Исламда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тыйым салынған ба?

Исламда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тыйым салынған ба?

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Үйде болсын, не тыста болсын зорлық-зомбылық көрсетуші өз әрекеттерін көбіне бұрмаланған аяттардың түсіндірмелеріне, әлсіз хадистерге немесе нақты бір адамдардың пікірлеріне жүгіне отырып, әрқашан ақтап алып отырады. Өз агрессиясын ақтап, кінәлік сезімін арқаламас үшін ол осы дәлелдерді желеурететін болады.

Алайда қандай түсіндірме болмасын, зорлық-зомбылық көрсетілуі мүмкін деп көрсетілген хадис болмасын, зорлық-зомбылық рұқсат етілген деп санайтын қандай «білгіш» болмасын, ең бірінші, сіздер мынаны естен шығармаңыздар, Исламның негізгі ойы – жоғары адамгершілікке, сүйіспеншілік пен төзімділікке үндеу болып табылады, яғни, зорлық-зомбылық көрсетіп, агрессия танытқысы келетіндер қолданатын ұсақ дәлелдерге қарама-қайшы келеді.

Ешкімде әйел, бала-шағасын хадисте немесе аятта солай айтылған деп ұрмайды, алайда өз құмарлықтарын қанағаттандыру үшін ұрады да содан кейін ғана әлдебір деректерге жүгіне жөнеледі. Сонымен, Ислам үйдегі зорлық-зомбылыққа рұқсат еткен бе? Бұл сұраққа тек отбасы мен күш қолдану туралы айтылған Құран аяттары мен хадистерді келтіре отырып жауап беруге болады.

 

1. Ислам ерлі-зайыптылардың арасындағы мейірбандық пен сүйіспеншілікті некенің негізі деп қарастырады

Қасиетті Құранда: «Сендерге, оған тұрақтауларың үшін өз жыныстарыңнан жұбайлар жаратып, араларыңа сүйіспеншілік, мейірімділік пайда қылғандығы да Оның белгілерінен. Сөз жоқ, осыларда ойланған елге белгілер бар» (30:21), - делінген.

 

2. Ислам зұлымдық пен жәбір көрсетуді айыптайды

Абдулла бин Амр (р.а.) Пайғамбарымыздың (ﷺ) былай айтқанын келтірген: «Мұсылман адам өзге мұсылмандарға тілімен де, қолымен де зиян келтірмейді, Алланың тыйым салғанын жасаудан бас тартқандар, Алла үшін қоныс ауыстырған мұхажир болып табылады» (Бұхари).

 

3. Ислам тұрмыстық зорлық-зомбылыққа  тыйым салады

Әбу Дәуд пен ад-Дарими келтірген хадисте былай айтылған: «Алланың құлдарын ұрмаңдар».

Тағы да былай айтылған: «…әйелдерді ұрмаңдар да оларға тіл тигізбеңдер» (Әбу Дәуд, 2137 пен Насаи, 2057, бұл хадис «хасан» деп танылған).

Сондай-ақ, хадистердің бірінде әйелін ұрған еркекке Пайғамбарымыз (ﷺ) Алланың қаһарын төгуін сұрағандығы келтірілген (хадис Ахмадтың «Муснадында», 1303 келтірілген).

 

4. Құранда зорлық-зомбылыққа орын жоқ делінген

 

«Еркектер; әйелдерді билеуші. Өйткені Алла, бірін-бірінен артық қылды. Сондай-ақ олар; малдарынан да пайдаландырады. (Әйелдерге мәһер, нафақа береді.) Ал енді жақсы әйелдер; бой ұсынушылар, Алла қоруға бұйырған көмескі нәрселерді (абыройын) қорғаушылар. Ал сондай-ақ әйелдердің бас тартуларынан сезіктенсеңдер, сонда оларды насихаттаңдар және оларды төсектеріңде тастап қойыңдар. (Одан болмаса) оларды сабаңдар. Ал егер олар сендерге бой ұсынса, онда олардың зиянына бір жол іздемеңдер. Расында Алла өте жоғары, тым ірі» (4:34).

Жоғарыдағы аятта Алла Тағала айтқандай, еркектер әйелдердің билеушілері болып табылады, ал әйелдер күйеулері жоқта абыройын сақтап, мал-мүлкін қорғауы  тиіс, егер олар бойұсынбаса, онда, бірінші кезекте, еркектер оларды насихаттауы керек, содан кейін олардан бойын аулақ салып, мұндай мінез-қылыққа рұқсат етілмегендігін және мұның салдары екі жаққа да жағымсыз болатындығын нақты да ашық түрде түсіндіруі қажет.

Мұндай пікірлерді Рагиб пен Замахшари имамдар да ұстанады. Олардың айтуынша, «сабаңдар» деген аударма аяттың шынайы мағынасына сәйкес келмейді. Ал келесі аятта алауыздықты шешу үшін әйелі мен күйеуі жақтан төрешілер тағайындау керектігі айтылған. Мұның бәрі тек әйел өз мінез-құлқын түзетпегенде ғана есепке алынып жасалатын болады.

5. Пайғамбарымыз ()  әйелдеріне ешқашан қол көтерген емес

Айша анамыз (р.а.) Пайғамбарымыз (ﷺ) туралы былай айтқан: «Пайғамбарымыз Мұхаммед (ﷺ) ешқашан не әйелдеріне, не қызметшілеріне қол көтерген емес. Тек соғыста әділдік жолын қорғау қажет болғанда болмаса, басқа кезде ешқашан ешкімді ұрмаған».

Алла Елшісі (ﷺ) көркем мінезсіз иман толыққанды болмайды, ал өз отбасына лайықты түрде қарайтындар, міне солар ең көркем мінезділер деп айтқан болатын. Үй зорлық-зомбылығы – өздерін мұсылмандар қатарына жатқызатын адамдардың арасында әлі күнге надандықтың белгісі ретінде сақталуда.

Бәлкім, әйелін ұрып-соғатындар мен үй-ішіне жәбір көрсететіндер бәрібір өздерін ақтап алады әрі «тиісінше түсініктеме» де тауып алады, алайда ең тақуа мұсылмандардың үлгісі мен Сүннет қарама-қайшы жағдайды дәлелдеп көрсетеді – шынайы Ислам ешбір зорлық-зомбылық түріне сәйкес келмейді, әсіресе, зорлық-зомбылық әйелдер мен балаларға қатысты көрсетілер болса. Және де ешбір «дәлел» бұл шындықты тұмшалай алмайды.

 

asyldin.kz

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: