Рамазанға дайындық: егер бірінші рет ораза ұстауға ниеттеніп отырсаңыз...

Рамазанға дайындық: егер бірінші рет ораза ұстауға ниеттеніп отырсаңыз...

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Қасиетті Рамазан айына 18 күн қалды.

Қасиетті Рамазан айы жақындап қалды, сіз жақында ислам дінін қабылдағандықтан немесе діни өмірге шынай бет алғыңыз келгендіктен биыл алғаш рет ораза ұстап көруге бел буып отырсыз делік. Сөзсіз, бұл шешім саны жоқ сауалдар, қорқыныштар мен күмәндер тудыруда. Оразаны қалай дұрыс ұстауым керек? Қашан ауыз бекітіп, қаншан аузымды ашамын? Ораза кезінде нені жасап, нені жасамау керек? Оразаны соңына дейін ұстауға менің шамам жете ме екен? Шынын айтқанда, не намаз оқымаймын, не хижаб кимеймін, не болмаса басқа да дініміз парыз еткен амалдарды орындамаймын – ал маған ораза ұстауға бола ма екен?

Қане, сіздің күмәніңізді сейілтіп, сауалдарыңызға орынды жауаптар беруге тырысып

көрейік.

 

Егер мен намаз оқымасам, дініміздің өзге де міндеттерін орындамасам – менің ораза ұстауыма бола ма?

Дінді ұстанушы, алайда діни ілімдері шамалы жандардың кейде: «Не намаз оқымайсың, не хижаб кимейсің, не үшін ораза ұстамақсың? Сенің оразаң қабыл болмайды», - деп айтып жатқанын естіп қалып жүреміз.

Бұл жерде ислам міндеттерінің жеке сипатта болатынын әрі олардың бір-біріне байланысты емес екенін түсінген дұрыс. Егер адам ораза ұстап, намаз оқымаса, онда оның оразасы қабыл болмайды деген дұрыс түсінік емес, негізінде, оразаның қабыл болуы намаз оқуға мүлде байланысты емес.

Демек, хижаб кимейтін қыз-келіншектердің оразасының қабыл болуы олардың хижаб кию, кимеуіне  де байланысты емес. Сол себепті ораза ұстағысы келіп жүрген жандарға күмәндарынан айырылып, биыл ораза ұстауды бастағандары жөн. Ораза – адамның жақсы жаққа қарай өзгеруіне себепші болады.

Ораза жайында Қасиетті Құранда былай айтылған: «Әй мүміндер! Сендерге бұрынғыларға парыз қылғандай ораза парыз қылынды. Әрине сақсынарсыңдар» (2:183).

«Рамазан айы сондай бір ай, ол айда адам баласына тура жол және (ақ пен қараны) айыратын дәлел түрінде Құран түсірілді. Сендерден кім рамазан айында болса, ораза ұстасын. Ал біреу науқас не сапарда болса, басқа күндерде санын толтырсын. Алла (Т.) сендерге оңайлық қалайды, ауыршылық қаламайды. Сендерді тура жолға салған Аллаға шүкірлік етулерің үшін санын толтырыңдар. Әрі Алланы ұлықтаңдар» (2:185).

.

Ораза ұстауға менің шамам жете ме? Мұны қалай білуіме болады?

Бұл сауалға қарапайым ғана кеңес бере аламыз – Рамазанға дейін бірнеше күн ораза ұстап көріңіз. Ораза ұстау сүннет болып табылатын екі күн бар. Олар: дүйсенбі мен бейсенбі. Осы күндері ауыз бекітуіңізге болады және де қазір Шағбан айы, бұл айдың кез-келген күні ораза ұстау жақсы амал болып табылады. Ендеше, кез-келген күнді таңдап алып, Алла разылығы үшін, ораза ұстап көріңіз.

Осы арада айта кету керек бір жайт бар – егер сіз жуырда бір ауыр сырқатқа ұшыраған болсаңыз немесе аяғыңыз ауыр болғандықтан, не болмаса омыраудағы сәбиіңіз болуы себепті ораза ұстау сіздің денсаулығыңызға кері әсерін тигізуі мүмкін деп дәрігеріңіз айтса, онда ораза ұстау сізге зиянды, сол себепті оразаны жылдың басқа уақытында ұстауыңызға болады.

 

 

 

Оразаны қашан бастап, қашан аяқтаймыз?

Өзіңіздің тұрғылықты мекеніңізге арналған намаз кестесін тауып алыңыз, сол кестеге сай сәресі мен ауыз ашар уақытын қадағалап отыратын боласыз. Сәресіге ішетін тамақ ұзақ уақыт бойы қорытылатын тойымды ас болуы керек. Бұл сүт өнімдері қосылып пісірілген ботқа, кептірілген жеміс, жаңғақтар, көкөністер мен жемістер болуы мүмкін. Ащы, тұздалған және қуырылған тағам жеуден аулақ болыңыз, өйткені мұндай тағамдар қатты шөлдетеді. Сәресіні ішіп болып, тісті тазалап, ауызда қалған тамақтардың қалдығын шайып тастау қажет.

Алла разылығы үшін ұстаған оразамыз ақшам намазының уақыты кірісімен аяқталады, яғни, ақшам намазының азаны басталысымен аузыңызды ашасыз. Пайғамбарымыздың (ﷺ) сүннетіне сай, алдымен бірнеше құрма жеп, бір жұтым су ішіп, аузымызды ашамыз да ақшам намазымызды оқып алып, тек содан кейін ғана тамақ ішуге кірісеміз, алайда тамақ жеу деген осы екен деп, артық ішіп-жеудің қажеті шамалы. Күні бойы ашығып жүрген ағзамызды қинап тамаққа толтыру дұрыс емес. Тамақ ішу орынды болғаны жөн.

Ораза ұстайтын адамдарға дәрігерлер көбіне көкөністер мен жемістер жеуге кеңес береді, алайда қуырылған және майлы тамақтан бас тартып, ағзадағы сұйықтықтың орнын толтыру үшін көбірек су ішуді ұсынады.

Ауыз ашар кезде мына дұғаны айтқан жөн:

«Аллахумма лякя сумту уа бикя аманту уа аляйкя тауаккяльту уа ‘аля рызкыкя афтарту фагфирли йа Гаффару ма каддамту уа ма аххарту».

«Уа, Алла! Сенің разылығың үшін ораза ұстадым, Саған иман келтірдім, Саған тәуекел еттім, Сен маған нәсіп еткен аспен аузымды аштым. Уа, Кешіруші, енді менің ілгері-кейінді күнәларымды кешіре гөр!».

 

Оразаның рухани мәні неде? Неліктен ас-судан тыйылу қажет?

Алла Тағаланың даналығына біздің сана-сезіміміз жетіп болмайды. Ораза ұстауда да бір үлкен даналық пен көп пайда бар. Қазіргі заман адамының өмірі толығымен қамтамасыз етілгені сондай, ол аштық пен шөлден қиналудың, үнемі тойып тамақ ішпеудің немесе бір жұтым тұщы суға зәру болудың не екенін көзіне елестете де алмайды.

Алайда Жер бетіндегі қаншама адамдар дәл сондай жағдайда өмір сүруде – біздің үйіміздегі шүмектен ағып тұратын су – олар үшін бір қол жетпес арман іспеттес, ауыз суға олар қиыншылықпен қол жеткізеді. Күніне неше мәрте құдыққа немесе өзенге бару керек, кейде сол судың өзі де тартылып қалатын күндер болады. Қаншама адам әлі күнге құрсағы тойып тамақ ішіп көрмеген, олар үнемі аштықтың дәмін татуда, оларда тіпті қарапайым азық-түліктің өзі тапшы.

Ораза кезінде біз Алла разылығы үшін өз еркімізбен таң атқаннан кеш батқанша ас-судан бас тартамыз, демек, Рамазан айы жоғарыда айтылған адамдардың ас-сусыз өмірін бастан кешуімізге мүмкіндік береді. Шөлді, аштықты бастан өткере жүріп, біз мейірімді бола түсеміз, өзгелердің бақытсыздығына аяушылық таныта білетін боламыз. Басына уайым-қайғы түскен туған-туысқандарымызға жан-тәнімізбен көмектесетін боламыз.

Қасиетті Рамазан айында жасаған жақсы амалдарымыз үшін берілетін сый көп есеге артатын болады. Бұл айдың өзіне тән қайыр-берекесі бар, бұл игіліктерге өзге айларда қол жеткізу мүмкін емес. Ендеше, сіз әлі асыл дініміз исламды лайықты түрде ұстанып жүрмеген болсаңыз, онда Рамазан айы – сіз үшін таптырмас мүмкіндік. Алла Тағаладан оразаны тиісінше орындауға күш-қуат бере гөр деп дұға жасаңыз.

asyldin.kz

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: