мойымай шыдап, қолда барды қанағат тұтып, ал байлықтың мұздай еріп кетерін түсініп, кеуде көтеріп, менменсімеу, яғни бүгін басыңа қиыншылық, жоқшылық түсірген Алла Тағала ертең-ақ сенің басыңа жақсылық пен байлықты үйіп бере салары хақ. Басыңа түскен бір күндік қиыншылық үшін таусылып, қажымау қажет. Мұндай жағдайда аузында иманы бар адамдар Алла Тағалаға тәуекел етіп, бәрін бір Жаратушыға тапсырады, өйткені қиыншылықтың кетіп, жақсылықтың келері - күннің батып, түннің келеріндей –хақ нарсе екенін біледі. Бұл дүние мұржадан шығып жатқан түтіндей тұтастай қап-қара болуы мүмкін емес, қара бояуды ағартып жатқан екі адамның іс-әрекетін Мұқағали Мақатаев ағамыздың мына бір өлең жолдарымен де сөйлетуге болады:

... Іздестіріп жер-көктен қарайын да,

Керемет бір теңеуді табайын да.

Білгішіме берейін, не дер екен,

Ақ қағазға ақ бояу жағайын да.

Көрер ме екен қайсыбір қара шаштың

Күміс талшық тұрғанын самайында.

Түсінер ме не екенін бақ пен нала,

Боя дейді жалғанды ақпен ғана.

Сезер ме екен білгішім, қайдам, қайдам,

Тұратынын алмасып ақ пен қара...

Адал да әділ әрі кішіпейіл болайық! Ең бастысы – жүрегімізде иманымыз болып жақсы, қайырлы амалдарымыз көп болсын! Адамдардың жаман іс-әрекеттерін жасырып, жақсысын асыруға үйренейік. Есіңізде болсын, Алла Тағала аққа жақ!

Сыдықова Ақерке

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: