ХАЛАЛ АС ІШУ ИМАНҒА ӘСЕР ЕТЕДІ

ХАЛАЛ АС ІШУ ИМАНҒА ӘСЕР ЕТЕДІ

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Халал ас ішу – ата-бабамыздың дәстүрінде қатты сақталған. Оған ақын-жазушылардың туындылары да, халық аузынан жеткен даналық сөздер мен мақал-мәтелдер де дәлел бола алады. Қазақта «Басқа амандық, ал асқа адалдық берсін» деген бата сөз бар. Бастың амандығы, астың адалдығы ертеректен мәнін жоймаған құндылық болған болса, қазіргі таңда оның өзектілігі тағы артуда. Алла Тағала Құранда былай дейді: «Әй, адамдар! Жер бетіндегі нәрселердің халал әрі тазасынан жеңдер! Және шайтанның ізіне ермеңдер! Өйткені ол сендерге ашық дұшпан» («Бақара» сүресі, 168-аят).

Шынтуайтында, біз қандайда бір ас жесек, сол рухымызға әсерін береді. Иманың әлсіреп, оқыған Құран санаңа қонбай жатса, міне, мән беру керек дүние ішіп отырған асыңның халал болмағы. Бұл үйде ас дайындап жүрген келіншектерге де, сол азықты тауып алып келіп жүрген ер адамға да тікелей қатысты.

Ертеректе сахаба аналарымыз жолдасын жұмысқа шығарып саларда: «Бізге адал нәсібе әкеліңіз, Қияметте арам астың кесірінен өртеніп жүрмейік» дейтін болған. Адал ас жүректе ізгіліктің жалынын жағып, адамды ғибадатқа жігерлендіреді. «Бір кісі қырық күн халалдан жесе, Алла Тағала ол кісінің жүрегін нұрландырады, жүрегіндегі хикметті тілінен ағызады» дейді. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) осы хадис адал астың рухани тұрғыдан тазаруға қаншалықты пайдалы екенін білдіреді.

Халал мен харам ас адамның өміріне тікелей әсер ететін тағы бір факторлардың бірі – кісінің мінез-құлқы, жүріс-тұрысы, сөз саптауы, тәрбиесінің бәрі де адал астың асыл қасиетінде жатса керек. Қазіргі кезде ата-аналар тарапынан: «Біздің балаларымыз тілімізді алмайды» деген наразылық пікірді жиі естиміз. Ол біздің балаға беріп отырған тамағымыз бен баланың ана жатырында болған кезде алған тәрбиесінен. Егер біз әлі дүниеге келмеген сәбилерімізді, олар аналарының жатырында болған кезден бастап харам аспен қоректендіретін болсақ, өскен соң миына харам жасау туралы ойлар келері анық емес пе? Еске берік сақтайтын бір түйін, халал ас – рұқсат етілген ойлар мен әрекеттерді тудырса, ал харам ас – рұқсат етілмеген ойлар мен әрекеттерді тудырады.

Егер бала дүниеге келгенге шейін оның ата-анасы адал өмір сүріп, Аллаға иман келтіргендерден болса, онда оның баласы да Құдай жолына берілген адам болып шығары сөзсіз. Дүниеге сәби келер алдындағы ата-ананың істері жарық өмірге әлі келе қоймаған баланың жетілуіне әсері өте жоғары болады.

Тақуа кісілердің бірі Әбу Бәкір Уаррақ бір әңгімесінде: «Таңертең ұйқыдан тұрғаннан кейін маңайымдағы кісілерге қарап, кімнің адал ас, кімнің арам ас жегенін ажырата алам, –  деді. Жанындағылар:

– Ұстаз, оны қалай ажыратасыз? – деп сұрағанда, былай деп түсіндірді:

– Кімде кім таң ата бос сөз, бөстекі әңгімеге салынса, әркімдерді сырттай жамандап, былапыт сөз айта бастаса, демек, оның бұл әрекеті арам ас жегендігінен туындауда деп түсінем. Ал егер кімде-кім таңертең тұрғаннан кейін әуелі Алла Тағаланы көп зікір етіп, тәухид кәлимасын айтып, өзіне кешірім-истиғфар тілесе, оның бұл әрекеті адал ас жегендігінен. Өйткені адал да, арам да адамның күнделікті іс-әрекетіне міндетті түрде әсер етеді».

Алла Тағаланың  ұлы сөздері қасиетті Құран Кәрімде адамзат баласына көл-көсір нығметтер беріп, жер бетіндегі халал мен харам нәрселердің ара жігін айырып көрсеткен. Алла пендесі  үшін нені халал десе, ол сырда қайыр мен хикмет бар, ал нені харам десе, онда адам ғұмыры үшін ұшан-теңіз зиянның бар екендігі күмәнсіз. Осы турасында "Бақара" сүресінің 168-аятында былай деп түсіндіреді: «Әй, адамдар! Жер бетіндегі нәрселердің халал әрі тазасынан жеңдер!»,  «Мәида» сүресінің 88-аятында:  «Алланың өздеріңе халал әрі таза етіп берген ризықтарынан жеңдер!» делінген.

Арам ас жеу қасиетті Құранда – екі жүзді мұнапықтар мен кәпірлердің бір сипаты ретінде былай деп түсіндіріледі: «...олар өтірікті тыңдауға құмбыл және арам жеуге тым бейім» («Мәида» сүресі, 42-аят).

Дұғаның қабыл болуы үшін бірнеше сүннеттер мен әдептер бар. Соның бірі – халал тағам ішу. Жегеннің бәрі адал болуы керек. Саъд ибн Әбу Уаққас (оған Алла разы болсын) бірде Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) оның дұғалары қабыл болмай жүйгенін айтты. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) оған: «Әй, Сағд! дұғаң қабыл болуы үшін тағамнан халал нәрсені ал. Менің жаным қолында болған Аллаға ант етемін, ішіне харам кесек салған адамның қырық күн бойы ғибадаты қабыл болмайды» деген. Яғни тілектердің орындалу кілті – дұға, ал бұл кілттің тістері – халал тамақ.

Бүгінде халал асқа деген халықтың сұранысы артып келеді. Осыған орай адал ас шығарушы кәсіпорын саны да күн санап көбеюде. Алайда ескере кететін жайт, халал ас тек Алланың атымен сойылған мал ғана емес, ол тамақ қоспаларының шығу тегі, дайындалуы да. Тіптен ас дайындаушы адамның ғұсыл-дәреті болуы да маңызды дүние. Ертеректе бабаларымыз дәретсіз жүрмес үшін су тұрған жерге дейін тәямүм алып баратын. Міне, халалға деген халқымыздың ұстанымы, махаббаты. Осындай ізгі елдің ұрпағы – адалдықты біз де жан-жүрегімізбен сүюіміз нұрүстіне нұр.

Алла тағала ішер асымыздың халал болуын, рухымыздың таза болуын нәсіп еткей!

 

Нұрматжан МИРАЗИЗОВ

ҚМДБ «Халал Даму» ұйымының

Жамбыл облысы бойынша өкілі

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: