Бүгін сіздермен аса маңызды амал — мұқтаж жандарды тамақтандыру жайында әңгіме өрбітпекпін. Аш және мұқтаж жандарды тамақтандыру пенденің жүрегіндегі иманының көрінісі. Аш әрі мұқтаж жандарды тамақтандыру қай заманда болмасын – мол сауапқа лайықты өте маңызды амал болып табылады.
Адамзаттың асылы (ﷺ) мен оның отбасының әрі сахабаларының мұқтаж жандарды қалай тамақтандырғаны туралы көптеген мысалдар келтірілген. Алла Елшісінің (ﷺ) мейірбан жан болғандығы сондай, әрбір мұқтаж жанды құр қол қалдырмайтын, үнемі оларға тіске басатын ас тауып беретін. Мұқтаждарды тамақтандыруда алдарына жан салмайтындар жөнінде Құранда былай айтылған: «Тамақты жақсы көре тұра міскінге, жетімге және тұтқынға жегізеді» (76:8).
Әсіресе, Рамазан айында адамдар анағұрлым көп жақсы амал жасап, мұқтаж жандарды тамақтандырып, оларға көмек қолын созуға тырысады. Мысалы үшін, ауызашарда өзіміз тамақтың тәттісін жеп, дастарханымыздың түрлі тағамға толып тұрғанын қалайтынымыз өтірік емес. Алайда осы сүйікті тағамдарымызды көмекке зәру мұқтаж жандарға бере алар ма екенбіз? Өзімізге деген сүйіспеншілікті ысырып қойып, Алла Тағаланың сүйіспеншілігіне, разылығына қолжеткізуге дайынбыз ба? Егер жауабыңыз оң болса, онда сіз жоғарыда келтірілген аятта Алла Тағала айтқан адамдардың қатарынан болғаныңыз, Алаға шүкір. Абдулла Ибн Омардың (р.а.) бір сүйікті асы болған екен. Сол заманда әлгі тағам өте қымбат тұрыпты. Мысалы үшін, біздің заманымызда да сатып алуға әркімнің жағдайы келе бермейтін тағамдар бар ғой. Міне, егер Ибн Омарға (р.а.) бір мұқтаж жан келсе, ол әлгі тағамды өзі сондай қалап тұрса да келген мұқтаж адамға ерекше сүйсініп тұрып бере салатын болған екен. Ал осындай амал жасау біздің қолымыздан келер ме екен?
Мұқтаж жандарға бар тамағыңызды беру талап етіліп отырған жоқ. Тек қана асымызбен бөлісу арқылы біз қам көңіл мұтаждың жанына қуаныш ұялатар едік... Қасиетті Рамазан айы бізді жақсылық жасауға әрі аяушылық танытуға үйретеді. Ал біз, өз кезегімізде, отбасымызды, туған-туыстарымызды, балаларымызды жақсылық жасауға баулуымыз тиіс. Қасиетті Құранда былай айтылған: «Олар: “Шын мәнінде сендерді Алланың ризалығы үшін тамақтандырамыз. Сендерден бір төлеу, алғыс тілемейміз. Расында біз түксиіп қатты томсарған күннен Раббымыздан қорқамыз (дейді). Сондықтан Алла, оларды сол күннің апатынан сақтап, жарық жүз әрі қуанышқа бөлейді» (76:9-11).
Рамазан – ұлы мүмкіндіктердің айы екенін ұмытпайық! Қиямет күні мүмін өзінің берген садақаларының көлеңкесінде тұратын болады. Біздің мұқтаж жандарға қатысты жасаған амалдарымыздың бәрі садақа болып табылады. Ендеше, мол сауаптан құр қалмайтындай көбірек садақа берейік. Ақиқатында, садақа Алла Тағаланың қаһарын жұмсартады. Алла Тағала жыл он екі ай біздің жүректерімізге мейірімділік пен аяушылық сезімдерін ұялатсын! Адам баласы мұқтаж жандарға көмектесуін тоқтатпаса, онда Алла Тағала да оны қолдауын үзбейді. Алла Тағала бізді хақ жолынан тайдырмай, бізге нәсіп еткен нығметтері үшін разы болатын жүрек нәсіп етсін. Әмин!
Ақерке Сыдықова
asyldin.kz