Сынақ

Сынақ

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Жаратушы жалғыз Алла Тағаланың қалауымен адамзат баласының бұл дүниеге келуі – сынақ.  Бұл дүние есігін ашып, пешенемізге жазылған уақыт аралығында жарық дүние өмірін сүріп, жақсылықты да, жамандықты да көріп Жаратушымыздың бізге берген уақыты таусылған шақта бақилық өмірге аттану аралығы біз үшін – күллі адамзат баласы үшін берілген үлкен сынақ. Құдіреті күшті Алла Тағаланың бізге берген ырыздығы, несібесі үшін құлшылық ету – міне, біздің басты міндетіміз.

Жаратушы пенделерін, олардың тағдырын бір-біріне ұқсас қылмай, әртүрлі етіп жаратқан. Біреуге үйіп-төгіп байлық берер – бұл сынақ. Оның берген нығметін құлы қалай ұстар екен, қалай ұқсатып не үшін қолданар екен, қолындағы байлықпен жетім-жесір, мұқтаж жандарға көмек қылып, қол үшін берер ме екен, берген ырыздығы үшін Жаратушысына құлшылық қылар ма екен деген сынақ. Ал енді біреуге жоқшылық пен мұқтаждықтың дәмін таттырып қояды – бұл да сынақ. Жоқшылықтан қиналып, тоз-тозы шығып кетер ме екен, жоқ әлде қандай да болса аман-сау жүргені үшін, бұл жарық дүниеге әкелгені үшін Жаратушысына жалбарынып шүкіршілік етіп, тәубә қылып, құлшылық қылар ма, барға қанағат қылар ма екен деген сынақ. Байлық та, кедейшілік те – пенделері үшін берілген сынақ. Байдың байлығынан айырылып, кедейдің  жоқшылықтан құтылуы - қыстың өтіп, көктемнің келеріндей хақ жайт.

Бәрі де құдіреті күшті Алланың қалауымен болады. Айналып келгенде, бұл бес күндік фәни дүние  біз үшін сынақ. Жаратушымыз жалғыз Алланың алдындағы сынақ. Құдіреті күшті, Қиямет қайым күнінің Иесі бір Алланың алдында есеп беру үшін бұл сынақтан сүрінбей өтуіміз өзіміз үшін абзал. Ол дегеніміз, Алла Тағаланың бұйырғандарын орындап, тыйғандарынан тыйылып, өз нәпсімізді ауыздықта ұстау. Студент өмірінен жақсы мысал келтіруге болады. Мысалға алар болсақ, студент – ол күллі адамзат баласы, емтихан – бұл біздің бес күндік өміріміз-сынақ, емтихан алушы – ол Жаратушы жалғыз Алла Тағала. Емтиханға жақсы дайындалып келген студент мүдірмей емтихан сынағын өте жақсы тапсырып шығады, ал емтиханға дайындалуға уақыты болмай немесе емтиханға деген дұрыс ниеті болмай, сынақтан пара беріп өте салуға болады деп келген студенттің сынақтан өтпей, екі деген баға алары сөзссіз. Екі деген баға алған студент, емтихан сынағын қайта тапсыруға жолдама алады. Бұл жерде басты көңіл бөлетін жайт, студент емтихан сынағы мен нағыз өмір сынағының айырмашылығы -  бізде, Алланың жаратқан құлдарында, «қайта тапсыру болмас». Бұл дүниеден өтіп, бақилық дүние есігін ашып, Алланың алдына барып: «Менің Сағанқұлшылық қылуыма уақытым болмады, Сеніңсынағыңа әлі дайын емеспін, маған біраз уақыт, мұршат бер, мен өмірімді өзгертіп тек Саған ғана, Сенің ғана берген ырыздықтарыңа құлшылық қылып өтейін» деген сылтаулар бола қоймас.

Қасиетті Құранымыздың «Ән'ам» сүресінде айтылғандай: «Олардың отқа тоқтатылғанын көрсең: «Әттең! Біз (дүниеге) қайтарылсақ, Раббымыздың аяттарын өтірікке ұйғармас едік те сенушілерден болар едік» дейді. Керісінше олардың бұрыннан жасырған нәрселері айқындалды. Егер олар дүниеге қайтарылса еді, әрине оларға тыйым салынған істерді қайтадан істер еді. Күдіксіз олар мүлде өтірікші. Олар: «Дүние тіршілігімізден басқа ешбір өмір жоқ. Тағы бір қайта тірілуші емеспіз» деді (27-29). Ойланайық, ағайын. Сынаққа кірмес бұрын, жақсылап дайындалып, емтихан алушы – Алла Тағаланың алдына барып сынақтан өте алмай, ұялып, ұяттан өртеніп жүрмейік. Сондықтан басымызға қандай күн түспесін, қандай қиыншылық, жоқшылық көрмесек те немесе қандай байлықта шалқып өмір сүрмесек те бір Жаратушымызды ұмытпай, құлшылық қылып, Оның бізге берген сынағынан сүрінбей өту біздің басты парызымыз деп білейік. «Судың да бар сұрауы» демекші, бұл дүниеде істелген әрбір ісіміз, жасалған әрбір амалымыз, айтылған әрбір сөзіміз үшін Жаратушы жалғыз Алланың алдында сұралатынымыз – міне нағыз сынақ деп осыны айт. Құранымыздың «Араф» сүресінде: «Күдіксіз аяттарымызды жасынға айналдырып, одан өздерін жоғары көргендерге көктің есіктері ашылмайды.. Және олар түйе иненің көзінен өткенге дейін жұмаққа кірмейді. Күнәкарларды өстіп жазаландырамыз. Оларға жаһаннамда төсек және үстерінде жамылғылар бар. Залымдарға осылайша жаза береміз. Және иман келтіріп, ізгі іс істегендер, негізінде біреуге шамасы келетінді ғана жүктейміз. Солар жаннаттық. Олар онда мәңгі қалушы» (40-42).

Нәтижесі не тозақтық, не жәннаттық болатын ақирет өмірдің үлкен сынағына дайын болайық, сол сынақтан сүрінбей өтіп Өзіңнің жүзіңді көруге нәсіп ет,- деп тілейік құдіреті күшті Алладан. Жүрегіміздегі иманымызды жоғалтпайық, ағайын!

 Ақерке Сыдықова

asyldin.kz

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: