Әбу Хурайра (р.а.) Пайғамбарымыздың (ﷺ) былай айтқанын келтірген: «Садақа байлықты еш азайтпайды, жәбір көруші жәбірлеушісін кешірсе, Алла жәбірленушінің мәртебесін өсіреді (жәбірлеушінің арқасында жәбірленушінің адамдар арасындағы құрметі мен мәртебесі өседі, болмаса екі дүниеде де ол жоғары дәрежеге қол жеткізеді)».
Бір күні Алла Елшісінің (ﷺ) Айша анамыздың (р.а.) үйінде болғаны келтірілген. Оның алдында қуырылған ет салынған тәрелке тұрады. Оны тізерлеп жеп отырады. Сол кезде еркектерден де, әйелдерден де ұялмайтын бір ұятсыз әйел келеді. Әлгі әйел Пайғамбарымызға (ﷺ) қарап: «Құл сияқты отырған Пайғамбардың түрін қараңдаршы», - дейді. Ал біздің сүйікті Пайғамбарымыз (ﷺ) оған былай деп жауап береді: «Мен Алланың құлы болғандықтан, құл сияқты отырып, құл сияқты жеймін». Әлгі әйелге де: «Сен де же», - дейді. Ол: «Жоқ, өзім жемеймін, сен өз қолыңмен жегіз», - дейді. Пайғамбарымыз (ﷺ) оны өз қолымен тамақтандыра бастайды. Сонда әлгі әйел: «Жоқ, сен өз аузыңмен жегізбегенше, мен жемеймін», - дейді. Пайғамбарымыз (ﷺ) сіңірі бар еттен тістеп алып, шайнап, шайналған етті әйелге береді. Әйел етті аузына салып, шайнай бастайды. Сол шайналған ет асқазанына түскенге дейін әйелдің ұяты оянады. Әлгі әйел ешкімге қарай алмай қалады. Сол оқиғадан кейін аталмыш әйелдің ұятсыздығы туралы ешкім ештеме естімеген екен, ал ол болса Исламды қабылдапты.
Хасан (р.а.) Пайғамбарымыздың (ﷺ) былай айтқанын келтірген: «Маған жер бетінің кілттері берілген. Маған не пайғамбар-құлды, не пайғамбар-патшаны таңдау ұсынылды. Жәбірейіл (ғ.с.) бойұсынғыш құл болуымды меңзеп, белгі берді. Осылайша, мен пайғамбар-құл болуды қаладым. Ақиқатында, Қиямет күні тірілетіндердің біріншісі боламын әрі бірінші шапағат етуші боламын».
Ибн Масғуд (р.а.) былай айтқан: «Кімде-кім Алладан қорқып, бойұсынғыштық танытса, оны Алла Қиямет күні дәріптейді. Ал кімде-кім тәкаппарлық танытса, Қиямет күні Алла оны қорлайды».
Кутада Пайғамбарымыздың (ﷺ) былай айтқанын келтірген: «Үш нәрседен: тәкаппарлықтан, алдаудан, қарыздан - арылған адамның жаны тәнін тастап шыққанда (басқа риуаятта адам қайтыс болғанда) — Жұмаққа кіреді».
Факих (р.а.) Әбу Ғабдулладан (ол кісіге Алланың рақымы болсын) былай айтқанын өз иснадымен келтірген: «Бір күні Әли бин Әбу Тәлиб (р.а.) базарға келіп, алты дирхемге екі жейде сатып алады да құлына былай айтады: «Әй, Асуад, қай жейдені қаласаң, соны ал». Құлы жақсысын таңдап алады да хазірет Ғали (р.а.) екінші жейдені киеді. Бұл жейденің жеңдері ұзын болып шығады да жеңдерін кесіп тастау үшін пышақ сұратады. Пышақ әкеліп бергенде, екі жеңін бірдей кесіп тастайды. Сол жейдені киіп жұма хұтбасын оқиды. Біз оның кесілген жейдесіне
қарадық. Хазірет Әли (р.а.) киімінің етегін жерге дейін жеткізіп қойған адамды көреді. Ол әлгі адамға былай айтады: «Әй, түгенше, киіміңді таза ұстап, жүрегіңді сақтағың келсе, киіміңнің етегін көтер».
Әбу Хурайра (р.а.) Пайғамбарымыздың (ﷺ) былай айтқанын келтірген: «Ұлы да Құдіретті Алла былай айтқан: «Ұлылық — Менің киімім, құдіреттілік — Менің жамылғым, егер кімде-кім осының бірін алар болса, мен оны азапқа саламын! (Құдіреттілік пен даңқ Алланың атрибуттары болып табылады, ал адамдар осы турасында Оған ұқсауға тырыспаулары керек дегенді білдіреді)».
Факих (р.а.) былай айтқан: «Ұлылық — Менің киімім, құдіреттілік — Менің жамылғым», яғни бұл екі қасиет Аллаға тән. Сондай-ақ, Құранда айтылған Алланың келесі есімдері: «Ғазиз» (Құдіретті), «Жаббар» (Күшті), «Мутакаббир» (Зор) да Алланың атрибуттарына жатады, ал әлсіз адамға ұлылық пен тәкаппарлықтың еш қатысы жоқ».
asyldin.kz