Мұсылман қандай қасиеттерге ие болуы тиіс?

Мұсылман қандай қасиеттерге ие болуы тиіс?

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Алла Тағалаға мүмін адам өзінің оқыған намазы, ұстаған оразасы арқылы ғана жақындамайды, сонымен қатар, жоғары адами қасиеттердің көрінуімен, инабаттылықпен де жақындайды. Алла Тағалаға қандай қасиеттер ұнамды? Қаталдық, қатыгездік, шыдамсыздық, кінәмшілдік пе? Әлде жақсылық, жомарттық, қайырымдылық па? Кейде пенде игі мақсатқа жету барысында, бәрін бүлдіріп алуы мүмкін, мысалы, адам дін жағынан мықты болғысы келіп, бірақ өз мінезінің кемшіліктеріне көңіл аудара бермейді. Ендеше, Алла Тағала Өзінің жаратқан пенделерінің қандай қасиеттерін жақсы көреді?

1. «Шәксіз Алла тәубе етушілерді жақсы көреді әрі таза болушыларды да жақсы көреді» (2:222).

Басқа аятта былай айтылған: «(Мұхаммед Ғ.С.): “Әй өздеріне зиян қылған құлдарым! Алланың рахметінен күдер үзбеңдер. Алла біртұтас күнәларды жарылқайды. Өйткені Ол тым жарылқаушы, төтенше мейірімді” де» (39:53).

2. «Расында Алла тақуаларды жақсы көреді» (9:4).

Әбу Зарр Жундуб бин Жунад және Әбу Абд ар-Рахман Муғаз бин Жабал Пайғамбарымыздың (ﷺ) былай айтқанын келтірген: «Қай жерде болсаң да Алладан қорық, бір жаман амалдан кейін жамандықты жоятын бір жақсы амал жаса және адамдармен қарым-қатынаста жақсы мәмледе бол» (Тирмизи).

3. «Алла (Т.) жақсылық істеушілерді сүйеді» (3:134).

Әбу Хурайра Пайғамбарымыздың (ﷺ) былай айтқанын келтірген:

«Ақиқатында, Алла Қайырымды, Ол адамдарға жеңілдік тілейді және оларға шамасынан тыс нәрсе жүктемейді. Және де адамдардан тек осы қасиеттерді көруді жақсы көреді. Алла Тағала қаталдық, қатыгездік, дөрекілік, күш пен жәбір көрсететін адамдарға бермейтін нәрсесін жақсылық, ақкөңілділік, жұмсақтық сияқты қасиеттер танытатын адамрға береді. Қайтсе де басқа бермейтін нәрсені береді, яғни бұл қасиеттер Оның кешірімі мен мейірімін ашуда өте ықпалды және кез-келген саналы адамдар үшін әрқашан өзекті болып табылады» (Бұхари, Мүслим).

4. «Негізінен Алла тәуекелшілерді жақсы көреді» (3:159).

Басқа аятта былай айтылған: «Ал кім Аллаға тәуекел қылса, сонда Ол, оған жетіп асады. Сөзсіз Алла өз бұйрығын атқарады...» (65:3).

Бір хадисте Алла Елшісінің (ﷺ) бір жас жігітке айтқан өсиеті келтірілген: «Әй, жас жігіт, мен саған біраз нәрсені үйретемін: Алланы есіңде ұста – сонда Ол да сені ұмытпай, қорғайды; Алланы есіңде ұста – сонда Ол сенің алдыңда екенін сезесің. Егер бір нәрсе сұрасаң, тек Алладан ғана сұра; егер көмек іздесең, көмек сұрап Оған жалбарын және біліп қой, егер күллі әлем бірігіп саған жақсылық көрсеткісі келсе, тек Алланың нәсіп еткен жақсылығын ғана көрсете алады; тағы да біліп қой, егер күллі әлем бірігіп саған зұлымдық жасағысы келсе, Алланың жазғанынан артық жамандық жасай алмайды, өйткені бәрі жазылып, Қалам көтеріліп, сиясы кеуіп қойған» (Ахмад, Тирмизи).

5. «...Шәксіз Алла турашыларды сүйеді» (5:42).

Туралық – тақуалыққа жақын қасиет. Басқа аятта былай айтылған: «Әй мүміндер! Алла үшін куәлікте туралық үстінде мықты тұрыңдар. Және бір елдің

өшпенділігі сендерді әділсіздікке тартпасын. Әділдік істеңдер. Сол тақуалыққа жақынырақ. Және Алладан қорқыңдар. Күдіксіз Алла не істегендеріңнен толық хабар алушы» (5:8).

6. «Алла қажырлыларды жақсы көреді» (3:146).

Ахмад, Мүслим мен ат-Тирмизи келтірген хадисте былай айтылған: «Сабырлық [өмірдің қиыншылықтарын наразылық танытпай, саруайымға салынбай, адам айтқысыз дүниелерді жасай отырып, қажырлы да байсалды түрде еңсеріп шығу, ал басқасын Бір Аллаға тапсырып, Оның мейіріміне тәуекел ету] — бұл адамның алдынан жаңа да білінбейтін, бірақ бұл дүние мен о дүние керметінің өте жоғары және тиімді үміті болатын жарық нұр».

asyldin.kz

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: