Ихсан және мұрақаба

Ихсан және мұрақаба

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Ихсан мүминнің өзін Алланың назарында яғни Алланың бақылауында сезініп, құлшылықты қарым-қатынас пен іс-әрекеттерін осы қалыпта жүргізуі. Алланы көріп тұрғандай немесе Алла оны көріп тұр дегендей нық сенімде болуы.

Құлшылық ғибадаттан ләззат алу, одан шаршамау тек ихсан сезімі арқылы жүзеге асады. Көңіліне ихсан сезімі орнықпаған адам құлшылыққа жалқаулық танытып, орындаса шаршайды, көңіліне қаяу түсіп, оған ауыр болады. Бай болса зекет пен садақа, ізгі амалдардан тартынады. Өйткені олар Алланың бақылауын сезінбей нәпсіге бой алдырып, иманның ләззатын ала алмағандар.

Ихсан пенденің әрдайым Алла Тағаланың құзырында болғанын есінде сақтап, өзінің нәпсісін бақылып, оны тәрбиелеу болып табылыды. Мысал келтіретін болсақ, адам жұмыс орнында бейне бақылаушы камераны көрген болса, өз ісін тиянақты істейтін болады. Себебі, ол біледі оны жоғарыдан  бақылап тұрғанын. Мұсылман адам біледі ол Алланың бақылауында екенін. Өйткені пенде осындай түсінікке ие болған жағдайда ғана құлшылыққа, қарым-қатынасқа мән беріп, өмірдегі барлық іс-әрекетке мұқият қарайды.

Себебі Алла Тағала Құранда «Біз оған (адамға) күре тамырынан да жақынбыз » делінген.

Міне, осы ихсан мен мұрақаба адамды қашан да Алла Тағаланың бақылауында әрі әрбір жағдайын біліп тұратынын есінен шығармау болып табылады. Расында, бұл жағдай күналарға қарсы бір қорған іспетті. Өйткені пенде өзін Алланың құзырындамын деп санап, жүрегі Аллаға байланса қалай күнілі істерді жасамақ?

Хазіреті Омар (р.а.) халифалық кезеңінде Пайғамбарымыздың (с.а.у.) сүйікті сахабилерінің бірі Муазды (р.а.) Қиләб ұлдары тайпасына жібереді. Мемлекет қазынасына төленетін ақшаларды төлеп, тиісті малдарды беріп, байлардан алынған зекеттерді пақырлар мен мұқтаж жандарға таратуы тиіс болатын.

Муаз (р.а.) мойнына алған міндетін тамаша мұқияттылықпен орындап, адамдардың көңілдерін қуантып, жақсы әсерлермен оралатын.  Кейін қайтқанда дүниелік мал атына тек иығына салған орауышы қалатын. Бұл орауыш барған жерлеріне де қолында жүретін. Оны мойнын шаңнан және күннен қорғану үшін қолданатын.

Күндердің бірінде әйелі шыдамай:

- Мұндай міндеттерді атқарғандар белгілі бір ақы алады, үйлеріне сыйлықтар әкеледі. Сенің сыйлықтарың қайда?  - деп сұрайды.

 Муаз (р.а.) былай деп жауап береді:

-Менімен бірге ешқашан жанымнан кетпейтін қадағалаушы бар. Әрбір бергенім мен алғанымды есептеп отырады.

Әйелі ашуланып:

-Пайғамбарымыз (с.а.у.) барлық істе саған сенім артатын. Әбу Бакрде (р.а.) сондай болатын. Омар (р.а.) сенімен бірге бақылаушы жібереді ме? Әрбір істегеніңді қадағалайды ма? - деп сұрады.

Бұл сөз Хазреті Омардың (р.а.) әйеліне, одан кейін Хазреті Омарға (р.а.) жетеді. Ол кісі Муазды шақырып зілді түрде:

-Мен сенің артыңнан қадағалаушы жібермесем де мына естігендерім не, ей, Муаз? Мен саған сенбейді деп ойлайсың ба? - деп сұрайды.

Хазреті Муаз (р.а.) берген өте тамаша жауабы:

-Ей мүміндердің әмірі! Әйелімнің аузын жабу үшін осылай айттым. Әрі қадағалаушы дегенім сіздің қадағалаушыңыз емес, Алланың қадағалауы болатын. Сол үшін істеген қызметімнің сауабын жоғалтпау үшін үлес берсе де өзім үшін ештеңе алмаймын, - деген екен.

Осы оқиғадан түсінгеніміздей қай жерде болсақта Алла бізді көріп, бақылып тұр. Сондықтан барлық жағдай Алла Тағаланың қадағалауында екенімізді сезініп өмір сүру.

"Хадид" сүресінің 4-ші аятында айтылғандай «Қай жерде болсаңдар да Ол сендермен бірге» деген аятты естен шығармай, өзіміздің нәпсімізді Алланың бұйрығымен тәрбиелеу керек.

 Талғат Кәрібайұлы

Шу аудандық "Төле би" мешітінің наиб имамы.

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: