Деструктивті діни ағымдардың қоғамға қауіп қатері

Деструктивті діни ағымдардың қоғамға қауіп қатері

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Барлық мақтау бүкіл әлемнің иесі Аллаға тән. Сәлем әрі салауат бүкіл әлемге қамқорлық ретінде жіберілген әлемнің ең соңғы пайғамбары Мұхамедке (с.ғ.с.) Алланың игілігі мен салауаттары болсын.

Әбу Ханифа мазхабына негізделген Ислам діні – халқымыздың ертеден келе жатқан салт-дәстүрлері мен әдеп-ғұрыптарымен біте қайнасып кеткен құндылықтарымыз болып табылады.

Бүгінде ел мұсылмандарының бірегей орталығына айналып отырған Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының тарапынан ел бірлігі, ішкі саяси тұтастық мәселелері басты орындарға қойылып, тиісті деңгейдегі жұмыстар жүзеге асырылуда. Қазір елімізде 130-дан астам ұлт пен ұлыс өкілдері тату-тәтті тұрып жатыр. Олардың барлығын бір мақсат пен ортақ мүдде біріктіріп, топтастырып, ынтымақтастығын күшейтіп отыр. Алайда, еліміздегі осыншалықты тындырымды тірліктерімізге сына қағуға тырысып, түрлі іс-әрекеттермен жұртшылықты, соның ішінде жастарды адастырып жүрген кереғар діни ағымдардың да бар екендігін айтуға тиіспіз. Қазіргі таңдағы өзекті деген үлкен мәселелердің бірі – керағар діни ағымдар қоғамға, айналаға, соның ішінде жастарымызға ерекше әсер етіп, ұдайы адастырумен келеді. Соның салдарынан отбасылардың ажырасуы көбейіп, түрлі ағымдарды ұстануы нәтижесінде жанұяларда ұрыс-керістер орын алып, көптеген бөлінушіліктерге негіз болуда.

Бірлік - мұсылмандықтағы басты қағидалардың бірі. Бұл жөнінде Алла Тағала қасиетті Құранда: «түп-түгел Алланың жібінен (дінінен) ұстаңдар да, бөлінбеңдер» деген. («Али Имран» сүресі 103 аят).

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.)былай дейді: «Ей адамдар! Естеріңде болсын! Раббыларың біреу, араб араб еместен, араб емес арабтан, ақтың қарадан, қараның ақтан діндарлығынан басқа ешқандай артықшылығы жоқ. Күмәнсіз, Алланың алдында ең мәртебелілерің тақуа болғандарың» (Имам Муслим).

Кемеңгер Елбасымыз да өз сөздерінде тұрақты түрде ынтымақ, бірлік мәселелерін көтеріп, «Бірлік- біздің қасиетті туымыз», деп бірлік, ынтымақ мәселелеріне ұдайы көңіл бөліп келеді. Сондықтан бұл қасиетті ұғымдар біздің елдігімізді, мемлекеттігімізді көрсететін негізгі ұстанымдардың бірі.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өзінің бір хадисінде «Адамдардың ең қайырлысы адамдарға пайдалы болғаны»-деген. Олай болса деструктивті діни ағымдардан зардап шегушілердің қатары да күн сайын көбеюі, шағымданушылардың артуы олардың адам баласына зиян келтіретіндігін көрсетеді. Әрі Құран Кәрімде «Ізгілікте, тақуалықта қол ұшын беріңдер, ал күнәлі іс пен дұшпандықта көмектеспеңдер!» (Мәида сүресі, 2 аят)-делінеді. Олай болса діннің атымен, Құдайдың атымен ел ішінде бүлік салып, отбасын ойрандап, ағайындарды бір-біріне қарсы қойып жатқан діни ағымдардың шынайы бейнесін көрсету, одан сақтандыру әрбір саналы азаматтың міндеті болса керек.

Қазіргідей ақпарат ғасырында бізді қоршаған көптеген мәліметтер мен діни көзқарастардың арасынан анығын таңдау, болашақ жастарға дұрыс бағдар беру үлкен жауапкершілкті қажет етеді. Алла Тағалаға әрбір намазда, Фатиха сүресінде «Бізді адасқандарға қоспа, бізді тура жолға сала гөр!» деп дұға жасаймыз. Алла Тағала өзі тура жолға бастасын, Дұғаларымыз қабыл болсын.

Ансар Абилов 

Жамбыл ауданы, Қаламаңы ауылы

«Хаджи Тамаль Мадина» мешітінің имамы

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: