БОС УАҚЫТТЫ ПАЙДАЛЫ ІСПЕН ӨТКІЗ

БОС УАҚЫТТЫ ПАЙДАЛЫ ІСПЕН ӨТКІЗ

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 
Дүние тіршілігінде бос адамдар – сөзқұмарлар мен өсекқұмарлар. Ондай адамдарды Алла тағала Құранда: «Олар артта қалушылармен бірге болуды қоштады», – деп сипаттайды. Адамның
зейіні үшін ең қатерлі нәрсе еш нәрсемен айналыспай, уақытты бос өткізу. Сол уақытта адам зейіні жүргізушісі жоқ көлік секілді оңға бір, солға бір теңселіп, соқтығысады. Бос қалған адамды шайтан үйірсектеп, түрлі жаман ой салып, түбінде соларды жасатуға итермелейді.
 
Адамзаттың асылы, ардақты Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Адам баласы екі нәрсенің қадірін білмейді: бос уақыт және денсаулық» – дей отырып уақытты бос, пайдасыз істермен өткізбеуге шақырады. Ол шақырып қана қойған жоқ, ісімен көрсете білді. Қыруар міндетінің арасында құлшылығын да жасады, үй тіршіліктеріне де қарасты, елшілерді де қабылдап, жамағатына дінін де үйретті. Бір істі бітірсе екінші іспен айналысып, ұтымды пайдаға қол жеткізді. Мұсылман адамды сипаттағанда «Мұсылман дегеніміз өзгеге тілімен де, қолымен де зиян келтірмеген адам» деп пайдалы болудың жолын нұсқаған-ды. Хәкім Абайша айтқанда:
 
«Сағаттың шықылдағы емес ермек,
Үнемі өмір өтпек – ол білдірмек.
Бір минут бір кісінің өміріне ұқсас
Өтті, өлді, тағдыр жоқ қайта келмек».
 
Уақыт – саған берілген ең қымбат капитал. Оны орнымен жұмсасаң табысқа кенелесің, ал беталды жұмсасаң тақырға отырып, бармағыңды тістеп қаласың. Орыстың атақты қолбасшысы А.В.Суворов: «Минут ұрыс тағдырын шешеді. Сағат шайқас тағдырын шешеді. Күн бүкіл мемлекет тағдырын шешеді» деген екен.
 
Ғалымдар уақытын бос өткізушілерді батып бара жатқан кемеде алаңсыз әңгіме-дүкен құрып отырған жолаушыларға теңеген. Уақыт сені күтіп тұрмайды. Өз қозғалысымен алға жылжып кете береді. Бізбен санаспайды, сарқырап аққан өзендей тез ағып кете шығады.
Сондықтан өмірдің әрбір сәтін екі дүниенің пайдасына шешілетін істермен толтырып қалуға тырыс. Елге, қоғамға, адамзат баласына пайдаң тисін. 
 
Қазақ халқы «уақыттың бос өткені, өмірдің бос өткені» деп босқа айтпаса керек. Адам қаншама ұзақ өмір сүрсе де бәрібір бұл дүние көзді ашып-жұмғандай-ақ. Мұны уақытша өлімді бастан өткерген адамдардың «Сол сәтте бүкіл өмірім көз алдыма келді» дегеніне
қарап-ақ бағамдай беріңіз. Иә, бұл өмірдің өткінші екенін бәрі де мойындайды, бірақ сәттерден тұратын сол өмірді тиімді өткізуді тек ақылдылар ғана біледі.
 
Рахаттану бір ғапылдық болса, бос уақыт бір ұрлықшы. Ал адамның ақылы – осы екі нәрсенің арасындағы жемтік. Олай болса бүгіннің ісін ертеңге қалдырма. Бүгіннен бастап уақытты бос жібермеуге тырыс. Кітап оқы немесе Алланы еске алып, мақтау айт, намаз оқы, кеңсеңді ретте, үйіңді түзе, басқаға пайдаңды тигіз, бос уақытыңды осылайша өткіз.
 
asyldin.kz
ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: