Ауру...хана. Тоғысқан тағдырлар...

Ауру...хана. Тоғысқан тағдырлар...

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Буын-буындары сынып-сырқырап, ішкі ағзаларының бәрі ауырып, жанын қоярға жер таба алмай, түнімен көз ілмей, таңды кірпік қақпай атырған Айша қасындағы төсекте жылап жатқан Айжанға не айтарын білмей дал болды. Он-он бес күн болса да бір үйдің адамдарындай болып кететін, бір палатада жатқан жанның қас-қабағына қарап, айтайын дегенін емеуірінен түсінетін Айшаның өз халі де мәз емес, алайда өзі құралпас құрбысының не үшін жылап  жатқанын іштей сезіп, біліп жатса да бір жылы сөз айтып, уатуға бел буып: «Айжан, әй, Айжан! Не болды саған, жаным? Аллаға шүкір, атқан таңды да көрдік. Осы таңды көре алмай қанша адам бақилық болып та жатыр, жыламашы. Алла қаласа, әлі-ақ аяғыңа тұрып кетесің», - деп шынайы тілегін білдірді.

Ауыр дертке шалдыққан Айжанның мықты гормондарды көп ішуі себепті омыртқалары өздігінен мүжіліп-сынып, орнынан тұра алмай, төсекке таңылып қалғанына төрт айдың жүзі болған. Ауруханаға Айша екеуі бір күнде түскен болатын. Аллаға шүкір, қос балдақпен жүрсе де Айша бір қамығып, сары уайымға салынған емес. Жазылмас дертке шалдығып, бір түнде мүгедектер арбасына таңылған кезінен бері екі жылдан асыпты. Екі ғасырдай болып көрінген осынау екі жылда мұның да басынан не өтпеді десеңізші. Алла разылығы үшін, бес уақыт намазын қаза етпей, салауатты өмір салтын ұстанып, кезінде спорттың түр-түрімен айналысып жүрген Айшаның бір түнде ауыр дертке шалдығуы - оның өзі тұрмақ, туған-туыс, таныстарын да қатты есеңгіретіп тастаған болатын.

Мұның бәрін Алла тарапынан келіп жатқан сынақ деп түсінетін Айша еш мойымайтын, қайта «осы күніме де шүкір, бұл дерт менің күнәларымның кәффараты», - деп үнемі Аллаға шүкіршілік етіп жүреді. Енді міне бір палатада жанын да, тәнін де жегідей жеген ауыр дертпен алысып жүрген екі қыздың тағдыры тоғысып жатыр. Езулерінен күлкі үзілмегенімен, жан баласы сезіп білмейтін қиналыстың көлеңкесін мұңға толы көздерінен анық байқауға болады. Таң атқаннан кеш батқанша көктамырдан «система» (дәрі тамызғыш) алып, ақ қабырға мен төбеге қарап жатып-ақ уақытты өткізетін жандардың көзіне қараудың өзі аянышты.

Көктамыр демекші, сол көктамыр да оңайшылықпен табыла салмайды екен, табылған күннің өзінде қайта-қайта жарылып, инемен бірнеше рет піскіленіп тасталады. Ақыр соңында «системаны» алақанның сыртына салады, бұл жердің терісі қалың болғандықтан ине теріге кіргенде жаныңды көзіңе көрсетеді, қайтесің – шыдайсың, басқа амал жоқ...                                                                                  

Екі балдаққа сүйеніп, терезеден сыртқа көз салып тұруды әдетке айналдырған Айша бүгін де сол әдетінен айнымады. Оның көз алдынан сары алтындай түске енген талдардың жапырақтары табиғат-анаға өзгеше бір рең бергендей керемет бір көрініс ашылды. Арлы-берлі жүрген адамдардың келбеттері де ерекше. «Өздері, өз аяқтарымен» жүргендердің не арманы бар екен, - деп ойлап қалуы мұң екен, есіне төсекке таңылып жатан құрбысы түсіп, іштей Алладан кешірім сұрап, жүзін Айжанға бұрып, барынша күлімсіреуге тырысты.

Айшаның жайдары жүзін көріп, Айжанның да езуіне күлкі үйірілді. «Алла қаласа, бәрі жақсы болады, Айжан. Еш уайымдама, Аллаға тәуекел ет, осыдан екі жыл бұрын мен де сен сияқты төсекке таңылып жатып едім, қазір, Аллаға шүкір, өздігімнен жүре аламын», - деген қолдау сөздерін көз жанарымен жеткізе білді. Жандары жаралы жандар осылайша бір-бірін қолдап-қолпаштап жүру - аруханадағы кәдімгі жағдайлардың бірі болып табылады. «Бұл дүниеде кәріліктен басқаның бәрінің емі бар», - деп айтып кеткен сүйікті Пайғамбарымыздың (ﷺ) осы бір сөзі ауыр дертке шалдыққан әрбір науқастың жанына медеу, медет бола алады.

Ауруханаға түскен әрбір науқастың арманы – дертінен айығу не болмаса ағзасын құртып, жанын жегідей жеген аурудан біраз да бола жеңілдеу, жеңілдік алу. «Шипаның тек Алладан» екенін білетін жандар жатса-тұрса Алла Тағаладан маңайындағы науқас жандарға шипа мен жеңілдік сүрауда болады. Аурухана, кейбір адамдар ойлайтындай шипажай емес, аурухана – езуі күліп, жаны жылап жүрсе де ауыр дертпен көзге көрінбес шайқас алаңында өмір сүру үшін жанталасып күресетін жандар мекені деп айтқым келеді...

Сыдықова Ақерке

asyldin.kz

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (3)

Оқи отырыңыз: