Бас имамның қасиетті Қадір түнімен құттықтауы

Бас имамның қасиетті Қадір түнімен құттықтауы

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Әлемдердің Раббысы Алла тағалаға сансыз мақтаулар мен мадақтар, сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.ғ.с.) салауаттар болсын! 

Құрметті Жамбыл облысының тұрғындары!

Міне Аллаға шүкір, Қасиетті Рамазан айының соңғы он күндігіне де аман-есен жетіп отырмыз. Жаратқан Алла ұстаған оразаларымызды, дұға-тілектерімізді қабыл еткей!

Алла Тағала пенделеріне кейбір күндер мен түндерді қасиетті етіп берген. Айталық қасиетті ай бар. Ол – Рамазан айы. Қасиетті күн бар. Ол – жұма күні, Арафа күні. Қасиетті уақыт бар. Ол – дұға қабыл болатын сәт. Қасиетті түн бар. Ол – мың айдан да қайырлы Қадір түні. Рамазан мейірім, молшылық айы болса, сол қасиетті айдың маңызын Қадір түні тіпті мәнді ете түседі. Алла тағала айлардан – Рамазанды, күндерден – жұманы, түндерден Қадір түнін артық еткен. Бұл түнде әлем мұсылмандары үшін өмірлік қағиданың негізі болып табылатын қасиетті Құран Кәрім Хазіреті Пайғамбарымызға (с.ғ.с) түсіріле бастаған. Қасиетті Құран Кәрімнің «Қадір» сүресінде: «Қадір түні мың айдан қайырлы»,– делінген. Бұл түнде періштелер жерге түседі.

Қадір – бойға рух, санаға нұр құятын ерекше түн. Сондықтан осы түнді барлық мұсылмандар құлшылықпен өткізіп, отбасының амандығын, елдің тыныштығын тілеп дұға жасайды. Қадір кешін құлшылықпен өткізген адам үлкен сауапқа кенеліп, екі дүниенің қуанышына бөленеді.

Алла тағала бір ай бойы ұстаған оразаларымыз бен Қадір түнінде жасаған дұғаларымызды, тілектерімізді қабыл еткей! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай! Әрбір отбасына бақыт, береке тілеймін! Көп ұлт пен ұлыстың тұрағына айналған Отанымыздың бірлігі мен ынтымағы арта бергей! Әмин!

Бейбіт  МЫРЗАГЕЛДИЕВ

ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша бас имамы

"Һибатулла Тарази" мешітінің бас имамы

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: