Мұсылман 3 жағдайда қайыр сұрай алады

Мұсылман 3 жағдайда қайыр сұрай алады

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Алла Елшісі (ﷺ): «Ақиқатында, Алла игілікті бұйырды», - деген. (Мүслим).

Алла Тағала Қасиетті Құранда былай айтқан: «Негізінде Алла әділетті, игілікті және ағайынға қарайласуды бұйырады...» (16:90).

Ихсан – дегеніміз өте кең ұғым. Ол істерді уақытында, ережелер мен үздік стандарттарға сай толық, сапалы әрі лайықты түрде жасауды білдіреді. Ихсанды қолданушы мұсылман өмір бойы өз істеріне жауапкершілікпен қарап, олардың сапалы жасалуына тырысады. Егер жұмысы сапасыз немесе кешігіп жасалар болса, ол тыныш таппайтын болады, тіпті ыдыс жууда болсын немесе жаттығулар жасауда болсын, өйткені мұсылманның өміріндегі әрбір іс ихсанмен жасалуы тиіс.

Алла Елшісі (ﷺ) былай айтқан: «Алла істердің кемеліне жеткенін жақсы көреді» (Мүслим). Сондай-ақ: «Барлық істі Алланы көріп тұрғандай лайықты түрде жаса, сен Оны көрмесең де Ол сені көреді» (Бұхари).

Сонымен қатар, ихсанның өзін-өзі қамтамасыз етуге де қатысы бар. Мұсылман қажетті шаруасын біреу жасап берсін деп, адамдарға аузын ашып отырмауы керек. Мұсылман адам дами отыра өз шамасын жүзеге асыруға тырысуы қажет.

Алла Елшісі (ﷺ): «Қайыр-садақа сұрау тек үш жағдайда ғана мүмкін: кімнің ішер суы, жейтін тамағы, киер киімі болмаса; қарыздан шыға алмай жүрген жан немесе дертінен айыға алмай азап шегіп жүрген науқас адам» (Байхаки, Әбу Дәуд).

Алла Елшісі (ﷺ) мұсылмандарды өзіне серт етуге үндегенде: «Тек Аллаға ғана және Одан басқа ешкімге құлшылық етпейміз деп, бес уақыт намаз оқимыз деп, билеушіні тыңдап әрі бойұсынамыз деп, сондай-ақ, адамдардан ештеме сұрамаймыз деп Алла Елшісіне серт бересіңдер ме?» - деп айтқан екен (Мүслим).

Бұл хадисте сұрамшақтық сөз болып отырған жоқ, керісінше, өзіңнің әлін келіп, өзің  жасай алатын істе біреудің көмегіне жүгінбе деп айтылған. Пайғамбарымыздың (ﷺ) сахабалары бұл хадисті тереңінен түсініп, тіпті бір-бірінен көмек сұрауды қойған екен. Мысалы үшін, біреуі аттың үстінде отырып, бір затын түсіріп алса, маңайында жүрген көп адамдардан көмек сұрамай, өзі аттан түсіп затын көтеріп алатын болған. Ауф бин Мәлік (р.а.) былай айтқан: «Бұл сөздерді естігендер аттың немесе түйенің үстінде отырып, қамшыларын түсіріп алса, біреулердің әперіп жіберуін сұрамай, өздері алатын болғандарын көрдім».

Көптеген мұсылмандар хал-ахуалын айтып шағымданады, бірақ жақсы оқып, жақсы жұмыс істеп, қосымша табыс көздерін іздеуге, мұқтаж жандарға көмектесетіндей жобалар ұйымдастыруға талпынбайды.

Қазіргі таңда кім ең үздік автомобильдер мен электрониканы шығарады? Мұсылмандар ма? Өкінішке орай, кейбір мұсылмандар еңбек және өндіріс мәдениетінен айырылып қалған, өйткені Алла Елшісінің (ﷺ) істі кемеліне жеткізіп жасау керек деген сүннетін ұмытқан.

Сол себепті келесі жолы мұсылмандардың қорланған жағдайы туралы айтпас бұрын, өзімізбен бірге үмбет те кемелденсін десек - өзімізге есеп беріп, өзімізді кемелдендіруге тырысайық.

 

asyldin.kz

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (1)

Оқи отырыңыз: