Ихсан ілімі – шынайы тақуалыққа бастар жол

Ихсан ілімі – шынайы тақуалыққа бастар жол

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

 «Ихсан» сөзі – шынайылық деген мағынаны білдіреді. «Ихсан» дегеніміз – Алланы көріп тұрғандай қорқынышпен, шынайылықпен, жауапкершілікпен құлшылық ету. «Ихсан» мұсылман баласын әр істе, әр құлшылықта ­шынайы болуға тәрбиелейді. ­Асылында, Алла Тағала барша адамның әр ісін, сөзін, ниетін, тіпті көкейдегі ойын да біледі. Шынайылық болмаған амалда береке болмайды» – деген болатын.

Ихсан сөздік мағынасында – жақсылық жасау, қайырымдылық ету болса, ал, терминдік мағынада – Аллаға құлшылық етуде оны көрініп тұрғандай сезініп, бар ынта-ықыласпен орындау дегенді білдіреді. Басқаша айтқанда, Алла Тағаланың бір Өзіне құлшылық ету барысында Алла Тағаланы көріп тұрғаныңдай, егер бұлай ету қолыңнан келмесе, Ол сенің не істегеніңнің бәрін түгел көріп тұрғанын есіңе алып, кемел ықыласта болуың.     Бұл байырғы  заманнан мұ­сыл­мандық жолды ұстанған қазақ халқының діни түсінігіне етене жақын болған. Осы ілімді қалыптастыруға Түркістан діни мектебінің негізін ­салушы Қожа Ахмет Яссауи бабамыз және оның ізбасарлары ерекше еңбек сіңірген. Ортағасырлық тарихи деректерге сүйенсек, Қожа Ахмет Ясауидің қолөнермен шұғылданған сопы екенін, дүние ісіне көп мән бермейтін тақуа адам болғанын байқаймыз.

 Бірде ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сахабаларымен сұқ­баттасып отырғанда бір кісі келіп: «Иман дегеніміз не?» деп сұрайды. Сонда Алла елшісі: «Иман дегеніміз – Аллаға, Оның періштелеріне, пайғамбарларына, Алламен кездесуге, қайтыс болғаннан кейін қайта тірілуге сену» деп жауап береді. Сонда әлгі кісі: «Ислам дегеніміз не?» деп сұрайды. Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ислам дегеніміз – Аллаға құлшылық ету, Оған ешнәрсені серік қоспау, намаз оқу, парыз болған зекетті беру, рамазан айында ораза ұстау және қажылық жасау»  - деп жауап береді.

Сұрақ қоюшы: «Ихсан дегеніміз не?» деп сұрағанда әз Пайғамбар: «Сені көріп тұрғандай Аллаға құлшылық етуің. Сен Оны көрмесең де Ол сені көріп тұрады» - дейді.

Біз осы хадистен «ихсан» ілімінің негізгі мәні Алланы көріп тұрғандай құлшылық ету екенін түсінеміз. Біз Алланы көрмесек те Ол бізді көріп тұрғандай сеніммен құлшылық ­жасауымыз керек. «Ихсан» ілімі адамды тақуалыққа тәрбиелейді. Алла оған амал етіп, тақуа құлдарынан етсін.

 

Ғайырфулла ҚУАНЫШБЕКҰЛЫ

Жамбыл ауданының бас имамы 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: