Шағбан айы несімен қасиетті?

Шағбан айы несімен қасиетті?

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Шағбан – мұсылман күнтізбесіндегі сегізінші ай, ежелгі араб халқында бұл ай жаздың ортасына келетін болған. Айдың атауының өзі «айырылысу», «бөліну» дегенді білдіреді, өйткені дәл осы айда исламға дейінгі кезеңдегі арабтар су іздеп бөлініп кететін.

Шағбан айынан кейін қасиетті Рамазан айы келетін болғандықтан, мұсылмандар өздерін бір ай ораза ұстауға дайындауы тиіс. Осы арада мына бір танымал нақыл сөзді айта кеткіміз келіп отыр: «Ережеп – егін себу айы, Шағбан – суару айы, ал Рамазан – өнімді жинау айы». Сондай-ақ, былай да айтылады: «Ережеп - кешірім мен мейірім айы, Шағбан - тазару айы, ал  Рамазан – көп еселенген сый айы».

Былайша айтсақ, Ережеп пен Шағбан айлары келісімен адам біртіндеп құлшылығын арттыра бастайды, сөйтіп, қасиетті Рамазан айында көптеген жақсы амалдарының «өнімін», яғни нәтижесін көруге асығады.

Біздің сүйікті Пайғамбарымыздың (ﷺ) сүннетінен белгілі болғандай, Шағбан айында қосымша ораза ұстау абзал. Пайғамбарымыздың (ﷺ) өзі жылдың басқа айларына қарағанда, Рамазан айын есептемегенде, дәл осы Шағбан айында анағұрлым көп ораза ұстайтын болған (Сахих Бұхари).

Басқа хадистерде былай келтірілген:

Бірде Пайғамбарымыздан (ﷺ):

«Рамазан айынан басқа қай айда ұстаған ораза құнды?» - деп сұрайды. Сонда ол: «Рамазанның алдындағы Шағбан айында ұстаған ораза», - деп жауап берген екен».

Пайғамбарымыздан (ﷺ) оразаның көптігінің себебін сұрағанда, ол (ﷺ) былай деп жауап берген:

«Ережеп пен Рамазанның арасында адамдар көңіл аудара бермейтін бір ай бар» (Сунан Насаи).

Сондай-ақ, Пайғамбарымыздың (ﷺ) былай айтқаны да келтірілген:

"Алла періштелерге осы жылы дүниеден озатын адамдардың есімдерін жазуға бұйырады. Егер маған өмірден озу осы жылы бұйырылып тұрса, онда мен Алланың алдына ораза ұстаған күйде барғым келеді» (Муснад Әбу Яля).

Осы хадистің басқа бір нұсқасында Алла Елшісі (ﷺ) былай айтқан:

«Осы айда адамның амалдары Аллаға көтеріледі. Мен ораза ұстап жүргенде амалдарымның көтерілуін қалар едім».

Жоғарыда келтірілген хадистердің бәрі  Шағбан айында ораза ұстаудың парыз болып табылмайтынын, алайда соншалықты маңызды екендігін, өйткені Пайғамбарымыздың (ﷺ) өзі осы кезде құлшылықты көбірек жасап сый алуға тырысқанын көрсетеді.

Сонымен қатар, Шағбан айында ораза ұстаушыларға ұстамды болуға әрі Рамазан айының парыз оразасын ұстауға күш-жігер қалдыруға үндейміз. Егер адамның денсаулығы сондай мықты болмаса, онда Шағбан айында ораза ұстамауына болады, өйткені Рамазан айындағы парыз ораза Шағбан айындағы қалаулы оразадан маңызды екенін есімізден шығармайық. Пайғамбарымыздың (ﷺ) өзі осы айдың соңында сахабаларына ораза ұстауға тыйым салып отырған:

«Шағбан айының бірінші жартысы өткен соң ораза ұстамаңдар».

Енді бір хадисте Пайғамбарымыздың (ﷺ) былай айтқаны келтірілген:

«Бір немесе екі оразамен Рамазан айының алдын орамаңдар».

Жоғарыда келтірілген хадистердің мағынасы мынада: Пайғамбарымыз (ﷺ) Шағбан айының басым көпшілігін ораза ұстаумен өткізген, өйткені бұл ораза оның Рамазан айында ораза ұстауына кедергі келтірмейтініне сенімді болған, алайда басқа адамдарға бұл айдың екінші жартысында ораза ұстамауды ұсынған, өйткені Алла Елшісі (ﷺ) адамдардың қасиетті Рамазан айының оразасын ұстауға күш-жігерлері жетпей қала ма деп қауіптенген.

asyldin.kz

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: