Қиямет күні Сират көпірінен өтуге көмектесетін 5 амал

Қиямет күні Сират көпірінен өтуге көмектесетін 5 амал

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Қазіргі таңда бәрін біліп-көріп жүрген, сізге етене таныс дүниелердің бәрі - үйіңіз, қалаңыз, тіпті табиғат көрінісі де күндердің күнінде адам танымастай болып өзгеріп кететінінен хабарыңыз бар ма? Сіз әлдебір адам айтса нанғысыз фантастикалық фильмнің куәгері болып шыға келесіз. Физика заңдылықтары іске аспай қалатын бұл неткен күн? Бұл – Қиямет күні...

Жер жүзі әдеттегі қалпынан айырылады. Кезінде біздің иелігімізде болған дүниелердің бәрі келмеске кетеді, ал біздің назарымыз тек үш нәрсеге ауады. Олар: Жұмақ, Тозақ оты және Сират көпірі.

Өзіңізді дәл қазір сол Сират көпірінің үстінде тұрғандай елестетіңізші. Көпірдің астында – Тозақ оты, ал арғы бетте – Жұмақ. Бұл баянсыз өмірде қаншалықты тақуа немесе күнәһар болғанымызға қарамастан, алдымен бәрімізге де осынау Сират көпірінен өтуге тура келеді.

Бізге тек Алла Тағаланың мейірімі ғана көмектесе алады әрі Ол әр күні бізге осы көпірден қалай өту керектігі жөнінде нұсқаулар беріп отырады. 

Күнделікті неше мәрте біз Алла Тағаладан: «Бізді тура жолға сала көр!» (1:6) деп сұраймыз.  Бұл жерде сөз болып отырған осы дүниенің рухани жолы, Құранның жолы және Алла Елшісінің (ﷺ) сара жолы. Міне, дәл осы жолдар бізді Сират көпірінен өтуге дайындайды. Қиямет күні біздің Сират көпірінен сүрінбей өтуіміз, осы дүниедегі рухани жолымызды қалай жүріп өткенімізге байланысты болмақ. 

Әбу Саид әл-Худри (р.а.) былай айтқан: «Сират көпірі қылдан жіңішке, семсерден өткір».  Ешбір пенде бұл көпірден өтпей қоймайды.  Көпір бойына бізді кедергілер мен тұзақтар күтетін болады, олар кімнің пешенесіне Тозақ отына жану жазылған болса, солар тұзаққа түсіп, отқа лақтырылып отырады. Бұл бақытсыздар Тозаққа қарай 70 жыл бойы құлдилап ұшатын болады.

Алайда Сират көпірінен әлдебір серуенге шыққандай болып өте шығатындар да болады. Олар Жұмаққа қарай желдің не болмаса жарықтың жылдамдығындай шапшаңдықпен зу ете қалады.

Көпірдің біршама жерінен өтіп, тастай қатып ары қарай жылжый алмай қалатындар да болады. Біздің жақсы амалдарымыз Сират көпіріндегі қозғалысымыздың кепілі болып табылады. Ал біздің жақсы амалдарымыз таусылғанда, біздің көпір үстіндегі жүрісіміз де аяқталып, қақиып тұрамыз да қаламыз.

Қиямет күні біздің жарық нұрымыз болатын - бұл өмірдегі жақсы амалдарға біз мұқтажбыз. Біздің жақсы амалдарымыздың нұры Сират көпірінен өтудегі демеуіміз болады, өйткені Қиямет күні одан өзге жарық болмайды. Тозақ отының үстінен тартылған Сират көпірінен жарықсыз жүру – екі есе қауіпті.

Сират Көпірінен өту үшін жеткілікті нұр жинауға көмектесетін 5 амал:

1. Алла Елшісі (ﷺ) былай айтқан: «Кімде-кім «Кәһф»сүресін жұмаға қараған түнде оқыса, Қағба мен оның арасында болатын нұрға бөленеді»(Байхакы). «Кәһф» сүресін күнделікті оқуды әдетіңізге айналдырыңыз.

2. «Ақ шашыңызды жұлмаңыз. Ақиқатында, ақ шашыңҚиямет күнгі нұрың болады» (Әбу Дәуд). Самайымызды қырау шалып, шашымыздың ағарғанын көргенде бұл өмірдің тез-ақ өте шығатынын түсінеміз де өлімді еске аламыз.

3. «Намаз – нұр, садақа – дәлел, ал сабыр – сауле» (Мүслим). Намаздың нұры, садақа мен сабыр Қияметте сізбен бірге болып, сізді де, сіздің жолыңызды  жарықтандыратын болады.

4. «Кімде-кім мұсылман бауырына көмектесуге шығып, оған көмектеспейінше, Алла табандар таятын күні, оның табанын таймастай нығайтып қояды» (ат-Табарани).

5. «Таң атысымен әркім денесінде қанша буын болса сонша садақа беруі тиіс… бірақ мұның бәрін таңғы ерікті қосымша екі ракағат «ад-Дұха» намазы  алмастыра алады» (Әбу Дәуд, Мүслим).

Сират көпірінен бірінші болып өтетін кім? Алла Елшісі (ﷺ). Пайғамбарымыз (ﷺ)  көпірдің бір басында тұрып, Алла Тағаладан оның (ﷺ) үмбетін аман-есен көпірден өткізуін тілеп тұратын болады.

Пайғамбарымызға (ﷺ) Жұмақ нәсіп етілген, Сират көпірінен өте шығып ол (ﷺ)  тікелей Жұмаққа кіріп кетуіне болушы еді, алайда біз көпірден өтпейінше адамзаттың асылы (ﷺ) орнынан қозғалмайтын болады. Алла Елшісі (ﷺ) көзінің тірі кезінде үмбетінің әрбір мүшесі үшін уайымдап кетсе, о дүниеде де біз үшін қамығатын болады.

«Фатиха» сүресін оқыған сайын көз алдарыңызға Сират көпірі мен оның тұзақтарын елестетіп отырыңыздар, бұл сіздерге баянсыз дүние қызығына берілмей, мол жарық жинауға көмектеседі.

asyldin.kz

 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: