Сезімтал бала

Сезімтал бала

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Қанша ұйықтауға тырысса да аштықтан әл-дәрмені қалмаған Алла елшісінің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) көзіне ұйқы кірмеді. Бұратылып ары жатты, бері жатты. Соңында болмаған соң сыртқа шықты. Дала қап-қараңғы. Айнала жым-жырт. Елжұрт тегіс ұйқыда. Кенет көше бойымен келе жатып, біреудің қараңдаған бейнесін байқады. «Келе жатқан кім болды екен?» – деп зер салып қарағаны сол, дереу тани кетті. Қашан да қасынан табылған өзінің жан досы Әбу Бәкір (р.а.) екен. Алла расулы сәлемдескеннен кейін:

− Уа, Әбу Бәкір, түннің бір уағында неғып жүрсің? – деп сұрады.

− Үйде тіске басар азық таппадым. Көзіме ұйқы кірмеген соң біраз жүріп қайтайын деп сыртқа шықтым, − деді. Осы сәт қараңдаған тағы бір адамның сұлбасы байқалды. Хазірет Омар (р.а.) екен. Беймезгіл уақытта көше бойында тұрған екі досын көріп, таңғалған күйде қастарына келді. Бәрі амандасқаннан кейін Пайғамбарымыз одан да:

− Уа, Омар, түн жарымында неге көшеге шықтың? – деп сұрады.

− Уа, Алланың елшісі, шынымды айтсам, аштықтан көз іле алмадым.  Сол кезде Пайғамбарымыздың есіне Әбу Хәйсәм түсе кетті. Үйі де осы маңайдан алыс емес-ті. Күндіз бақшасында жүргенін көрген еді. Ең болмаса қонақтарына құрма ұсынар деген ниетпен достарына:

− Жүріңдер, Әбу Хәйсәмнің үйіне барайық, – деді. Үшеуі Әбу Хәйсәмнің есігінің алдына келді. Үйдегілер қалың ұйқыда жатқан еді. Алдымен есікті хазірет Омар (р.а.) қақты. Зор даусымен:

− Уа, Әбу Хәйсәм, есігіңді аш! – деді. Әбу Хәйсәм да, әйелі де оянбады. Бірақ қастарында жатқан 5-6 жасар ұлы төсегінен қарғып тұрып:

− Әке, хазірет Омар келіп тұр, – деді. Ұлы түс көріп ұйқысыраған шығар деп әкесі:

− Жата ғой балам, түн жарымында Омар келді дегені несі, – деп баласын жатқызып қойды. Үйден тырс еткен дыбыс шықпаған соң, есікті хазірет Әбу Бәкір (р.а.) қағып:

− Уа, Әбу Хәйсәм, есігіңді аш! – деді жұмсақ даусымен. Әбу Хәйсәм мен әйелі тағы да ояна қоймады. Кішкентай бүлдіршін қайтадан орнынан атып тұрып:

− Тұрыңызшы, хазірет Әбу Бәкір келіп тұр, – деді. Баласы әлі ұйқысырап жатыр деп ойлаған әкесі баласын тағы жатқызып қойды. Бұдан кейінгі естілген дауыс әлемдегі барлық жаратылысты дүр сілкіндірген Алла елшісінің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) даусы еді:

− Уа, Әбу Хәйсәм! Есігіңді аш! Ардақты пайғамбардың даусын естіген бала төсегінде жата алмады. Орнынан ұшып тұрып, әкесін де күтпестен есікке тұра ұмтылды. Жүгіріп бара жатып:

− Әке, тұрыңыз, ардақты Пайғамбарымыздың өзі есікті қағып тұр, – деді. Әбу Хәйсәм ұйқылы-ояу өз көзіне өзі сенбей, біраз абдырап қалды. Түннің қараңғылығын нұр жүзімен сейілткен Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) қасында екі досымен есіктен кіріп келе жатты. Әбу Хәйсәм қонақтарын төрге шығарып, өзі сыртқа жүгіріп барып, бір лағын бауыздады. Әйелі дереу тамақтың қамына кірісті. Көп ұзамай дастарқан жайылып, ыстық тамақ та келді. Шаңырақ иелері қадірлі қонақтардың келгеніне мәз-мейрам. Бұндай құрметті кісілердің үйлеріне келгенін өздеріне абырой санап, дастарқанға барын қойды.

Бәлкім, мұндай сәт өмірлерінде енді қайталанбас. Сол үшін үй иелері шамалары келгенше қонақтарды риза етуге тырысты. Тамақ, сүт, артынан құрма әкелінді. Қонақтар тамақтанып әлденіп алды.

"Исламдағы бала тәрбиесі" кітабынан

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: